Өзбекстан үкіметі отставкаға кетті
Өзбекстан Министрлер кабинеті жаңадан сайланған парламент алдында отставкаға кетті. Бұл туралы қаулыға 19 қарашада елдің премьер-министрі Абдулла Әріпов қол қойды.
Ал үкімет жаңа министрлер кабинеті жасақталғанша өз қызметін жалғастырады, деп жазады Gazeta.uz.
Бұл заң шығарушы органның құрамы жаңартылғаннан кейін атқарушы билікті қайта іске қосуға бағытталған стандартты рәсім, деп жазады басылым. Жаңа парламент құрылғаннан кейін бір ай ішінде Өзбекстан президенті саяси партиялардың барлық фракцияларымен консультациялардан соң Премьер-министрдің кандидатурасын Заң шығару палатасының қарауына ұсынады. Премьер-министр бекіткеннен кейін жаңа үкіметті құру басталады.
Айта кетейік, жақында Өзбекстанда Заң шығару палатасы депутаттарының жаңа құрамы сайланды.
Басылымның мәліметінше, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 18 қарашада өткен сайлаудан кейінгі палатаның бірінші отырысына қатысты. Ол "парламентте талқылаулар мен оппозиция болуы керек" деген Ол сондай-ақ жаңа дәуірде Өзбекстан парламенті нағыз халық үйіне, ал оның төменгі палатасы – идеялар генераторына, салауатты бәсекелестік пен пікірталас алаңына айналуы керегін мәлімдеген. Өзбекстан президенті парламенттегі оппозицияны белсендіру қажеттігін айтып, оның құқықтарын кеңейтуді ұсынған. Өзбекстан Конституциясына сәйкес Олий Мажлистің заң шығару палатасы жүз елу депутаттан тұрады.
Депутаттыққа кандидаттарға қойылатын талаптар заңмен бекітілген. Бір адам бір мезгілде Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасының депутаты және Сенатының депутаты бола алмайды. Өзбекстан Республикасы Олий Мажлиси Заң шығару палатасының депутаты бір мезгілде Қарақалпақстан Республикасы Жоқарғы Кеңесінің, облыстардың, аудандардың, қалалардың мемлекеттік билік өкілді органдарының депутаты бола алмайды.