Өз әскерінен қаржы аяғандар, өзгенің армиясын асырайтынын ұмытпау керек
Ресей мен Украина қақтығысы бүгін-ертең бітімге келе қоймайтын сияқты. Бірақ соғыстың зардабы біздің елге де оңай тимесі анық.
Бұл бөлек әңгіме. Наурыздың 2-күні Қ.Тоқаев Қарулы Күштердің басшылығымен кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар заманауи цифрлық тәсілдер арқылы әскери басқару жүйесін жетілдіру қажет екеніне назар аударды. Өйткені, көрші елдерде болып жатқан қақтығыс қорғаныс саламызды дамыту қажет екенін көрсетіп отыр. Ал біз Ресей мен Украина соғысында қолданылып жатқан қару-жарақ, соғыс тактикалары туралы, соғыстан алатын Қазақстан сабағы хақында журналист, әскери-шолушы Амангелді Құрметұлын әңгімеге тарттық.
– Украинаға түріктің «Байрактары» келді. Келе сала бірден қан майданға аттанып кетті. Қалай ойлайсыз, Ресейде «Байрактарға» қарсы қолданатын қару жоқ па?
— Украинаға түріктердің пилотсыз ұшатын атақты «Байрактарының» келгеніне 3 жылдан асып барады. Сатып алу келісімшарттары сол уақыттарда жасалған. Түріктер бірлескен кәсіпорын құру мәселесін де қарастырған болатын. Әлбетте, қоғамда «Байрактар» туралы әртүрлі әңгіме бар. Тіпті асыра мақтау да айтылып жатады. Мәселен, «Байрактарды» тоқтататын әлемде ешқандай қару жоқ деген сияқты. Қазір әлемде дрондардың бірнеше түрі жасалды. АҚШ-тың қуатты дрондарын атап айту керек. Олардың жарнамасы аз. Әйтпесе, Американың ұшқышсыз дрондары 2000 жылдардың басында Ауғанстанда антитеррорлық операцияларға қатысты. Арыға бармай-ақ былтырғы жағдайды айтсақ, тамыз айында Ауғанстанда тәліптер билікке келген кезде, сол оқиғалар кезінде АҚШ әскери дрондары өздері террорист санаған бірнеше нысанды жойғаны бар. Әрі оларды көбіне АҚШ-та отырып басқарады.
Ал Украинадағы жағдайға келетін болсақ, дрондар соғысқа қызу кірісіп кеткені рас. Нақты санын білмеймін. Кейбір мамандар отыз шақты ұшқышсыз дрондардың Ресейге қарсы майданда жүргенін айтуда. Бұл арада Ресейде «Байрактарға» қарсы қолданатын қару жоқ деген түсінік болмау керек. Мәселен, атышулы «Бук» зенитті зымыран кешендері «Байрактарды» радар арқылы көре алады. Атып та түсіре алады. Бірақ дәл қазір Украинадағы жағдай басқаша. Ресей шабуылдаушы болып тұр, егер қорғаныс позициясында болғанда, «Байрактарға» қарсы кешенді әуе қорғанысы жүйесін қарсы қоюға болар еді. Бірақ дрондар «үйірмен» ұшса қиын.
– Бұл шайқаста «Байрактар» Қарабақтағыдай өз мүмкіндігін толық бере ала ма, әлдебір кедергілер болмай ма? «Байрактардың» бағасын білетін шығарсыз?
– «Байрактардың» біреуінің толық кешені 5 млн доллар шамасында деген нұсқалар айтылады. Мұның ішіне басқару қондырғылары мен кемінде 4-6 дана аппарат кіреді. Түркия дрондарды Украинаға тегін беріп жатқан жоқ. «Байрактардың» бір ерекшелігін атап айта кетейін. Аппарат әуеде жүрген кезде басқару қондырғылары дрондарын бір-біріне алмастырып бере алады. Сондай ерекше мүмкіндіктері бар. Осы жағынан айтқанда ұрыс даласында қолдануға ыңғайлы. Қарабақтағыдай болмауы мүмкін. Өйткені қарсылас әлсіз емес.
– Салыстырып айтыңызшы, дәл қазір қан кешіп жатқан Ресей мен Украинаның қайсысының қару-жарағы соғысқа сайланған? Мұны сұрап отырғанымыз, бүкіл әлем орыстың қару-жарағынан қаймығушы еді...
