Өзбекстанда АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтетін күні белгілі болды
Өзбекстанда салынуы жоспарланған атом электр станциясы (АЭС) жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар 23 желтоқсанда, Жызақ облысының Фарыш ауданында өтеді.
Бұл туралы Министрлер кабинеті жанындағы «Узатом» атом энергиясы агенттігі хабарлады.
Жобада екі түрдегі реакторлар қарастырылған:
-
ВВЭР-1000 – ірі қуатты су-сулы энергетикалық реактор;
-
РИТМ-200Н – шағын модульді реактор.
Алдыңғы мәліметтерге сәйкес, станция екі үлкен және екі шағын реактордан тұрады. Жалпы қуаты 2110 МВт болады. Толық іске қосылғаннан кейін АЭС жылына 16-17 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл елдің жалпы энергия теңгерімінің 12-15 пайызын қамтамасыз етуі мүмкін.
Оның қызмет ету мерзімі 60 жыл деп жоспарланған.
Жұмыс орындары және мердігер
АЭС құрылысы кезеңінде 13 мыңға дейін, ал станция іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жобаның бас мердігері – Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік дивизионы «Атомстройэкспорт». «Узатом» басшысы Азим Ахмедхаджаевтың айтуынша, бірінші бетон құю жұмыстары 2026 жылдың көктеміне жоспарланған.
Өзбекстан мен Ресей АЭС салу туралы келісімді 2018 жылы қол қойған. Алғашқы жоспар бойынша Жызақ облысындағы Тұзқан көлі маңында екі ірі энергия блогы (әрқайсысы шамамен 1,2 ГВт) салынады деп көзделген. 2024 жылдың мамырында тараптар жобаны шағын реакторлары бар станциядан бастауға келіскен.
2025 жылдың қыркүйегінде АЭС конфигурациясы нақтыланды – екі ірі қуатты қондырғы (жалпы қуаты 2 ГВт), екі шағын РИТМ-200 реакторы (110 МВт).
Алдын ала есеп бойынша, жобаның жалпы құны 1 млрд доллардан аспайды.