Өзбекстан президенті Тоқаевты референдумның өтуімен құттықтады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Әңгіме барысында Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша өткен референдумның сәтті өтуімен құттықтады.
«Өзбекстан Президенті атап өткендей, референдум нәтижелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың халық сеніміне ие екенін айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевке қолдау білдіргені және Өзбекстаннан, соның ішінде халықаралық ұйымдар құрамында бақылаушылар миссиясын жібергені үшін алғыс айтты», – делінген Ақорда хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституция прогрессивті құжат, ол заман талабына сай және мемлекеттің тұрақты әрі жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Президент сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалар барысында халықаралық серіктестермен, әсіресе Қазақстанның жақын көршілері мен одақтастарымен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Сонымен қатар тараптар қазақ-өзбек қатынастарының стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтті.
«Тараптар Жоғары мемлекетаралық кеңес аясында бұрын қол жеткізілген келісімдер мен шешімдердің жүзеге асу барысына қанағаттанушылық білдірді. Барлық деңгейде өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», – делінген Ақорда ақпаратында.
Президенттер сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы кездесулердің кестесін талқылаған.
Еске салсақ, 16 наурызда Референдумның орталық комиссиясы жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өткен референдумның алдын ала қорытындыларын жариялады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жаңа Конституцияны қабылдауды 7 954 667 азамат қолдаған, бұл дауыс бергендердің 87,15 пайызы.
Ал 898 099 адам қарсы дауыс берген.