— Мәселе қару-жарақта емес, мамандардың біліктілігінде. Психологиялық фактордың да барын есептеу керек. Өйткені Ресей әскері бөтен елдің жеріне кіріп шабуылдап жатыр. Ондай кезде командирлер мықты болмаса, сарбаздар абдырап қалады. Оның алғашқы белгілері байқалып жатыр. Ал қару-жараққа келсек, Украина да, Ресей де Кеңес одағының шекпенінен шыққан елдер. Әскери техникаларында соншалық айырмашылық жоқ. Ресейдің дүркіндетіп ататын қаруларында шамалы артықшылық бар. Стратегиялық қарулар, мәселен гипер дыбыстық зымырандар мен ядролық зымырандарға келгенде де орыстар басымдау. Бірақ Ресей билігі іргесінде отырған көршісіне ондай қуатты қаруларды пайдаланбайды деп үміттенемін. Ядролық қаруды қолданса, оның зардабы Мәскеудің өзіне де ауыр.
Дәл қазір майданда Кеңес одағының қорғаныс өнеркәсібінде жасалған қарулар бір-біріне қарсы атылып жатыр. Мәселен, S-300 зениттік зымыран кешені Ресейдің Миг, Су шабуылдаушы, жойғыш ұшақтарына қарсы қолданылуда. Керісінше, шабылдаушы ұшақтар зениттік зымыран кешендерін де жойып жатыр.
Украин сарбаздарының қолындағы батыс елдерінен әкелген қару-жарақтар туралы айтсақ, батальондық тактикалық топтарға арналған, тасымалдауға қолайлы шағын қарулар бар қазір. Мәселен, Stinger қаруы төмендеу ұшатын ұшақтарды, тікұшақтарды атып түсіруге арналған. Джавелин немесе NLAW әдетте танкке қарсы қолданылатын қарулар. Бұл қарулар колоннамен келе жатқан дұшпандарды тұтқиылдан атуға да жарап тұр. Қазіргі шайқаста украин сарбаздары осы мүмкіндіктерін жақсы пайдаланған сияқты. Артиллериялық қаруларға келсек, екі жақтағы қару түрлері күші шамалас, тек санында айырмашылық болуы мүмкін. Ресейде молырақ дегендей. Ал калибрлері әдетте бірдей. Соңғы шайқастарда Ресей тарапы Искандер тактикалық зымырандарын қолдана бастады. Украина оған жауап ретінде Кеңес одағынан қалған «Точка-У» тактикалық зымырандарын қолдануы мүмкін. Ондай қару Украиндарда бар.
Дәл қазір әлемде кімнің қаруы мықты деп емес, кімнің қарулы күштері кәсіби дегенге назар аударған дұрыс. Менің байқауымша, Украинадағы соғыс кезінде Ресей қолбасшылары ескі тәсілдерге сүйеніп, белгілі деңгейде стереотиптен шыға алмай қалғанға ұқсайды. Екіншіден, масс-медианың да ықпалын жоққа шығаруға болмас. Әуелде Ресей жағы Украина халқы қарсы шықпайды, армиясын қалпақпен ұрып аламыз деп көпірген-ді. Бірақ халық қатты қарсылық көрсетіп жатыр. Украинадағы майданнан бір нәрсені анық байқадық, мейлі соғыс техникалары ескі болсын, Кеңес одағынан қалған байырғы қару-жарақ болсын, кәсіби мамандар қолданса, әлі де соғысқа жаратуға болады екен. Мысалы, соғыстың алғашқы күндері Киев аспанын қорғаған S-300 кешені жауға қатты қарсылық көрсетті. Қысқасы, соғыс техникаларына тіреліп тұрған соншалық себеп жоқ.
– Әскери тақырыпты жақсы білесіз. Ыңғайсыздау бір сұрақ қояйын, бұл соғыста кім жеңеді, кім жеңіледі? Соғыстан кейінгі Ресей мен Украинаны қалай елестетесіз?
— Қай соғыс болсын, шын жеңімпаз болмайды. Өйткені соғыстың аты – соғыс. Қақтығыстан бір-біріне оқ атқан екі мемлекет те қатты зардап шегеді. Алдымен қарапайым халыққа ауыр, содан кейін өңірдің экономикасына орасан зор шығын келеді. Сондықтан жеңімпаз деп бір елді айту қиын. Мәселен, ІІ дүниежүзілік соғыста Кеңес одағы мен оның одақтастары жеңді. Бірақ шығыс майдандағы Жапония қалай дамыды, батыс майданда күйрей жеңілген Германия ше? Екеуі де әлемнің алдыңғы қатарына шықты. Сондықтан біреуді жеңімпаз, біреуін жеңіліп қалды деп айту қате пікір.
Бұл қақтығыста Ресей жағы Украина билігін алмастырған күннің өзінде партизандық соғыспен ары қарай жалғаса беруі мүмкін. Демек, шайқас ұзаққа созылады. Соғыстың созылғаны ешкімге ұнамайтыны анық. Екі жақ тез арада бітімге келуі керек. Ал саяси мәселелерді келіссөздер арқылы екі мемлекетке де қолайлы ымырамен шешкен абзал болар еді.
Соғыстан кейінгі Ресей мен Украинаны елестету өте ауыр мен үшін. Бірінші кезекте украиндер бұл соғыста қатты зардап шегіп жатыр. Қалалар қирап, бейбіт тұрғындар оққа ұшты. Олардың орнын толтыру соғыстан есеңгіреген елге қиын. Ресейге салынып жатқан санкциялардан мемлекет экономикалық жақтан тұралап қалуы мүмкін. Бауырлас екі халықты бір-біріне дұшпан қылған соғыстың зардабы жеңіл болмасы анық. Тіпті бұрынғыдай рухани, діни, мәдени факторлар да екі елдің арасын жылыта алмас. Соғыстан кейін Украина Батысқа бет бұрады, ал Батыстың Ресейге бүйрегі бұрыла қоймайды-ау. Дегенмен, ХХІ ғасырда қандай да бір саяси болжам жасаудың қадірсіз, құнсыз, тұрақсыз екенін соңғы жағдайлардан көріп отырмыз.
– Ресей мен Украина соғысынан Қазақстан қандай сабақ алуы керек? Мәселен, қорғаныс саламызға қандай реформа қажет деп ойлайсыз?
— Қазақстан бұл қақтығыстан үлкен сабақ алады, ол анық әңгіме. Осы уақытқа дейін Қазақстанның сыртқы саясатында аймақтық қауіпсіздік бірінші орында тұрды. Өйткені іргеміздегі көршілер бүлінетін болса, оның зардабы бізге тиетіні айдан анық. Сондықтан да тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда тыныштық, бейбітшілік үшін кейбір мәселеде үнсіз қалдық, ұлттық мүддені екінші, үшінші орынға сырып тастаған кездеріміз болды. Ресей мен Украина қақтығысынан кейін Қазақстан дипломаттарына өте ауыр жауапкершілік артылып отыр. Одан бөлек, мемлекеттің ішкі мәселесін де бей-жай қалдыруға болмайды. Халықтың әлеуметтік жағдайы ескерілмесе, ел ішіндегі кейбір күштердің соны пайдаланып кететінін көріп отырмыз. ХХІ ғасыр саясатында гибридтті күрес тәсілдері кеңінен қолданыла бастағанын ескерген дұрыс. 2017 жылы қабылданған әскери доктринамызда гибридті күрес мәселесі қарыстырылған. Сондықтан сол құжаттағы мәселелерге барлық мемлекеттік құрылымдар жауапты болуы керек деп ойлаймын. Әскери доктринаға көп жағдайда осы салаға қатысы барлар ғана назар аударатын сияқты. Олай болмау керек. Бұған әкімдер де, мемлекетік органдар да жауапты болғаны дұрыс.
Ресей-Украина қақтығысынан алатын сабағымыз – қару-жарақтың ұрысқа сай болуы, оны әскери мамандардың меңгеру мәселесі уақыт күттірмейтін дүние екеніне көз жеткізді. Былтыр күзде қорғаныс саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған болатын. Сондағы көңілге толатын бір деталь – зымыранға және ғарыштан төнетін қауіпке қарсы қорғаныс жүйесін құру жоспары. Құжаты жарияланған жоқ. Бірақ әскерилердің бір ойлағаны бар шығар деп болжаймын. Зымыранға қарсы жүйенің маңызды екенін Украинадағы жағдай көрсетіп отыр. Ал зымыранға қарсы жүйенің екі түрі болады: бірі – стратегиялық, екіншісі тактикалық. Стратегиялық жүйе ғарыштан төнетін қауіпке қарсы қолданылады, әзірге ондай жүйе АҚШ пен Ресейде ғана бар. Тактикалық жүйе соғыс кезінде танктерге, әуе шабуылдарына қарсы қолданылады. Израильдің «Темір күмбезі» соның бір үлгісі. Дегенмен билік пен халықтың бір-біріне деген сенімі болмаса, қандай қару-жарақ болса да ұрыс оңайға түспейді. Бастысы өз әскерінен қаржы аяғандар, өзгенің армиясын асырайтынын ұмытпау керек. Әлбетте бейбітшілік жақсы, бірақ азаматтардың кез келген қысылтаяң шаққа даяр болғаны дұрыс. Өйткені адамзат ғылым мен техникада орасан зор жетістікке жетіп, Марсқа аппарат ұшырып жатса да өзара бейбіт өмір сүруді үйрене алмапты.