Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:17, 14 Қараша 2024

Өзбекстанда фильмдер мен әндер "рухани сараптамадан" өтеді

1

Өзбекстанда телехикаялар, мультфильмдер, фильмдер, әндер мен бейнероликтерді қоса алғанда, телеарналарға, радиостанцияларға және әлеуметтік желілерге арналған медиа өнімдерді «рухани сараптамадан» өткізу жоспарланып жатыр.

 

Жергілікті "Руханият және білім" орталығының хабарлауынша, сала мамандарынан құралған сарапшылық топ республика бойынша таратылатын отандық және шетелдік өнімдерді зерттеп, мазмұнын мемлекеттік саясатқа, мемлекет рәміздеріне, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға сәйкестігін тексереді. Сонымен қатар мамандар  аталған өнімдерде рухани-адамгершілік стандарттар, адамның қадір-қасиетіне қауіп төндіретін әдепсіз және ұятсызэлементтердің бар-жоғын анықтайды.

Сондай-ақ мамандар медиа өнімдердің жастар тәрбиесіне, ұлттық менталитетке тигізетін әсерін бағамдап, кейін тиісті министрліктер, ведомстволар мен ұйымдарға мұндай материалдардың көрсетілуін тоқтату туралы ұсыныстарын береді.

"Руханият және білім орталығы", Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі, Мәдениет министрлігі, Кинематография агенттігі, Ұлттық хабар тарату компаниясы және Өзбекстанның Ұлттық БАҚ қауымдастығымен бірлесіп "Рухани емтихан" деп аталатын әдісті енгізбекші. Қоғам мұны әртүрлі қабылдады. Кейбір блогерлер аталған жобаны "руханиятты жамылған цензура" деп атады.

Талқылау қорытындысы бойынша «Руханият және білім орталығы» мәлімдеме жасап, онда "Рухани сараптама" жобасы ата-аналардың, зиялы қауым өкілдерінің және медиаконтенттің ықпалына алаңдаушылық білдірген қалың жұртшылықтың өтініштері, талаптары мен бастамалары негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

"Рухани сараптама" БАҚ өнімдеріне цензура салмайды. Сарапшылардың қызметі медиаконтент жасаушыларға, шығармашылық топтарға және көркемдік кеңестерге  ұсыныстар әзірлеуге бағытталады. Бұл ретте БАҚ өкілдерінің, журналистердің, авторлар мен блогерлердің шығармашылық еркіндігі шектелмейді", - делінген орталық таратқан хабарламада.