Өз қарлығашын тапқан жан (Әмен Қайдар шығармашылығы туралы)
Ақын Есенғали Раушанов құстар туралы толғай отырып, былай дейді: «Сүйер ұлдың аты көп демекші, қарлығаш туралы аңыз да көп. Бір аңызда әркімнің өз қарлығашы болады екен. Ол жатсақ-тұрсақ төбемізде айналып, сіз бен бізге саулық тілеп, бәле-жәле, қауіп-қатер, тіл-көзден қорғап жүреді дейді.
Адам баласының аңқаулығы сонда – ол өз құсын өмір бойы танымай, таба алмай өтетін көрінеді. Тапса бақытты ғұмыр кешер еді». Бұл ой – қазақ мультипликациясының негізін қалаушы, суретші Әмен Әбжанұлы Қайдардың өмірлік және шығармашылық жолының басты лейтмотиві іспетті. Қатардағы жауынгерден қазақ өнерінің заңғар тұлғасына дейін көтерілген Ә.Қайдар – өнер мен кино алаңында өзінің «бақыт құсы қарлығашын» тапқандай...
Әмен Қайдар 1923 жылдың 3 маусымында қазіргі Қарағанды облысы Нұра ауданы 2-ауылында дүниеге келді. Оның кіндігін балтамен кесіпті. Бұл туралы Ә.Қайдардың өзі: «Менің алдымда екі ұл туылып, олар қайтыс болған. Ескі әдет бойынша мені мықты болсын деп, кіндігімді балтамен кесіпті, сондықтан кіндік-шешем ер адам болған екен» дейді. Осы жағдай Әмен Қайдардың өмір жолының бастауында-ақ оның рухының беріктігін, өмірге деген өшпес құштарлығын айғақтап тұрғандай.
Оның бейнелеу өнеріне деген құштарлығы балалық шағында оянған екен. Мектепте оқып жүргенде-ақ сыныптастары мен мұғалімдерінің портреттерін салып, адам болмысын қағаз бетіне түсірудің эстетикалық қажеттілігін ерте сезінген көрінеді. Алайда оның балалық шағы Қазақ елі үшін ең ауыр сынақтар кезеңімен тұспа-тұс келді. 1931 жылы отбасы Ақмолаға, 1932 жылы жаңа астана Алматыға көшті. Бұл жылдар тұтас Қазақстанды шарпыған ашаршылық нәубетінің шегіне жеткен уақыты еді. Совет өкіметінің күштеп коллективтендіру саясаты, ауыл шаруашылығын басқарудағы қателіктер және қазақ халқының дәстүрлі көшпелі шаруашылығын бұзу әрекеттері миллиондаған адамның өмірін жалмаған ұлттық трагедияға әкелді. Әменнің бұл оқиғаларды басынан өткеруі оның келешектегі өнерінің гуманистік өзегін, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырған маңызды фактор.
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс оты Кеңес одағын да шарпыды. Дәл осы жылы суретші майданға ерікті болып аттанды. 1942 жылы Мәскеуге жетіп, 57-гвардия полкіне радист болып тағайындалады. Одан ары Сталинград майданында болып, 1943 жылы Киев түбінде мина сынығынан ауыр жараланды. Жарақаттың ауыр болғаны соншалық, ол өздігінен қозғала алмайтын халде госпитальға түсті. Емделіп, балдақпен жүре бастаған соң елге қайтарылады.
Ә.Қайдар 1944 жылы туған жері Ақмолаға оралып, 1945 жылдың жазында Алматыдағы госпитальға қайта жатты. Онда атақты хирург А.Н.Сызғанов ота жасап, ішіндегі мина сынықтарын тазалады. Емі жарты жылға созылды, ақырындап сауыға бастаған суретші бірден өнерге бет бұрды. 1946 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, оны 1950 жылы бітіріп шықты. Онда Черкесский, Подковыров, Леонтьев сияқты керемет ұстаздардан сурет салудың сырын үйренді. Оқуын аяқтасымен Әмен Қайдар 1951 жылы шаңырақ көтеріп, Алтай аймағының Рубцовск қаласынан келген, филология факультетін бітіріп, мектепте мұғалім болған Валентина Константиновнаны өмірлік жары етті.

1950 жылдарда ол біртіндеп график, плакатист және карикатурист ретінде елге таныла бастады. Ал 1957 жылы фестивальдық плакаты үшін Қазақстан Жастары фестивалінің 1-дәрежелі дипломының лауреаты атанды. Осы кезде «Ара» сатиралық журналында істеп, жылдам сурет салуға қолын машықтандырып жүрді. Кейін «Қазақстан әйелдері» журналында редактор қызметін де атқарды. Газет-журналдарға жасаған күлдіргі суреттермен (карикатурамен) жұмыс істеу оның арманына қанат бітірді. Суретшінің өзі: «Сатиралық «Ара» журналында жұмыс істеп, карикатурамен, шаржбен айналысқан кезде, мен осы өнер түрінің ерекше, шексіз мүмкіндіктерін ұнаттым. Ал карикатурадан мультипликацияға дейін бір-ақ қадам екені белгілі. Осылайша менің ішімде мультипликацияда жұмыс істеу арманы біртіндеп өмір сүре бастады», – дейді.
Карикатурадан алған шабыт пен жан-дүниесіндегі мультипликацияға деген ұмтылыс оны Мәскеуге – ВГИК-ке (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) жетеледі. 1958 жылы оқуға түскен Әмен Қайдар 1965 жылы профессор И.Иванов-Ваноның шеберханасынан мультипликатор-суретші бөлімін бітірді. Бір жылдан соң, 1966 жылы, ВГИК-те режиссерлік курсты да тәмамдады.
Кеңес дәуірінде ВГИК бүкіл Кеңес одағы мен оның ықпалындағы елдер үшін кино мамандарын даярлайтын басты орталық болды. Ол кино өнерін мемлекеттік деңгейде дамытудың құралына айналды. Андрей Тарковскийдан бастап Никита Михалковқа дейінгі кино майталмандары оқыған бұл өнер ошағының суретшіге берері, әрине, мол болды.
Оқуын аяқтап, шығармашылық энтузиазмға толып келген Әмен Қайдар, әрине, қазақ кино өнеріне жаңа тыныс, жаңа жанр – мультипликацияны әкелуді армандады. Сол арманның жетегінде 1966 жылдан бастап ол «Қазақфильм» киностудиясының мультцехының суретшісі, режиссері және көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Оның бастамасымен жыл сайын «Қазақфильмде» бес-алты мультфильм түсіріле бастады, осылайша мультипликациялық фильмдер бөлімі қалыптасты.

Әмен Қайдардың армандаған, Раушанов айтқан «бақыт құсын» тапқан кезеңі – 1967 жыл. Дәл осы жылы ол қазақ анимациясының алғашқы қарлығашын ұшырып, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты түрлі-түсті, суретті мультфильмді түсірді. Ол бұл туындының сценарий авторы, режиссері және суретші-қоюшысы болды. Келесі жылы, 1968 жылы, тағы бір танымал туынды – «Ақсақ құлан» (түрлі-түсті, суретті) мультфильмін түсірді. Бұл фильмдер – қазақ халқының эстетикалық пайымы мен дәстүрлі мәдениетінің кинематографиялық тілдегі алғашқы көрінісі еді.
Суреткердің еңбегі оның қазақ анимациясын құрудағы, ұлттық аңыздарды экрандаудағы үлкен жетістіктері үшін жоғары бағаланып, Ә.Қайдар 1974 жылы Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды. 1975-1983 жылдар аралығында ол Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы қызметін атқарып, қазақ киносының дамуына ұйымдастырушылық тұрғыда да үлкен үлес қосты. 1980 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Әмен Қайдар өзінің алғашқы «Қарлығашын» ұшырғаннан кейін де тоқтаусыз еңбек етті. Ол қазақ анимациясының іргетасын нығайту үшін бірқатар көркем туындылар жасауға атсалысты. Олардың қатарында: «Құйыршық» (1969), «Құрылысшы Қожа-Насыр» (1970), «Байлық пен даналық» (1977), «Қырық өтірік» (1978), «Сиқырлы кілем» (1981) және т.б. туындылар болды. Жалпы айтқанда, 1969 жылдан 1983 жылға дейін Ә.Қайдар «Қазақфильм» киностудиясында жарық көрген 47 фильмнің көркемдік жетекшісі болды. Бұл дегеніміз – қазақ анимациясының алғашқы 15 жылы Әмен Қайдардың қайсар рухы мен шығармашылық қамқорлығымен өтті деген сөз.
Әмен Қайдар 1983 жылы Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы қызметіне сайланып, 1991 жылға дейін басқарды. Оның жетекшілігімен 1987 жылы одақ құрамында 344 мүше болған, ал жастардың шығармашылық бірлестігі 52 жас суретшіні біріктірген. Бұл жылдары еліміздің суретшілері бүкілодақтық және халықаралық көрмелер мен конкурстарға жиі қатысып, кітап суретшілері мен плакаттардың республикалық көрмелері жиі өтіп, өнердің өркендеуіне айтарлықтай жол ашылды.
Оның еңбегі мемлекет тарапынан және қоғамдық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып: 2002 жылы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының «Үлес үшін» арнайы сыйлығының лауреаты атанды. 2003 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. 2012 жылы «Барыс» III дәрежелі орденінің иегері болса, 2013 жылы «Алтын Адам» сыйлығының «Қазақстан анимациялық киносының дамуына қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша лауреаты атанды.
