Өзбекстан АЭС салуда Ресей қаржысынан бас тартты – БАҚ

Өзбекстан билігі атом электр станциясын салу жобасы ұлттық сипатта болатынын мәлімдеді.
Жобаны жүзеге асыруға бөлінетін қаражат елдің өз мемлекеттік бюджеті есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы стратегиялық нысан құрылысы дирекциясының басшысы Абдужамил Калмуратов Spot.uz сайтына берген сұхбатында айтты.
«Иә, бұл – мемлекеттік бюджет. Бұл – мемлекет өзі салып жатқан жоба. Атом жобасы ұлттық болуы керек», – деді Калмуратов.
Оның айтуынша, шағын қуатты АЭС құрылысына 1 млрд доллардан аз қаржы жұмсалмақ. Сонымен қатар ол Өзбекстан 2026 жылғы наурызға дейін Ресеймен ірі АЭС салу жөнінде келісімшарт жасасатынын да айтты.
2024 жылғы мамырда Өзбекстан мен Ресей Жызақ облысында шағын қуатты атом станциясын салу туралы келісімге қол қойған болатын.
Биыл қараша-желтоқсан айларында Өзбекстанда АЭС құрылысына байланысты қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланған.
Ресми органдар бұл ақпаратты растамады
Өзбекстан үкіметінің ресми сайттарында және мемлекеттік БАҚ-та Ресей қаржысынан толық бас тарту туралы ресми мәлімдеме әзірге жарияланған жоқ.
Аталған сайттарда елдің ядролық энергетиканы дамыту стратегиясы, «Росатоммен» бірлескен жобалар және экологиялық бағалау жөнінде ақпарат бар, бірақ ресейлік қаржыландыруды тоқтату туралы нақты хабарлама кездеспейді.