Өз балаларын тұншықтырып өлтірген әйелге қатысты резонансты сот ісі басталды

Бүгін Ақтөбе облысында 29 жастағы информатика пәні мұғалімі Г.-ға қатысты сот процесі басталды.
Ол екі кішкентай баласын өлтірді деген айыппен сотқа тартылып отыр.
Қылмыс 2024 жылғы 23 наурызда Қандыағаш қаласында болған. Сол күні айыпталушы Г. 3 жастағы ұлы мен 11 айлық қызының өмірін қасақана қиған. Тергеу дерегі бойынша, әйел балаларын жастықпен тұншықтырып өлтірген.
Полицейлердің мәліметінше, қылмыс кезінде әйел босанғаннан кейінгі депрессияда болған. Бірақ бұл — оның балаларын өлтіруге алғашқы талпынысы емес. Наурыз айында әйел екі рет балаларын өлтіруге оқталғаны анықталған.
Бірінші оқиғада ол өзінің ниетін күйеуіне айтып берген, ал ол дереу полицияға хабарласқан. Сол кезде отбасы Атырау облысында тұрған. Әйел Қызылқоға аудандық полиция бөлімшесіне жеткізіліп, медициналық тексерістен өткен. Дәрігерлер оған екінші деңгейлі психоз диагнозын қойған. Бірақ біраз уақыттан соң ол босатылып, қайта отбасына оралған.
Екінші оқиғада әйел 102 нөміріне қоңырау шалып, қару сұраған. Бұл дабылға полиция, әкімдік және медициналық қызмет өкілдері жедел әрекет еткен.
Осыдан кейін оның әкесі әйел мен балаларды Қандыағашқа алып кеткен. Дәл сол жерде қайғылы оқиға орын алды.
Айыпталушының жұбайы болған жағдайдан кейін үлкен күйзеліске түскен. Алайда ол әйелінің емделіп, қоғамға қайта оралуына үміт артып отыр.
Қазіргі таңда әйелге ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігі (екі немесе одан да көп кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Сонымен қатар сот “мәжбүрлі медициналық шараларды қолдану мәселесін” де қарамақ.