Өзбекстан президенті болып қайта сайланған Мирзиёевтің қанша дауыс жинағаны белгілі болды
Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы 9 шілдеде өткен кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады.
Өзбекстандағы президент сайлауына 15,6 миллион адам, яғни сайлаушылардың 79,8 пайызы қатысқан.
Шавкат Мирзиёевке 13 миллион 625 мыңнан астам сайлаушы (87,5 пайыз) дауыс берген. ОСК төрағасы Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан президенті болып сайлануымен ресми түрде құттықтады.
Алдын ала нәтижелер:
Шавкат Мирзиёев, ӨзЛиДеП кандидаты — 87,5 пайыз;
Ұлықбек Иноятов, ХДП-дан кандидат – 4,2 пайыз;
Робахон Махмудова, «Адолат» СДП кандидаты – 4,43 пайыз;
Эко партиясынан үміткер Абдушүкүр Хамзаев – 3,74 пайыз.
Шавкат Мирзиёев 2016 жылдың қыркүйегінде Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін уақытша мемлекет басшысы болған еді. 2016 жылы 4 желтоқсанда өткен президент сайлауында 87,73 пайыз дауыспен жеңіске жетті. 2021 жылғы 24 қазандағы сайлауда 80,12 пайызбен қайта сайланды.
2023 жылы сәуірде Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумнан кейін Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы белгіленді. Жаңартылған Конституцияға сәйкес, президенттің өкілеттігі бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Ол 2030 жылы өтетін президент сайлауында өз кандидатурасын ұсына алады.