Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:21, 05 Шілде 2022

Өзбектің іргесі сөгіле ме?

None
None

Өзбекстан үлкен бір қақтығыстан аман қалды. Былайша айтқанда,  құдай сақтады. Өзбек билігі жедел қимылдады.

Қатердің алдын алды. Әйтпегенде...

«Тәуелсіздік» деп ұрандасқан қарақалпақтар біраз жерге барар еді. Әрине, Шавкат Мирзиеевтің тағын тартып алмас. Бірақ өзбек  шаңырағы шайқалып кетері анық-ты. Сонымен, даудың басы не  дейсіз ғой – Конституция. «Әр президент өз әнін айта келеді»  демекші, 2016 жылы Ислам Кәрімов қайтыс болған соң, өзбек билігін  қолға алған Мирзиеев 6 жыл үндемей келіп, биыл түлен түртті ме, аяқ асты ел Конституциясын өзгертуді қолға алды. Бәлкім, көршісі Қазақстан президенті Тоқаевтың Ата заңға жасаған өзгерісін  қайталағысы келді ме, кім білсін? Өзбектің басты заңына біраз  толықтырулар мен өзгертулер енгізуді қолға алған.

Бұл заң 25  маусымда жұртқа таныстырылып, 5 шілдеге дейін талқылауға берілді.  Сөйтсе, Конституцияда өзбек елінің қарамағында отырған Қарақалпақстанға байланысты да өзгерістер бар екен. Бар кілтипан содан басталды. Бұрынғы заңда Қарақалпақстан «егемендігі» сақталған-ды. Тіпті, 20 жылдан кейін (Конституция 1993 жылы  қабылданған) референдум арқылы (бұл мәселені 2013-14 жылдары  қоғам белсенділері көтерген. Бірақ өзбек билігі қысым жасаған соң,   біразы шет елге кетіп тынған. Содан қарақалпақтардың «тәуелсіздігі»  қағаз жүзінде қалып қойған еді). Өзбекстаннан бөлініп шығуға  құқылы делінген.

Ал қазіргі заңда бұл мәселе алынып тасталған. Дау содан басталды. Наразылық мұқым Қарақалпақ жерін шарпыды  деуге болады. Өзбек билігі «билікті басып алмақ болды, сыртқы  күштер араласты», деген сияқты мәлімдемелер жасады. Наразылық күштік құрылымдардың арқасында басылды. Қан төгілмеді емес, төгілді. 343  адам зардап  шеккен.  18  адам  қаза  тапты. Ұсталғандар, қамалғандар да жетерлік. Қазір бұл жақта  ғаламтор жұмысын тоқтатқан. Дегенмен көшеге шыққан жұрттың,  күштік құрылымдарымен айқасып қалған суреті, видеолары  әлеуметтік желілерде аз да болса, тарап жатыр. Соған қарағанда, Өзбек билігі көшеге шыққандарды аямағанға ұқсайды.

Өзбек президенті Қарақалпақстанның орталығы Нүкіс қаласына келді. Кездесулер өткізді. Қарақалпақстанға байланысты мәселе баяғы  заңдағыдай, қала беретіндігін жеткізіп, елді сабасына түсуге  шақырды. Қарақалпақстанда  төтенше  жағдай   енгізді.

Дегенмен «екі ел – бір мемлекет» деген өз ойын да  тұспалдап жеткізді. Осындай қадамға барған Мирзиеев дұрыс жасады. Ұтты. Өзбекстанның іргесін сөгетін бір қауіптің алдын алды… Алдағы  уақытта бұл мәселе қалай шешіледі? Оған уақыт төреші.   Қарақалпақстан тәуелсіздікке қол жеткізе ме, жоқ па? Оны айта алмаймыз. Көрші елдің ішкі ісіне араласуға болмайды. Қысқасы, бұл  мәселе өздерінің шаруасы.                                                                

Ресми деректерге қарасақ, Қарақалпақстанда қарақалпағы, қазағы,  өзбегі араласқан 2 миллионға тарта адам тұрады. Қарақалпақстан Өзбекстан территориясының 40 пайызын алып жатыр. 1924-30  жылдар аралығында Қазақстанның құрамында болып, 1936 жылдан  бастап, Өзбек елінің құрамына енген.

Тегтер: