Өздерінің шеңбері бойынша айналушылар
Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы «міне, тәуелсіз ел болдық, енді өз байлығымыз өзімізде болады, нарықтық экономика құрып қарық боламыз» деп, бөркімізді аспанға атып қуанған едік.
Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болды. Қайда сол қарық боламыз деген арманымыз неге орындалмады? Халық кінәлі ме? Халық кінәлі емес. Оған қазіргі билік, үкіметтің жоғары лауазымды адамдары және ең бастысы – мемлекеттік жүйе кінәлі. Осы ретте Қазақ еліндегі халықтың тұрмыс-тіршілігін үш топқа бөліп қарастыруға болады.
- Бірінші жоғары топтағылар – миллиардерлер мен миллионерлер, яғни өте бай адамдар. Олар өздерінің шеңбері бойынша айналып, өздерін керемет, құдіретті жан ретінде сезінушілер. Оларға заңның да күші жүрмейді, олар заңнан да биік тұрғандар.
- Екінші топтағылар – министрлер мен әкімдер. Сөз жүзінде халық үшін қызмет етіп жүргендер сияқты көрінгенімен, іс жүзінде жоғары жақтың тапсырмаларын орындап, тек өздерінің ғана жағдайларын жасайтындар.
- Үшінші топтағылар – орташалар мен кедейлер: олар үкіметтен ешбір көмек болмайтынын біліп, өз күндерін өздері көріп жүрген орташалар және әрең-әрең өмір сүріп жүрген кедейлер тобы.
Ал енді осы үш топтың бір-біріне байланысты көмегі бар ма деген сұрақ туады. Әрине, жоқ. Бірінші топтағылар байлықтың соңына түсіп, өз шеңберімен жүретін, ешқандай адамға, қоғамға пайдасы тимейтін тасжүрек адамдар. Екінші топтағылар да өздерінің шеңбері бойынша айналып жүрген дөкейлер мен әкімсымақтар. Үшінші топтағылар да өз шеңберінде ғана айналып, өздерін-өздері асырап отырған орташалар мен кедейлер тобы.
Енді мынадай сұрақ туады. Неге олар өздерінің шеңберімен ғана айналады? Осы үш шеңбер бірігіп, үлкен бір шеңбер болып неге айналмайды? Олар бірігіп айналмайды. Себебі біздің қоғамдық жүйеміз солай қалыптасқан. Турасын айтқанда, біз жабайы капиталистік қоғамда өмір сүрудеміз. Ал енді мемлекеттік жүйені дұрыс жолға салып, тәртіпке келтіретіндер: президент, парламент, үкімет және жоғары биліктегілер. Қазіргі күнде жоғары билікте отырғандардың көпшілігі өздерінің «халық қызметшісі» екенін ұмытып, керісінше, «халық – биліктің қызметшісі» деп ұғынатын сияқты. Мұндай пиғылдағы адамдар ешқашан да халыққа жақсылық жасап, қызмет ете алмайды. Сондықтан да еліміздегі адал ниетті азаматтардың, қазіргі биліктің, жүйенің халыққа қарай дұрыс жолға бұрылуына өздерінің үлестерін қосулары қажет. Бұл – Қазақ елінің барлық азаматтарының басты міндеті. Осы міндеттер толық орындалғанда ғана осы үш топтағы халық бір үлкен шеңберге бірігіп айналады. Сол кезде нағыз халықтық мемлекет орнап, халқымыздың жағдайы жақсара береді.