Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

“Ойланбай жасалған”: Қытайда түсірілген видеосы үшін блогер кешірім өтінді

Блогер
Фото: БАҚ

Қытайда түсірілген пранк-видеосы үшін ел назарына іліккен қазақстандық блогер қоғамнан кешірім сұрады.

Полиция өкілдері блогермен профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізді.

"Менің видеом ешкімді ренжіту мақсатында түсірілмеді. Бұл ойланбай жарияланған жазба болды. Егер біреуге әсер етіп, көңіліне тисем, кешірім сұраймын. Енді контент жариялау мәселесіне әлдеқайда жауапкершілікпен қарайтын боламын", - деді блогер.

Еске салайық, Қытайдың Гуанчжоу қаласында пранк түсірген қазақстандық блогер ел назарын аудартқан еді. Sohu басылымының мәліметінше, оқиға қоғамдық орында түсірілген бейнероликтен кейін жария болған. Блогер алдын ала танысымен келісіп, метрода әлеуметтік экспериментке ұқсас қойылым жасаған. Ол танысының қалтасынан телефонды суырып алып, жақын маңдағы адамдарға “мына телефонды алшы” деп ұсынған. Бұдан соң телефон жоғалып кеткендей кейіп танытып, бейқам жүргіншілерді “ұры” деп айыптаған.

Қытай
Фото: видеодан скриншот

Бұған қоса, блогер көшеде бейтаныс ер адамдардың қолынан ұстап, олармен еркін әрекетке барған. Желіде тараған видеолардың бірінде ол жігіттердің бөксесіне қолын тигізіп, оның жеке кеңістігіне қол сұққан. Ер адамның бұл әрекетке қарсылық танытып, басқа орынға ауысуға тырысқаны көрінеді. Алайда блогер оны білегінен ұстап, кетуге кедергі келтірген.

Аталған әрекеттер Қытай әлеуметтік желілерінде қызу талқыға түсті. Көптеген қолданушы бұл пранкты “әдепсіз”, “шектен шыққан” және “қоғамдық тәртіпке қайшы” деп бағалады. Жергілікті тұрғындар тарапынан бірнеше шағым түскеннен кейін Гуанчжоу полициясы блогерге қатысты тексеріс бастады.

Қазіргі таңда блогерге түсініктеме алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілгені хабарланды. Өз кезегінде қазақстандық азаматша өзінің бұл әрекетін ойланбай жасалғанын айтып, ешкімді ренжіткісі келмегенін жеткізді. Ол әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен кешірім сұрап, болашақта мұндай контентке жауапкершілікпен қарайтынын мәлімдеді.

Мәселе Қытайда шетелдік блогерлердің этикалық шекараларды сақтау қажеттігін тағы да еске салды. Жергілікті заңдар мен мәдени ерекшеліктерді ескермеген мұндай әрекеттердің салдары заңдық жауапкершілікке алып келуі мүмкін.

Тегтер: