Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:37

Өзбекстан азаматы Мәскеуде ресейлік генералды өлтірді деген күдікке ілінді

Кирилов
Фото: коллаж kursiv.media

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, лаңкестік әрекетті ұйымдастырушы украин арнайы қызметі, ол орындаушыға 100 мың доллар сыйақы және ЕуроОдаққа экстрадициялауға уәде берген.

Ресейдің Тергеу комитеті Федералдық қауіпсіздік қызметі және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп теракт жасады деген күдікпен Өзбекстанның 29 жастағы азаматын ұстады. Ол 17 желтоқсанда Ресей Федерациясының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштерінің басшысы Игорь Кириллов пен оның көмекшісі Илья Поликарповты өлтірді деген күдікке ілінген.

Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ол жауап алу кезінде өзін Украинаның арнайы қызметі жұмысқа алғанын, бұл үшін 100 мың доллар сыйақы мен Еуропа елдерінің бірінде тұруға кепілдік берілгенін айтқан.

«Ол Мәскеуге Украина арнайы қызметінің нұсқауымен келіп, Игорь Кириллов тұратын тұрғын үйдің кіреберісінде тұрған электр самокатқа қолдан жасалған жарылғыш зат қойған. Әскери қызметшінің тұрғылықты жерін бақылау мақсатында көлікті жалға алып, сол жерге бейнебақылау камерасын орнатқан. Бұл камерадан түсірілген кадрлар Днепрдегі терактіні ұйымдастырушыларға желіде берілген. 

«Сарбаздың есіктен шығып жатқаны туралы белгі алғаннан кейін жарылғыш құрылғы қашықтан іске қосылды», - делінген Ресей тергеу комитетінің хабарламасында.

Сондай-ақ, осы қылмысты ұйымдастыруға қатысы бар басқа да тұлғалар анықталуда. «Коммерсантъ», «РБК», «Известия» басылымдары мен «112» телеграм каналы екінші күдіктінің де қолға түскенін жазады.

Жергілікті телеграм арналарында тұтқынға алынған азаматтан жауап алу барысын көрсететін бейнеролик таратылды.

«Мен Мәскеуге Украина арнайы қызметінің тапсырмасымен келдім. Содан көлік сатып алдым. Бірнеше айдан кейін бомба келді. Сосын бәрін дайындап, генерал тұратын үйдің жанына қойдым. Ол үйден шыққанда жарып жібердім. Олар маған 100 мың доллар мен еуропалық төлқұжат беретін болғасын келісім», - дейді күдікті.

Shot пен Baza-ның хабарлауынша, генералды өлтірді деген күдікке ілінген адамның аты – Ахмад Құрбанов. Балаших қаласында тұрып, Мәскеу түбіндегі Черное селосында тұтқынға түскен.


Айта кетейік, Генерал-лейтенант Игорь Кириллов пен оның көмекшісі желтоқсанның 17-сі күні таңертең Мәскеудегі Рязаньск даңғылындағы үйлерінің алдында болған жарылыс салдарынан қаза тапты. Тергеу мәліметтері бойынша, үйдің  жанына самокатқа қолдан жасалған жарылғыш зат қойылған. Жарылыс күші шамамен бір килограмм тротилге тең болды. Тергеу комитеті теракт, кісі өлтіру және заңсыз қару сақтау баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.