Оянбаған қазақтар – жоғалған қазақтар
Тәуелсіздіктің халықаралық қалыпқа түскен төрт шарты бар: ол – территория тұтастығы, экономикалық тұтастық, тіл тұтастығы және мәдениет тұтастығы.
Ойлап көрсек, территория тұтастығы орнықты. Экономика тұтастығы қалыпқа түсіп қалды. Мәдениет тұтастығында олқылық бар. Тіл тұтастығына келгенде ұяттымыз. Неге?
Бір патша: «Есегіме тіл үйретіп беріңдер, оны орындағандарға ат басындай алтын беремін, орындамаса басын аламын», – деп жарлық шашыпты. Оған ешкімнің батылы бармағанда, Қожанасыр: «Маған 20 жыл уақыт беріңіз, есегіңізге тіл үйретіп беремін», – депті. Көршісі: «Қожеке, оныңыз не, есекке қайтіп тіл үйретесіз?» – дейді. Қожанасыр: «20 жылда не есек өледі, не мен өлермін, не патша өледі. Бітті емес пе?» – деген екен. Қазақстандағы ана тілін білмейтін кәрі қазақтар 20 жылда дүние салса да, жас ұрпақты қайтеміз? Тәуелсіздікпен жасты жастарымыздың ана тілін білмейтіндері баршылық. Олардың обалына орыстілді ата-анасы қалып отыр. Балаларымен үйде орысша сөйлеседі, орыс мектепке, орыстілді балабақшаға береді. Біз бірталай қазақтан айырылып қалдық – ана тілін мүлде білмейтін қазақтар ұлтының тарихын, салт-дәстүрын қайтіп біледі? Оларда нағыз қазақтың мінезі бола ма? Оларды қазақ деуге қайтіп тіліміз барады? Екіншіден, шетелге көшіп барып, тілі, діні, ділі бөлек басқа ұлтқа қызын беріп, келін түсірген қазақтар жетерлік. Олардың ұрпақтары сол елге сіңіп кетті. Ондайлар Қазақстанның өзінде де бар. Олардың ұрпағын қазақтың санына қосуға бола ма?
Рухани жаңғыруда біз нені жаңғыртамыз? Ең әуелі өзгеріп бара жатқан ұлттық мінезді, тілімізді, мәдениетімізді, ұлттық әдет-салтымызды, бұрмаланған тарихымызды басты түйін етіп жаңғыртамыз ғой. Оны кімдер жаңғыртады? Қайтіп жаңғыртады? Шешуші түйіндер қайсы? Ол ең әуелі ақпараттық үгіт-насихат салалары, ашып айтқанда телеарналар, газет-журналдың баспасөз қайраткерлері, оларға ұйытқы болатын маңызды орынның бірегейлері.
Тарихтың шындығы тарихты жаңғыртқанда ғана жазылып, анығына барады. Оны кімдер жүзеге асырады? Әрине, шынайы тарихты қарымды қаламгерлер жүзеге асырады. Ғылыми айтыс-тартыс болғанда ғана шындық көзін ашады. Менің Қытайдағы студент кезімде М.Әуезов пен бір сыншы Мұқаң қолданған «Оның арының маңдайы – жез еді» деген сөйлем төңірегінде «Қазақ әдебиетінде» бір жыл айтысып, Мұхтар оның дұрыстығын дәлелдеп, жеңіске жетті. Кейінгі бір жылдары Оралхан Бөкей мен Тахауи Ахтанов «бой суыту» деген сөздің мағынасы туралы «Қазақ әдебиетінде» бір жылдай айтысып, Тахауидың айтқаны дұрыс болды. Мұндай ғылыми айтыс болмаса, жастар оны қалай түсінер еді?
Ал енді тарихты көркем шығармаға сіңіру туралы сөзге кезек берсек, көркем шығарма тарих пен педагогиканың жүгін көтере алмайтынын әдебиеттанушы ғалымдар айтып жүр. Кейбір тарихи романдарды оқысаң, көркем шығарма емес, тарих оқығандай болып қаласың. Осы жайлы да ұқсамаған ойлар өмір сүруде.
