Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:47

Өзбекстанда 1900-ден астам бала уланды

1
Фото: Өзбекстанның Мектепке дейінгі және мектепке дейінгі білім беру министрлігі

Өзбекстанның Ташкент облысындағы балабақшаларда орын алған жаппай улану фактісі бойынша жеті адам қамауға алынды.

 Бұл туралы «Озодлик»  құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Кімдер ұсталды?

Ақпаратқа сәйкес, ұсталғандардың арасында үш аутсорсингтік компанияның жауапты өкілдері және балабақшаларға сүт өнімдерін жеткізген кәсіпорынның басшылары бар.

Өзбекстан Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нурмат Атабеков жергілікті Gazeta.Uz сайтына берген сұхбатында:

«Мемлекеттік балабақшаларға аталған аудандарда үш аутсорсингтік компания азық-түлік жеткізіп отырған. Барлығы да Аккурган ауданындағы кәсіпорыннан 3,2% майлылығы бар айран сатып алған. Компания заңды түрде Ташкенттің Учтепа ауданында тіркелген, бірақ өндірісі Аккурганда орналасқан», – деді.

Ол бұл компанияның Shark Milk Product екенін растады, бірақ тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.

Компания мен саяси байланыстар

«Озодлик» мәліметінше, Shark Milk Product компаниясы бұрынғы Аккурган ауданы әкімі Фазлиддин Омановтың ұлына тиесілі. БАҚ-тың жазуынша, дәл осы компанияға қатысты төрт жыл бұрын Ташкент облысында балалардың улану оқиғасы тіркелген. Ол кезде Бас прокуратура қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдегенімен, кейін тергеудің нәтижесі жарияланбаған.

Балалардың жағдайы

Жалпы алғанда, улану белгілері 1900-ден астам балада анықталды. Оның ішінде 900-ден астамы ауруханаға жатқызылды. Көпшілігінде дене қызуы көтеріліп, құсу белгілері байқалған.

Оқиға өткен аптада орын алған. Балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары Букин, Пскент, Бекабад, Аккурган және Куйичирчик аудандарындағы ауруханаларға жаппай жүгінген. Пскент аудандық инфекциялық ауруханасы лық толып кеткендіктен, науқастарды көршілес қалалар мен аудандардағы медициналық мекемелерге тасуға тура келген.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда медициналық қызметкерлердің науқастардың көптігінен үлгере алмай жатқаны байқалады. Бір бейнежазбада медбике әріптестерінен көмек сұрап, шұғыл қолдау қажет екенін айтқан.

Балалар омбудсменінің кеңсесі Ташкент облыстық ІІД-нің Тергеу басқармасы 25 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 257−1-бабы (санитарлық заңнаманы немесе індетке қарсы ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.