Өзбекстанда метан құю бекеттерінің жұмысына қайтадан шектеу енгізілді
Өзбекстанда қыс мезгілі басталысымен метанмен жүретін көлік жүргізушілері үшін әдеттегі мәселе қайта ушыға түсті.
Жүргізушілер газ құю бекеттерінде тәуліктеп кезекке тұрып, көліктерінің багын толтыруға мәжбүр.
Өзбекстан Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 8 қаңтардан бастап ел аумағындағы автомобильдік газ толтыру компрессорлық стансалары (АГНКС) сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін ғана жұмыс істейді.
Министрлік бұл шешімді магистральдық газ құбырларындағы қысымның төмендеуімен байланыстырды. Қысым төмендеген жағдайда табиғи газбен тұрғын үйлерді, қоғамдық көлікті және әлеуметтік нысандарды үздіксіз қамтамасыз ету басымдыққа ие екені атап өтілді.
Осыған байланысты метан құю бекеттерінің жұмысы жергілікті әкімдікпен келісілген кестелер бойынша, газбен қамтудағы ағымдағы жағдайға, қысым деңгейіне және тұтыну көлеміне қарай уақытша шектеледі.
Энергетика министрлігі бұл шектеулердің уақытша сипатқа ие екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда газ қысымын қалыпқа келтіру бағытында практикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Өзбекстанда 11 желтоқсанда министрлік газ қысымының тұрғын сектор мен әлеуметтік нысандарда төмендеуіне жол бермеу үшін газ құю бекеттерінің жұмысын уақытша шектеу жоспарланғанын хабарлаған. Бұған Түрікменстанның газ тасымалдау жүйесіндегі техникалық ақауға байланысты импорт көлемінің азаюы себеп болған.
Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудовтың айтуынша, аталған апат салдарынан елде 6 миллион текше метр газ тапшылығы туындаған. Сонымен қатар жерасты газ қоймаларынан тәулігіне 42 миллион текше метрге дейін газ алынған.
30 желтоқсаннан бастап газ құю бекеттері тәулік бойы жұмыс істеу режиміне қайта көшкен еді. Алайда қаңтар айында шектеулер тағы енгізілді.
Өзбекстан табиғи газды Ресей мен Түрікменстаннан импорттайды. Соңғы 11 айда ел импорттық газға 1,5 млрд АҚШ долларын жұмсаған, бұл өткен жылдың сосы кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға аз.
Қыс мезгіліндегі газ құю бекеттерінің жұмысына шектеу қою Өзбекстан үшін таңсық жағдай емес. Azattyq Asia дерегінше, 2023 жылдың желтоқсанында да газ құю бекеттерінің жартысынан астамы жұмысын толық тоқтатқан. Ол кезде қиындықтар негізінен Ташкентте және халық тығыз орналасқан өңірлерде байқалған. Ал 2024 жылдың ақпанында қалың қар мен газ қысымының төмендеуіне байланысты шектеулер қайта енгізіліп, ай соңына дейін ұзартылған.
Энергетика министрлігі жыл сайын қыс мезгілінде енгізетін бұл шектеулер республика бойынша метан құю бекеттерінде ұзын-сонар кезектердің пайда болуына және жүргізушілердің наразылығына себеп болып отыр.
2024 жылдың желтоқсанында Ташкент соты газ құю бекетінің жабылуына байланысты билікті ашық сынаған 47 жастағы жүргізуші Ғайрат Дустовты әкімшілік қамауға алды. Ол әлеуметтік желілерде газ құю бекеттерінің жабылуы өзін табыс табу мүмкіндігінен айыратынын, маршруттық такси жүргізушісі ретінде отбасын асырап, мүгедек адамға қарайтынын айтқан. Сот оны «ұсақ бұзақылық» бабымен кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Апелляциядан кейін жаза мерзімі 8 күнге қысқартылды.