Ғылым-білімге жетелеп, жас ұрпақты кімдер жөнге салады? Тәрбиені отбасы тәрбиесі, мектеп тәрбиесі, қоғамдық тәрбие деп үшке бөліп жүрміз. Сонда қайсысы шешуші рөл атқарады? Бұл жөнінде де көзқарастар ұқсамайды. Ойлап көрсек, отбасы тәрбиесі мен мектеп тәрбиесі бастамашы болатындай. Себебі қоғамдағы теріс құйынға алдыңғы екі тәрбиені мықты алған ұрпақ қайыспай төтеп бере алады. Ұяда жақсы шайқалмаған жұмыртқадан дені сау шөже шықпайды. Жас ұрпақ – жас шыбық сияқты, қалай егілсе – солай қисаяды. Сондықтан «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген ұлы дала ғұламалары. Ғылым мен білімнің бірқанша саласы бар, оны жастарымыз қалай түсініп жүр? Отбасы да, мектеп те тәрбиені не арқылы береді? Әрине, тіл арқылы. Тал бесіктен бастап, өзге тілде тәрбие берілсе, ол ұрпақ кім болып шығады? Қоғамдық тәрбиедегі тіл тұтастығының шамасы белгілі болып тұр ғой. Сондықтан рухани жаңғыруда ең әуелі қазақ тілін жаңғырту аса маңызды емес пе?
Ғылым мен білімнің барлық саласына жастарымыз қанық болуы керек. Әдебиет, тілтану ғылымның тұңғышы – лексика, фонетика, грамматика, логика білімдерін жас ұрпаққа қазақ тілінде жарытып үйрете алдық па? Әй, оған күмәндіміз. Президент Қ.Тоқаев: «Қазақтың болашағы – қазақ тілі», – деді. Бұл – биліктің орасан зор қолдауы. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, қазақ тілінің қақпасын ашып, неге кіріспеске? Мәдениет, әдебиет, өнердегі жоғымызды жоқтап, дүниеден өткен ұлы тұлғаларымыздың аруағын оятып жатырмыз. Қазақ тілінің рөлі ол үшін де аса зор.
Қазақ халқы өзінің ұлттық мінезін, ұлттық тарихын, ғұрып-әдет, салт-дәстүрін, өнер-білімін ұлттық киносына сіңіру, ұлттық бояуын қанықтыру арқылы қазақ тілінің деңгейін биіктете алады. Қазақ тілі кино әдебиетіне қызмет ете алмаса, несіне қазақ тілінің мәртебесін көтереміз деп алашапқын боламыз? «Қазақтың болашағы – қазақ тілі» қайтіп болады? Рухани жаңғырудың ұйытқысы қазақ тілі екенін неге ескермеске?
Мен «Ана тілі» газетіне «Сөз қадірін кетірмейік» деген мақала жазып, тілдегі бірқанша түйткілді мәселені дәлелдеп айтқанмын. Менен басқа да тіл жанашырлары тілдегі түйткілдер туралы көзқарастарын айтып та, жазып та жатыр. Әлде газет оқымай ма, телеарналардың кейбір жүргізушілері тыңдамайды. Мысал үшін бұрынғы айтылғандардың бір-екеуін атайын: «бес бармақ жеу» дейтін сөз тіркесі пайда болды. Оны қайдан тауып алғанымыз беймәлім. Бармақ бесеу болушы ма еді? Бір қолда бір ғана бармақ болмай ма? Бір қолда бес саусақ болады ғой. Ал оны былай қойғанда, қонақтарға ет асып беру керек пе? Бармақ асып беру керек пе? Асқан еттің орнына – «бес бармақ» дегенді қолдану тіл ғылымына қайшылық жасағандық емес пе?
Жақында бір телеарнада шетелден келген мәдениеттанушы ғалым: «Қазақ халқы өте меймандос екен. Маған бесбармақ асып берді. Ұлттық тағамдары керемет дәмді, түрі тым көп екен», – деп тамсанды. Оған да өзіміз үйретіп отырмыз. Қазіргі біздің дастарханымыздағы аста-төк тағамдардың барлығы түгелдей ұлттық тағамдарымыз емес. Өзге ұлттардың ұлттық тағамдары араласқан. Оған да өзіміз айтып отырмыз ғой. Ал шетелдік ғалымдар қазақтың тұрмыс салтын өзінен үйреніп алып, өзіне қайта таныстырады. Онысы жөн болсын-ақ, ал қате насихаттаса не дейміз? Мысалы, «Қыз қуу» салттық ойынын таныстырғанда «жігіт қызды қуалап барып бетінен сүйеді екен» дейді ол ғалым. Онысы шылғи өтірік емес пе? Қыз бен жігіт көмбеге барғанша әзілдесіп бара жатып, жітіт қыздың бетінен сүйеді. Көмбеден қайтқанда қыз жігітті қуады, аты жетсе жігіттің қылығына қарай қамшысымен жоталата ұрады, жігіт дөрекілік жасамаған болса, қамшыны басынан үйіріп, жігітті өз тобына жеткізіп қояды. Бұл ағаттыққа не дейміз? Кешіруге болатын қателік пе? Қазіргі жастарымыз оның қателік екенін білмей қабылдап алса, не бетімізді айтамыз?
Шетелдік ғалымдардың киіз үй туралы түсінігінде де ағаттықтар жетерлік. Құдай-ау, өзіміздің мәдениет, өнертанушы, тарихшы ғалымдарымыз, атақты ақын-жазушыларымыз құрып қалғандай, тарихымызды, мәдениет, өнерімізді таныстыруға келгенде шетелдік ғалымдарға неғып құштар болып қалдық? Бұл қателік жай ғана сауатсыздық емес, қазақ тілінің заңдылығына қайшылық жасалған ауыр қылмыс деуге болады. Тележүргізушілеріміздің өзі сол сөздің мәнісін түсінбей айта салады. Оны тыңдап отырғандар да сөздің мәнісін білмегендіктен айта салады. Біздің тележүргізушілеріміздің көбі жастар. Оларды тіл ғылымының заңдылықтарын жетік білуге баулу керек. Мұндай сөз, сөйлемнің мәнісін түсінбей қолданып жүргендер толып жатыр. Ол түзетілмей кете берсе, қазақ тілінің мәртебесін қайтіп көтереміз?
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайлы қаламгерлер аз айтып, аз жазған жоқ. Қазір қазақ тілінің мәртебесі бұрынғыға қарағанда жақсарып қалғанымен, тіл тұтастығының толымы әлі айтарлықтай олқы болып тұр. Ендеше қайтпек керек? Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды. Одақ кезінде кейбір қазақтардың жанбағыс үшін орыстанып кеткенін түсінуге болады. Ал отыз жыл аз уақыт па? Орыстілділер қазақ тілін үйрене алмаса да, балаларының қазақ тілін үйренуіне неге жол қоймайды? Қазақ тұрып, қазақты, қазақтың тілін менсінбеуді қалай түсінуге болады? Онысы өте тоңмойындық емес пе? Тәуелсіздік алған жылы туған кейбір қазақтың қыз-жігіттеріне қазақша тіл қатсаң, екі иығын қомдайды.
Қазақ болу намыс па? Ана тілін білмеу намыс емес пе? Соны түсінбеген қазаққа не дейсің. Мұның басты себебі неде? «Қисықты түзету үшін асыра ию керек» дейді үйағаш жасайтын шеберлер. Қазақ тілі тым қисайып алған. Оны түзету үшін де асыра июді қажет етеді. Оның екі-ақ жолы бар. Біріншіден, қазақ тіліне енді жалтақтамай, толық көшу қажет, екіншіден, қазақ тіліне деген қажеттілік күшейтілуі керек. Қажеттілікті қайтіп күшейтеміз? Президент болу үшін қазақ тілінен емтихан алынады ғой, ендеше өзге де биліктің маңына келетіндерден неге қазақ тілінен емтихан алмасқа? Қытайда «қытай тілін үйрен» деп жалынбайды. Бұрын мансап беру үшін қытайдың тіл-жазуын білуді талап ететін, енді жұмысқа алу үшін де қытайдың тіл-жазуын білуді талап ететін болды. Мұғалімдер жаратылыстану пәндерін қытай тілінде өтетін болды. Бұл талапты орындай алмаса, оқытушы бола алмайды. Демек, қытай тіліне деген қажеттілік мықты болған соң, оны үйренбей қайтеді? Біз қазақ тіліне деген қажеттілікті осындай жолдармен күшейтсек, бір жылға жетпей-ақ қазақ тілінің мәртебесі көкке көтеріледі. Мұнан өзге шығар жол жоқ. Мұны отыз жылдан бергі жағдай толық дәлелдеді. Бұрын қазақ тілін білмейтін атақты ақын Олжас та, президентіміз Қ.Тоқаев та қазір қазақша сайрап тұрмай ма? «Қазақтың болашағы – қазақ тілі» екенін естен шығармайық, ағайын! Рухани жаңғырудың ұйытқысы – қазақ тілі. Бұл мәңгілік ұранымыз.
ХХІ ғасырда да тәуелсіз елімізде қазаққа «ояну» аса қажет болып тұр. Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» дегенде, қанша қазақ оянды? Мөлшермен 20 пайыз қазақ оянған шығар. Негізінен, Алаш зиялылары бастағандар оянды. Олар қазаққа тәуелсіздік алып беру үшін өлімге бастарын тікті. Бүкіл қазақты оятуға тырысты. Бірақ империялық саясат оған жол бермеді. Қызыл билік оянған қазақтарды қырына алып, қан қасапқа айналдырды. Ақыры Алаш арыстарының түбіне жетіп тынды. Ал бүгінгі заман басқа. Тәуелсіздік қазақтың маңдайына жазылған бақыт болды. Сондықтан «Тәуелсіздіктен құнды еш нәрсе жоқ» деп жабыла айтып, жазып жүрміз.
Қазіргі заманда «оянған» қазақ қаншалық? Оянбағандар жоқ па? Менің ойымша, 70 пайыз қазақ оянды. 30 пайыз оянбағандар бар. Неге десеңіз, биліктің ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухани жаңғыруды қолдап-қуаттауы, ұлтжанды зиялы қауымның, әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің көбейіп тізе қосуы, аса көпсанды қарапайым халықтың олардың тасқынына қосыла жосуы «оянудың» толқынын байқатады. Енді «оянбаған» қазақтар кімдер? Олар: Отанын тастап, шетелге қашып барып, жат жұртқа сіңіп кетіп жатқандар, қазақ болудан, қазақ тілін білуден жиіркенетіндер, жат жұрт болып тіршілік етуді мақтаныш көретіндер, өз ұрпағына опасыздық ететін көкек аналар, ұлттық құндылықтардан бойын аулақ салып, ар-ұяттан безген, көшеге тыржалаңаш шығып жүрген жеңіл жүрісті қыздар, діннің теріс ағымына бой ұрып, террориске айналып кеткендер, асқынған жемқорлар мен тым сұрқия алаяқтар, ауыр қылмыс жасап, өмір бойы түрмеде отырғандар. Осы сияқты қазақтарды «оянбаған қазақтар» демей, не дейміз? Бұлар, жоғарыда айтылғандай, біздің жоғалтқан қазақтарымыз. Ендігі жастарымыздың оянбай қалуынан сақтану үшін қазіргі ғасырда да «Оян, қазақты» құптаудың, насихаттаудың маңызы зор.