Кемел жасында Әмен Қайдар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жас мультипликаторларды тәрбиелеп, оларға өз білімі мен тәжірибесін мирас етті. Өнер академиясында жүріп, 86 жасында шәкірттерімен бірге өзінің танымал туындысы «Құйыршық» мультфильмінің жаңа суретін жасауға атсалысты.
2015 жылдың 4 ақпанында суретші дүниеден өтті.
2023 жылы оның өмірі мен шығармашылығына арналып, Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясы «Әмен-ағаның ғажайып ағашы» атты анимациялық фильм шығарды. Бұл туынды – ұлы суреткердің мәңгілікке таңбаланған ізін бейнелейді. Оның есімі мен еңбегі қазақ өнері тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Алғашқы мультфильм
Әмен Қайдардың айтуынша, «Қазақфильм» киностудиясының директоры Камал Смаилов суретшінің мультфильм жасау идеясына бірінші болып қолдау көрсеткен екен. Оның ұйымдастырылуымен суретшілерге арнайы бөлме бөлініп, болашақ мультипликаторларға арнап жарық түсетін үстелдерге тапсырыс беріліп, жұмыс басталып кеткен екен.
Әмен Қайдардың мультфильм жасау ұсынысын Алматы көркемсурет училищесін бітірген бес суретші – Галина Дусенко, Еркін Сұлтанбеков, Эрнст Бисейітов, Борис Калистратов және Флобер Мұқанов жастық жігермен және ынтамен қабыл алып, 1966 жылдың сәуірінде Әмен Қайдар бастаған топ «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты түрлі-түсті, бір бөлімді графикалық мультфильмді жасауға кірісті. Оларға киностудия басшылығы және республикалық Мемлекеттік кино комитеті де қолдау көрсетті.
Картинаның авторы, режиссері және суретші-қоюшысы Әмен Әбжанұлына бәрін басынан бастауға тура келді. Себебі оның қарамағында өндірістік база мен кәсіби кадрлар мүлдем жоқ болатын. Бұрын кино саласында жұмыс істемеген суретшілер суретті мультфильм жасаудың күрделі әрі көп еңбекті талап ететін техникасымен алғаш рет бетпе-бет келді. Сол үшін де картинаның түсірілім уақыты өте баяу жылжыды. Суретші-мультипликаторлар өздері фазалаушы, контурлаушы және сызушы болып, целлулоидты бояуға дейінгі барлық жұмыс кезеңдерін өздері атқарды. Кейде ұйымдастырушылық қиындықтар мен өндірістік мәселелер шығармашылық топтың жұмысын тоқтатқан да жайттар болды.
Алайда барлық қиындықтарға қарамастан мультфильм көрсетілімге шығып, ақыры көптеген фестивальдардың жүлделерімен марапатталды. Бұл тіпті таңғалдырарлық дебют болды. Оны бірден 48 мемлекет сатып алды. Мультфильм Бүкілодақтық кинофестивальдің жүлдесін, Орта Азия және Қазақстан кинематографистерінің байқауының Дипломын (1968 ж.), Ленинград қаласындағы III Бүкілодақтық кинофестивальдің Екінші сыйлығы және жүлдесін (1968 ж.), Нью-Йорк қаласындағы Халықаралық мультфильмдер фестивалінің «Қола праксиноскоп» сыйлығын (1975 ж.) алды.
Бір қызығы, аталмыш мультфильм «Қыз Жібек» фильмінің арқасында пайда болыпты. Осы картинаның бюджетінен мультипликацияға шағын сома бөлінген. Сол қаражаттың төңірегінде Әмен Қайдар арнайы топ құрып, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмін түсіріп, оны КСРО Госкино сынына ұсыныпты. «Қазақфильмде» жасалып жатқан жобаны тексеру үшін Алматыға құрамында «Союзмультфильмнің» өкілі бар арнайы комиссия жіберіліпті. Бұл өкіл – атақты «Винни-Пух» туралы үш фильмнің авторы, аниматор Федор Хитрук екен. Ол «Қарлығашқа» оң баға беріп, кәсіби деңгейде түсірілгенін атап өткен. Осылайша, комиссияның арқасында «Қазақфильмнің» бюджетіне Қазақстанда жылына бір мультфильм жасау үшін ақша бөліне бастаған екен.
P.S. Қазақтың «Қарлығашы» өзінің 50 жылдығын атап өткенде «Қазпошта» алғашқы қазақ мультфильмінің кадрлары бейнеленген пошта маркаларының блогын, ал еліміздің Ұлттық банкі осы таспадан алынған кадр бейнеленген 500 теңгелік естелік күміс монетаны айналымға шығарды.
Санжар Сырғабаев
суретші-өнертанушы