Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:05, 05 Сәуір 2022

Өз итім өзімді қапты-ау...

None
None

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында екі баланы ит қауып, біреуі қайтыс болды.1 сәуір күні сағат 19.

00 шамасында Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық полиция бөліміне Ақтоғай ауылында екі баланы ит қапқаны туралы ақпарат түсті. Полиция қызметкерлері анықтағандай, 3 және 5 жас шамасындағы екі бала өз үйінің ауласында ойнап жүргенде, бос жүрген ит қауып алған. Итке таланған екі баланы туыстары дереу арада ауруханаға жеткізген.

— Ауыр жарақат алған 3 жастағы баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Екінші бала ауруханаға жатқызылды. Аталған факті Ақтоғай аудандық Полиция бөлімінде тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, – делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.Дәрігерлердің айтуынша, ауруханада жатқан 5 жастағы баланың жағдайы тұрақты ауыр деңгейде. Иттің құрбаны болған бейкүнә сәбилер Астана қаласынан Ақтоғайдағы нағашы атасының үйіне қыдырып келген екен. Бейресми деректерге сәйкес, оқиға орын алған кезде балалардың ата-анасы Астанада болыпты. Ол күні үйде әжесі болған, екі бала алаңсыз есік алдында ойнап жүрген екен. Оларды талаған ит, қас қылғанда, сол үйдің иті болып шықты. Әдетте байлауда тұратын ит сол күні босап кеткен сыңайлы. Ойламаған жерден төрт аяқты мақұлық өзінен қорықпай, ойнағысы келген сәбидің ғұмырын қыршын етті.

Бір күн өтпей жатып, облыста балаға қатысты тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Қарағанды қаласының Сұрыптау бекетінде ойнап жүрген 9 жасар бала дала сулары жиналып ағатын каналға түсіп кетіп, мерт болды. Қала билігі бұл арықтың үнемі ашық тұратынын мәлімдеді. Мамандар ересектердің балаларды қараусыз қалдырмай, олардың өміріне сақтықпен қарауға шақырады.

Тегтер: