Өз балаңды өзекке теппеші
«Кісі баласы кісендесең де тұрмайды, Өз балаң өзекке тепсең де кетпейдіні» қазекем алғаш қай заманда айтты екен?
«Мені елден айырған, хан Жәңгірдің тепкіні», – деген Махамбеттей батырының өзін елден қуған замандарда, еріксіз елінен аластатылған қазақтың бүгінгі ұрпағы Атамекеніне жете алмай зар жылауда.
«Оралман» деген дұрыс емес, «Қандас» деп атау керек деп атауын өзгерткеніміздің өзін жеңіске балап желпінгеніміз болмаса, бұл тұрғыда тындырғанымыз тағы шамалы.
Тәуелсіз Ел атанғанына 30 жылдан асса да тарыдай шашылған қазаққа әлі күнге бір тудың астына жиналу бір арман.
Әрине, қай нәрсе де салыстырмалы тұрғыдан бағаланады. «Ораза, намаз тоқтықта», – демекші, мысалы: «Ойбай, 30 мың киік ату деген барып тұрған жауыздық!», деп, байбалам салғандар кешегі Құрбан айтта 100 мыңдаған малдың қанын судай шашып, ішек-қарны тұрмақ, басына дейін қоқысқа тастап жатқанда, қой деген бірі жоқ… Неге?
Сол секілді шуылдап жүріп ит атуға да қарсы болғандар 30 жыл бойына бір рет болса да шеттегі қандастарымызды, бауырларымызды көшіріп әкелейік деп көрді ме? Жоқ! Неге? Орыстық тәрбие!
Олай болса, орыс географы И.П.Корниловтың да («Что не доделал русский штык доделает русская школа») «Орыс найзасы аяқтамағанды орыс мектептері аяқтайды» деген мақтанышты жолдары ойдағыдай жүзеге асқандығының белгісі.
Біз қазір, оралман, қандас тұрмақ қасымызда, ауылда отырған бауырларымызға төбеден қарайтын күйге жеткенбіз. Біз оларға мәмбет деп қараймыз. Сен адам болуың үшін ауылда тұрсаң да орысша шүлдірлей білуің керек. Әйтпесе екінші сортсың! Өліп кет, расы, осы!
Бірді айтып бірге кетесің, демекші осы дүниені жазуға себеп болған төмендегі Тасқын Болатұлының мақаласы болатын...
Олар бір сиырдың етін жүз үйге бөледі – Дания қазағы Ауғандағы қандастарға көмектесуге шақырды
Бүгін Құрбан айттың үшінші күні. Осы күндер ішінде әлемдегі мұсылман елдері Құдайға құлшылық қылып, құрбан шалды. Бір елден екінші елге құрбандық жөнелтіп жатқандары да баршылық. Солардың бірі – Ауғанстан қазақтарына арнап мал басын атаған Дания қазақтары. Осы орайда Ulysmedia.kz тілшісі Ауғанстанда туып, бүгінде Данияда тұрып жатқан қазақ әрі қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырушы Ақпар Аюбидің айтуы бойынша, «Тәлібтер келгелі Ауғанстанның жағдайы қатты өзгерді. Қазір жұмысы бар адамдар тек тәлібтермен байланысы бар, солардың жүйесін қолдайтындары ғана. Байланысың бар болса, екі қолға бір күрек табылады, әйтпесе ештеңе жоқ. Жалпы тәлібтердің көбісі пәштүн ұлты, сондықтан басқа ұлт өкілдеріне өте қиынға түсіп тұр. Халықтың бұрынғыдай көңілі күйі жоқ дейді. Айттап достардың үйіне кіру қалыпты. Аралауға қорқады. Жалғыз ауырып жатқан кісілердің үйіне, туған бауыр-қарындас пен әке-шешеге ғана барамыз дейді. Барғанменен бұрынғыдай күліп-ойнау жоқ.
«Келешекте, газетіңнің бір шетіне түртіп қойсаң деп айтып отырмын, бүкіл әлемнің қазақтарын ауған қазақтарына көмектесуге шақырамын. Ниеті бар кісілер болса, маған хабарлассын. Ауғанстандағы қазақтармен байланыстырып беремін. Белсенді азаматтар болып, осылайша гуманитарлық көмек жағын қолға алуды ойлап отырмыз», – деп аяқтады Ақпар Аюби әңгімесін.
Еске салайық, жуықта астанада Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтарының қазіргі жағдайы және оларды қолдау мәселесі туралы халықаралық конференция болды. Онда ауған қазақтары атынан Қазақстанға үш өтініш айтылды. Бірінші, қазақ екенін растайтын құжаты бар қандастарды Қазақстанға көшіру; екінші, Қазақстан Ауғанстанға жіберетін әдеттегі гуманитарлық көмекті ауғандағы қазақтар арқылы жіберсе дейді. Себебі тәлібтердің алдында қазақ диаспорасының беделі көтеріледі; үшінші, қазақ балаларын Қазақстанда оқытуға квота бөлу.
Егер бірінші өтініші әзірге орындалмайтын болса, «ауғандағы қазақтар әлі толық қазақ емес, тіл білмейді» деп жатса, қазақ тілі мен тарих мұғалімдерін жібере отырып, оқу-ағарту ісіне ден қоюды сұрайды.
Айта кету керек, Ауғанстанға тәлібтер билікке келген бір жыл ішінде қазақтар шетке қаша бастаған. Нақтырақ, Сауд Арабиясы мен Иранға өтіп кеткен. Осы жиында олар Қазақстанға барудың жолын таппай, виза ала алмай жүргені мәлім болды. Иран мен Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшіліктері алдымен Ауғанстанға қайту керек дегенді айтады. Бірақ оған олардың жүрегі дауаламайды, тәлібтерден қорқады. Тәлібтер жұмыстарынан айырып, 13-ке толған қыздарына құда түсіп, бір қаладан екінші қалаға ұдайы бой тасалап қашып жүруге мәжбүрлеп отыр дегенді айтады.
Бейресми есеп бойынша, Ауғанстан қазақтарының саны 300 мыңдай. Олар негізінен өткен ғасырдың 20-30 жылдары ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде Қазақстаннан ауып барған.
Міне, мақаланың негізі осы. Ал олардың Атамекенінде ауыздарынан ақ май ақпаса да 100 мыңдаған құрбандық шалынып, «Киікті атуға болмайды!», «Итті атуға болмайды!» деп ұрандатуда. Жерінде соғыс жүріп жатпаса да жылы орын іздеп қотарыла көшкен 300 мың орысты құшақ жая қарсы алып, төлқұжат беріп төрге оздыруда. Оларға ешкім Қазақ екеніңді дәлелде деп те жатқан жоқ. Сонда біз кім болғанымыз?