Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:11

Өзбекстан билігі Ресейге «таксисті қорлау» оқиғасына байланысты ресми нота жолдады

1
Фото: скриншот

Өзбекстан билігі Ресейге «таксисті қорлау» оқиғасына байланысты ресми нота жолдады.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ахрор Бурхановтың мәлімдеуінше, құжатта өзбек таксистіне тіл тигізген ер адамның жеке басын анықтап, заң аясында жауапқа тарту талабы қойылған.

Сонымен қатар ол Өзбекстан СІМ әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған ақпараттарды тұрақты қадағалап, осындай жағдайларда шетелдік құзырлы органдармен бірлесіп әрекет ететінін атап өтті.

«Атап айтқанда, тамыз айында қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Осыған орай Ресей СІМ-ге видеодағы ер адамның аты-жөнін анықтап, заң аясында тиісті шара қолдану үшін нота жолданды», - деді Бурханов.

Айта кетейік, Мәскеу облысында ресейлік азамат Өзбекстаннан келген такси жүргізушіні қорлап, ұлттық намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін қоғамда кең талқыланып жатыр.

Химки қаласындағы тұрғын үй кешенінде болған жанжал кезінде ресейлік ер адам өзбек таксистке: «Сен құлсың, орыстардың құлысың! Аузыңды ашпа. Өзбекстанда ештеңе жоқ болған соң осында келдің. Үйіңде емес, жұмыс істеуге келдің, ендеше жұмысыңды істе», – деп айқайлаған. Ол тағы да Өзбекстан азаматын түрлі балағат сөздермен қорлаған.

Такси жүргізуші жанжалға жауап қатпай, оқиға орнынан кетіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, жанжал такси көлігінің қысқа уақытқа аулаға кіруді бөгеп қалуынан басталған.

Ресейдегі мигранттарға қысым

Бұл — Ресейде Орта Азиядан барған еңбек мигранттарына көрсетілген дөрекі әрі адамгершілікке жат қылықтың алғашқысы емес. Бұған дейін өзбек азаматтарын заңсыз рейдтерде қорлау, күш қолдану, тіпті Ресей-Украина соғысына күштеп тарту деректері болған.

Жақында ірі қалаларда мигранттарды жүзінен анықтайтын камералар орнатылып, олардың жүріс-тұрысын бақылау тәжірибесі енгізілді.

2025 жылғы 8 маусымда Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында өткен рейд кезінде жүздеген мигранттар қорланып, кейбірі көшеде түнеуге мәжбүр болған еді. Сол кезде Өзбекстан СІМ алаңдаушылық білдіріп, Ресей билігін азаматтарға құрметпен қарауға шақырған. Тіпті Өзбекстан елшілігі Ресейге нота да жіберген. Алайда әзірге ресми жауап немесе нақты шара туралы ақпарат берілген жоқ.

Тегтер: