Өзекті жарған өлеңім менің – өз ұлым

КӨКТЕМ
Қайрылмас күндер «Алтын күрекке» ілініп,
Қаймақ қар кетіп, жамырай түсті жылымық.
Қытымыр қыстан қабарып қалған көңілге,
«Құс қанатымен» жалғаса кірді бір үміт.
Нәурізек болып жетті де көктем дерегі,
Назданып дала, құлпыра түсті жер өңі.
Нәп-нәзік сәуле Нәркестің ашып қауызын,
Шалқая берді шық тұнып тұрған желегі.
Арайға бөгіп аңқылдақ ауыл ақ таңы,
Бүр жарды алша, гүлдеді шие бақтағы.
Мехнаты мәлім диқанның тері моншақтап,
Басталып кетті алтынға бермес шақтары.
Көгілжім зеңгір шуаққа толды жанары,
Керіліп жатқан қырдың да кірді жаңа әрі.
Кербесті мініп, көгілдір көйлек киінген
Кермиық ару күлімдеп өтіп барады.
КӨКЕМАРАЛ
(Аягүл Мантайдың өліміне)
Санасы оның секілді еді сары уыз,
Қасиетін ұқпадық-ау әлі біз.
«Мен өзімді мойындатам» деуші еді,
Көкемарал – көкке ұмтылған кәрі қыз.
Құнын біліп қалам деген безбеннің,
Ол ырқына көне алмады ездердің.
Өз бағында өгейшөптей күн кешті,
Бақшасына көзін сүзіп өзге елдің.
Өзегінен жұлып алып өгейді,
Өртегісі келетіндер көбейді.
Казнет гулеп өршітуде өсегін:
Кеше сол қыз өлген дей ме, не дейді?
Шындық екен...
Көкемарал өліпті.
Қауесет сөз қабырғасын сөгіпті...
Көпсітем деп көкейдегі көбікті,
Көктің қызы өліп тынды.
Не бітті?
ӘЛЕМЖЕЛІ дейтін – арсыз сайқал бар,
Күндіз-түні өреді онда шайтандар.
Өрмекшінің өрмегіне маталып,
Өліп кетіп жүрмеңдерші, байқаңдар!
Көкемарал өліпті...
Не бітті?
АНА МАХАББАТЫ
(Баллада)
Ақ махаббат – мәңгілік сүйенері,
Ана жүрек не деген киелі еді?!
Жылдар жылжып, жылғалар аққан сайын,
Жан анашым түсіме жиі енеді.
Жиі енеді түсіме марқұм анам,
Ол – мен үшін әулие, алтын адам!
Аяласа анасын
жалпы ғалам
Арылатын сияқты бар күнәдан.
Жеткендей боп өремді танытар күн,
Анамды ойлап,
ауылға бағыт алдым.
Дұғамды арнап,
сипалап топырағын,
Шемен болған шерімді ағытармын.
Зиратына бас иіп жан баспаған,
Ақтарармын сырымды жанға ашпаған.
Тіршілікте анамның өзі еді ғой,
Армандауды үйреткен алғаш маған.
… Жүрдек пойыз жүйткіді заулап ағып,
Жондар қалып артында,
тау да қалып.
Алақанын анамның аңсағанда
Көкірегімде сағыныш лаулады анық.
Анамды ойлап жанарым шоқтай жанды,
Таң сәріде
жол біздің бетке айналды.
Азаншыдай аңырап барды дағы,
Пойыз кенет гүрс етіп тоқтай қалды.
Тоқтай қалды жұлыны үзілгендей,
Ыңырсыдық соққыдан біз інгендей.
Жын-пері боп жүйткіген жүрдек пойыз,
Құлыншақты қағыпты
тізгін бермей.
Қан жоса боп құлаған қасқа құлын,
Көрген кезде жанымды жасқады мұң.
Ана-бие шырқырап кісінеді,
Аңғара алмай ажалдың қас қағымын.
Тірі шығар дей ме екен мүмкін әлі,
Оқыранып,
құлынға ұмтылады.
Қиып түскен қайғыға сене алмастан,
Қайран ана қызғыштай шырқырады.
Қызғыш-ана тұрмады көп те ойланып,
Құла қырды шырқырап кетті айналып.
Қыр астынан кісінеп жылаған үн,
Қыл қобыздың үніндей жетті-ай налып.
Жер теңселіп, жатқандай жарылып қыр,
Жолаушылар аһ ұрды жабылып құр.
Жас машинист биенің халін көрген,
Не болғанын түсінбей аңырып тұр.
Аңырып тұр, еш айла қалмағанға,
Ана-бие адамша зарлағанға.
Көз алдында жайраған сәби жатыр,
Бұдан асқан қасірет бар ма адамға?
Ұға алмады қалайша, неге қақты?
Жарқын өмір есігін неге жапты?
Темір жолдың үстімен Ана-бие,
Жұлдыздайын қарсы ағып келе жатты.
Құлын-ғұмыр жатқанда тепкі көріп,
Мәңгілікке үзіліп кетті ме үміт?
Жан ұшыра шұрқырап аққан жұлдыз,
Қақ маңдайдан пойызды соқты келіп.
Соқты дағы құлады жантәсілім,
Жаңғырыққан естідік жартас үнін.
Ана жүрек қасынан бір-ақ шықты,
Жалғыз кеткен құлыншақ – қалқашының.
Дүниеде ананың кегі бөтен,
Оны ойласам қайғыға бөгіп өтем.
Ол жақта да кім білсін құлынының,
Табылайын қасынан деді ме екен?
Тиянақсыз заулаған өмір мынау...
… Зират басы.
Жан анам.
Көңіл қырау.
Махаббатын анамның жаңа ұққандай,
Жылқыны ойлап, армансыз егілдім-ау!
КОВИД
Анда-санда телефондап:
– Қалайсың?
Амансың ба?– деп сұрайды ол менен.
… Басымыздан өтіп жатыр талай сын,
Қайғыны да көріп жүрміз көлденең.
Әлденеден сескенгендей:
– Аманмын!
Әл әзірге есен жүрміз, – деймін мен.
… Беті жаман індет кірген заманның,
Көңіліміз мәңгі қалды кей күннен.
– Қыр басына шығып жатыр көп адам,
Естідің бе, Есенғали кетіпті...
...Үнсіз ғана күрсінемін мен оған,
Басып жатып әлгі қызыл тетікті.
Жаман хабар жедел дейді желден де,
Арғы бетке ауысқан ғой тұрағы.
… Еңсемізді енді тіктей бергенде,
Қаралы дос тағы да ызбан ұрады.
Қимайтындай қара түнек қабірге:
– Амансың ба? – деп сұрайды ол менен.
...Әр таң сайын тәубе дейміз Тәңірге,
Жақсы-ау,
Жақсы-ау,
Әл әзірге өлмеген!
ДИАЛОГ
– Бұрындары...
Көк жәшікті құдіретке балайтын
жұрт таласа жайғасатын экранның алдына...
– Ал енді ше?
Осы күнде теледидар қарайтын
мәнжубастар қалды ма?
– Қарттар ғана
қарайды екен құс жастығын жастана.
Миллиардтар – үкіметтік арналардың шығыны.
– Интернет пен
гаджеттерде жаңалық та, басқа да...
Қайтсін халық ТВ-ны?..
– Алар кезде
сайлаушының «маңызға ие» дауысын
көк жәшікке кетеді әмсе толып «Нұр».
– Сол науқанда
шал-шауқанның «миын тазалау» үшін
теледидар
үкіметке ғана керек болып тұр.
– Миллиардтарды
берсе еді ғой сол қарттарға шерменде,
құлақтарға іле бермей «лапшаны».
– Өздерінің өтірігін өткізуге келгенде
Билік құрғыр, аямайды ақшаны.
– Әлімсақтан
сөз қадірі – ақиқаттың күшінде,
Сенбе мейлің, сен мейлің.
– Үкіметтің артын жауып отырғаны үшін де
Теледидар көрмеймін.
– Жалған мақтан,
жалпақ сөзге отырса да көз жетіп,
Саясаттың жолын қалай қиясың?
– Айналайын,
розеткадан суыршы енді тездетіп,
өтіріктің ұясын!
БИІКТЕРІМНІҢ БАСТАУЫ
«...Киелім – Аққұм!
Сүйемін, Аққұм!
Басымды саған
Иемін, Аққұм!»
Темірғали
Өзімнен өзім дәйексөз алдым,
күлмеңдер,
(Аққұмды мендей жырлаған ақын жоқ шығар?!)
Туған жер жайлы жамырата жазып жүргендер,
Сөзімнің түбін топшылар.
Жақұтқа балап, жырлаймын дәйім Аққұмды,
Мен үшін Аққұм – жұп-жұмыр Жердің кіндігі.
Өткіздім сонда алтынға бермес пәк күнді,
Жүзінен тамған шындығы.
Ауылдан сонау аттандым алыс сапарға,
Жолында жүрдім жұртыма керек істердің.
Аққұмды қосып, кәлимамды айтсам жатарда,
Бала кез жайлы сағыныш толы түс көрдім.
Тоғайы сыңсып, өзені шулап, сыр айтты,
Туған жер десем, көңілден талай көшкен мұң,
Шынарлы бағы
шалқып өсетін шұрайттың,
Құнарын алып,
Құмарым қанып өскенмін.
Асқар да асқар, асқақ шыңдарға ұмтылдым,
Жүректен жігер, бойымнан қайрат таптым да.
Қырандай қалқып, биікте жүрсем,
бұл күннің
бастауы – сонау Аққұмда.
ҚҰЛАП ТҮСКЕН ҚАРАҒАЙ
(Қайын інім Талғаттың қазасына)
Ей, қара Жер, толды ма қайырымсыз қатпарың?!
Үзілді ме ей, Өмір, шиыр-шиыр соқпағың?
Жан бауырды жасырдың тас түнектің түбіне,
Талғамы жоқ сұм Ажал, осы ма бар тапқаның?
Зауқайымда запыран зарымды айтып зарықтым,
Қара жердің қойнына қалай қидың Жарық Күн?!
Қарайғанға қарадай қиянаты жоқ еді-ау,
Қарағыма қу Тағдыр, неге сонша тарықтың?
Мазалайды сан сұрақ:
Неге?.. Неге?.. Неге?.. – деп,
Өртенді де кетті ғой отқа түскен көбелек.
Үлгермеді-ау ойдағы армандарын жебелеп,
Үлгермеді-ау үйінің босағасын шегелеп.
Біржолата сөнді ме нұрлы өмірдің сәулесі?
Мәңгілікке шөкті ме тіршіліктің нау көші?
Жылдар бойы жалаңдап, жанын жеген бейуақта,
Қыр соңынан қалмады-ау мың науқастың әуресі.
Жаны жайсаң жан еді, көңілі нақ баладай,
Алып тынды-ау сұм ажал, ай-шайына қарамай.
Қабіріңнен қарап тұр қалғымайтын қалақ Ай,
Қош, қош енді,
қапыда құлап түскен Қарағай!
КІТАПХАНА МЕН ҚАСАПХАНА
(Баллада)
Аққұмда өткен арманшыл бал дәуренім,
Текті күндер санамда қалды-ау менің.
Зымырандар ұшырған Байқоңырдай,
Аққұм берген шабыттың самғау көгін.
Тәңір тегін бермеген біздейге өлең,
Тебіреніп келемін күздей кенен.
Алып ұшып Аққұмға жеткен сайын,
Бала күннің белгісін іздей берем.
Іздей берем сол күнге оралардай,
Сол күндерде адамдық жора бардай.
Амал қанша жақсы үміт жеткізбейді,
Жел ұшырып, жоғалған орамалдай.
Ескі мектеп. Қалың бау. Өрік, алма.
Біреуі де қалмапты-ау, жөн ұғарға.
Бал дәуренім саяңда өткен еді,
Бала кездің бір сәті жолығар ма?
Тоз-тоз болып бітіпті дала да, қыр,
Біздің жаққа келген бе заман ақыр?
Бала кезден бір елес ұстай алмай,
Жүдеу жаным жабырқап бара жатыр.
Кітапхана болатын мына маңда,
Жан рахатын беретін сұрағанға.
Қасапхана салардай дәл сол жерге,
Не көрінген, апыр-ау, бұл адамға?
Бәңгі күннің зауалы болмасын ба?
Миым толып кеткендей қорғасынға.
Кітапхана орнында қасапхана,
Бала кездің отырмыз ордасында.
КЕТІП ЖАТЫР БАУЫРЛАР
Естияры елірмес, елміз деуші ек есі бар,
Кеще болып кеттік пе, көштің мәнін кеш ұғар?
Кетіп жатыр бауырлар Кетпен таудан ары асып,
Арқа жайлы болғанда, арқар ауып несі бар?
Арқар ауып несі бар,
Зар болмаса шұратқа,
Адам көшіп несі бар,
Зары жетсе құлаққа.
Ертегісі күмәнді,
Ертеңгісі тұманды
Кетіп жатыр бауырлар, туған елден жыраққа.
Үйсін кетіп барады,
Дулат кетіп барады,
Қолына ұстап қауғасын, шулап кетіп барады.
Арғын кетіп барады,
Найман кетіп барады,
Дауға қойсаң қайтпайтын қайран кетіп барады.
Беріш кетіп барады,
Адай кетіп барады,
Жаудың бетін қайтармай, қалай кетіп барады?
Бастар кетіп барады,
Жастар кетіп барады,
Арман кетіп барады,
Жоспар кетіп барады.
«Өз қағынан жерінген құлан оңбас» деуші еді,
Жамандыққа қимайтын достар кетіп барады.
Жоқ, жоқ, намыс әсте де көрген емес көз іліп,
Кетіп жатыр қабағын келешектің сезініп.
Қой үстіне бозторғай ұя салар елдегі,
Қой терісін жамылған қасқырлардан безініп.
Кетіп жатыр бауырлар,
Кетіп жатыр жыраққа,
Жайлы елді жағалап, жету үшін мұратқа.
О, туған ел, өзіңнің топырағыңнан нәр алдым,
Кете берсін кеткендер,
Мен кетпеймін бірақ та!
ПАЙЫМ
Жалтылдаған сәулелердей шынайы
менің нәзік түйсігімнің түбінде
бір ақиқат пайым бар.
Жан жүректі толқытатын ұдайы,
Әлімсақтан аман жеткен бүгінге
Құдірет бар мойындар.
Ол құдірет – Өлең! Өлең киесі!
Періште де одан үлгі алуға
ынтығады, сәби де.
Ақын! Ақын – сол өлеңнің иесі
өлеңнен де таза болып қалуға
тиіс мынау фәниде.
Ақын! Ақын! Сен пәкизат болмасаң,
Ақиқаттан аттап кетсең, ардан да
Болмысыңа өгейсің.
Арды былғап, қараулықты қолдасаң,
Ғарасаттың майданына барғанда
Құдайыңа не дейсің?
ҰЛ ТУРАЛЫ ПӘЛСАПА
Ұлым жоқ менің,
ол үшін әсте өкінбен,
Қырмызы гүлдей қыздарым жайнап, жетілген.
Ұлың сүйер ме, қызың сүйер ме кім білсін?
«Кімді берсе де, шүкіршілік!» деп бекінгем.
Уақыт көшіп, ұлсыз да өмір сырғиды,
Өзімше мен де шертсем деп келем бір күйді.
Қимаған Алла қолыма қонар қырғиды,
Көкірегіме топшысы мықты жыр құйды.
Көңілде тұнған кестелі көркем өлеңмен
Өзімдей көріп, өмірді жырлап келем мен.
Өзекті жарған өлеңім менің – өз ұлым
Елімнің ыстық ықыласына бөленген.
Артымда қалар өлеңім менің – өз ұлым,
Арнаға сыймас ағыл да тегіл сезімім.
Арада талай ғасырлар өтіп жатса да,
Кездескен адам керегін табар өзінің.
Өлеңім менің – рухым ғой асқақ
өлмейтін,
Болмыс пен мінез – асау тағдырға көнбейтін.
Түнекте жүрген жүрекке сәуле түсірер,
Өлеңім менің – шырағым мәңгі сөнбейтін.
Өлеңім – ар мен намыстың берік қорғаны,
Соңымнан шұбап сөздерім қалса болғаны.
Пушкинше мен де ескерткіш қойдым өзіме,
Өлмесе өлең – ақынның жанған сол бағы.
Өлмесе өлең – ақынға түбі бақ қонар,
Әр сөзін жаттап ол үшін халық мақтанар.
Ұл бала ертең басыңа көк тас қойғанмен,
Туажат келіп, түбінде саған жат болар.
Ал менің жырым (өмірің жетсе көрер ең),
Қазағым барда түспейді биік сөреден.
Ғасырлар бойы атымды тұрар жаңғыртып,
Ұлым бар менің,
Ұлым бар менің – ол Өлең!
МҰҚАҒАЛИҒА ЖҮГІНУ
О, Мұқа!
Тірі болсаң тоқсанға келер едің,
Тағдырыңның тартқанын көрер едің.
Абыз жырды ақтарып отырар ең,
Ортасында немере, шөберенің.
О, Мұқа!
Арманда өткен ақберенім,
Жүрек отын маздатып жақты өлеңің.
Маңдайға бұйырмаған тоқсаныңды,
Шарасыз ортасынан қақ бөлемін.
Қақ бөлемін,
Бөлмеске шара бар ма ?
Емес адам өлмейтін қара қарға.
Қырық бес жыл жүріп ең жер бетінде,
Қырық бес жыл өзіңсіз таң ағарды ә.
Запы болған бораннан, бұрқасыннан,
Байғұс жүрек,
қашанғы шырқасын ән.
Қырық бестің қол бұлғап қырқасынан,
Қош айтыстың көктеммен нұр тасыған.
Иә, сол кез нұр тамған көктем еді,
Шарт сынды ғой өмірдің өткелегі.
Сол күні қара өлеңнің қаршығасы,
Қайрылмасқа көкке ұшып кеткен еді.
Содан бері қырық бес көктем өтті,
Өктем жетті уақыт, өктем өтті.
«… Біреулерді бұл өмір еркелетті,
Біреулерді бұл өмір өкпелетті».
Қай тірлікті айтайын, қай бір істі?
Кей тағдырлар амалсыз айрылысты.
Біреулерді күтпеген қайғы қысты,
Ал біреулер қиялмен айды құшты.
Адамдар сол, баяғы өзің көрген,
Адасқан да, арбасқан сезімдермен.
А, айтпақшы, алғанбыз Тәуелсіздік,
Сынақ болған халықтық төзімдерге.
Бұл күнде біз елдейміз өрістеген,
«Мавр» менен «Ильичті» терістеген.
Не дер едің, сен өзің тірі болсаң,
Бұл қоғамға әр істі кері істеген?
Базар-бағын әр елдің уақыт сынар,
Тағдырының салғанын татып, шыдар.
Қаймана жұрт қайғысын осы күнгі,
Көрмеген де, кім білсін,
бақыт шығар?
Тірі болсаң тоқсанға келер едің,
Халқыңның шын ахуалын көрер едің.
Екі сиыр бақ деген ақ патшаға
О, Мұқа, өзің айтшы,
Не дер едің?
Өзіңе айтпай кімге айтам жан сырымды?
Хан жаңылды жүрістен, нар сүрінді.
Көрсең еді бүгінгі таңсығымды,
Көрінгеннің болғандай қаңсығы үлгі.
Маза бермес жүректің дүрсілі шын,
Өз кезіңде-ақ көп еді күрсінісің.
Сен жырлаған Отанды сатып жатыр,
Мәу дегізбес биліктің құрысын ісі.
Сырымды айттым өзіңе, сенсең мейлің,
Бақытына елімнің мен сенбеймін.
Тістегеннің аузында кететұғын,
Келешекті көрмей-ақ өлсем деймін.
О, Мұқа!
Өзіңе айтқан сырым еді,
Бұла ақын Ұлы ақынға жүгінеді.
Мына билік бетімен кете берсе,
Бәрі дағы бір күні
бүлінеді...