«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды»

Жалақысыз өткен 21 жыл
Сөздері ғасырдан-ғасырға ұласып, қазақпен қатар жасайтын Қасым ақын іштегі шемен-шерімді қозғап отыр.
Иә, оны біреу білсе білер, бірақ көп ел бейхабар. Менің соншалықты сарсыла сабылып, ұрпақ үшін жаным жалаулап, жұлым-жұлымы шығып жүргенін білсе, онда биыл жиырма бірінші жыл шығарып келе жатқан журналым елге кең-молынан тарар еді.
«Әттең!» деймін… Байлары байлық қуған, ұл-қыздары кітап оқудан бойларын аулақтатқан, ал кедей-кепшігі газет-журналға жазылуға ақша таба алмай зарыққан, тарыққан заманда, бағыт алған бетімнен қайтпай, қасарыса қатып қалған өзіме обал жоқ деп те сыбаймын өз-өзімді. Бірақ бәрібір, кідіргім келмейді. Үлкен істі бастадым ғой, енді жарты жолда тастамайын деймін.
Көз алдыма балғын оқырмандарға өмірлерін арнаған Мұзафар Әлімбаев, Құрманбай Толыбаев сынды асыл ағаларым келеді.
Әуелі сөз қозғаған Құраға: «Талғат, «Жыл – он екі ай» өте керекті күнпарақ-кітап еді, тоқтап қалғаны бәрімізді қатты өкіндіреді. Өзің де авторы болдың. Осыны қолға алып, қайта тірілтші, бұл сенің өміріңдегі баға жетпес сауапты бір ісің болады», – деді. Сөйтіп 2001 жылы бірінші кітабын құрастырып, жаңарған үлгідегі қолжазбасын қолыма ұстатты. Ал Мұзаға болса, «Ескірмейтін есті кітап» деп арнау сөзін жазды. Суретші Гүлбайраш Молдабаева әр әңгіме, жаңылтпаш, жұмбақ, санамақ және басқа да танымдық, тағылымдық мәні зор материалдардың мазмұнын ашатын суреттермен әрлеп, безендірді. Ішіне енген дүниенің бәрі әбден іріктелген, оқырмандардың талғам-таразысынан өтіп, екшелген. Авторлары түгелге дерлік жалпақ жұртқа жақсы таныс алдыңғы толқын қалам иелері. Ақталған ақын-жазушыларды да ескеріп, балаларға арналған жақұт жырлары мен әңгіме, ертегілерін барынша енгізген едік. Солай кітабымыз жеті мың данамен рухани сусаған елге тарады. «Жыл – он екі ай» кітабының сүйінші данасын бастан-аяқ ерінбей, мән беріп оқыған Мұзаға, түннің бір уағы екеніне қарамай: «Әй, Талғат, мынау өзі жүз жылдан кейін де ескірмейтін, иісі қазақ ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып оқитын ғажап кітап болыпты!» – деп, төбемді көкке жеткізе көтермелегенін қалай ғана ұмытайын?!
Бірақ оңай жерде мал бар ма, әлі күнге дейін қаусырған қиыншылық қыспағынан арыла алмай жүрсем де, әйтеуір үзбей шығарып келе жатырмын. Кітап саудасы тұралап, ел ауқымында дүкендері жаппай сатып алған адамдардың иелігіне көшкен кер кезеңде әдеби күнпарақ-кітапты мерзімдік басылымға айналдырып таратудан басқадай жол қалмап еді. 2002 жылы көлемі он екі баспа табақтық етіп екі рет, одан соң жыл маусымдарына қарай төрт реттен шығара бастадым. 2006 жылдан бастап осы басылымдарға екі аралық нұсқа қосып, екі ай сайын жарық көретін журнал еттім. Жер-жердегі талғамы терең оқырмандарымның көңілінен шықты. Оның сыртында мезгілінде жазылып үлгере алмағандарға арнап «Қазпошта» бөлімшелері арқылы бөлшек саудаға шығардым. Солай бола тұра, мемлекеттің, я болмаса мықты демеушінің ықпал-күшінсіз өте ауыр тиеді екен. Өйткені бүкіл басылымның машақаты өз мойныма артылды. Редакторы да, корректоры да, құрастырушысы да, тіпті таратуды ұйымдастыру ісімен шұғылданатын қызметкері де бір өзім. Мұндайда мәселе ниетке келіп тірелетін көрінеді ғой. Әйтеуір Құдай қолдады. Кестеде көрсетілген уақыттан кешіктірмей таратушы ұйымдарға тиесілі сандарын жеткізіп беріп тұрдым. Ұстаздық қызметке өмірлерін арнап қана қоймай, шығармаларымен де белсене араласатын Айса Хамзеұлы, Сүлеймен Баязитов, Жеткерген Әбдірейұлы сынды авторлар басылымның әр саны қолдарына тиген сайын телефон арқылы немесе жырақтан жолдаған хаттарында шырайлы сөздерімен шабытымды шалқытып жібереді. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Естігенде көңілімнің көк сарайы ашылып, дүние әлем кеңіп сала бергендей күйге бөленуші едім.
Осы жерде ағымнан ақтарылсам, жаным сөзге семіргені сондай, журналды шығарған жиырма бір жыл ішінде жанкешті еңбегіме бір тиын да жалақы алып көрмеппін.
21 жылда жиырма бір кітап...
Кім-кім де жақсылыққа ынтызарлана ұмтылады емес пе? Мен де дәл солай жылдарды жылдарға ұластырдым. Бірақ біздің жемқорлыққа көз жұмып, құныға кіріскен қорқау билік жүрегіміздегі ізгі ойымызды ыңғайына қарай сәтімен пайдаланды. Жағдайымыз келешекте керемет болады деп, тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында барысты ауызға алды. Қос аяқтап көкке ұмтылған асау бейнесін ілмеген жері қалмады. 2030 даму бағдарламасының межелі уақыты таяй түскенде, оның жүзеге аспайтынына көздері жетіп, 2050, «Мәңгілік ел» боламыз дегенді шығарды. Елге ертегідей елестейтін жырақ жылдар емес, дәл қазіргі кезі керек екенін мүлде ескергілері келмеді. Бүгінгі Тоқаев билігінің айнала маңындағы ақылмандарының да асып тұрғаны шамалы-ау, әсте. Бақытты болашақтың мерзімін одан ары он жылға асырып, «Жаңа Қазақстан» деген межелі бағдар жасады. Күлеміз бе, күңіренеміз бе, қайтеміз?
Мен өзімді емес, «Жыл – он екі ай» журналының қулық-сұмдықтан ада-күде, бейкүнә балғын оқырмандарын аяймын. Мұзаға мен Құрекеңнің ақ батасымен журналымның алғашқы саны жарық көрген жылы өмір есігін енді ашқан сәбилер жиырма бірге толды. Ұлдары – зіңгіттей жігіт, қыздар сыланған сұлу бойжеткендерге айналды. Бәлкім, ішінара жоғары оқу орнын бітіргендерінің қызметке тұрғандары бар шығар, ал екі қолға бір күрек таба алмай, бұла күштерін қайда жұмсарын білмей сергелдеңде жүргендері де аз емес-ау. Алайда солардың арасында бай-бағылан, шіренген шенеунік, сот, прокурор, генералдардың ұл-қыздары болмаса, ертеңгі күндерінің жарқырап күтіп тұрғанына сенетіндері бар ма екен? Міне, әбіржи ойланып, сөз таба алмай тосылатын тұсым осы. Жағдай жақсарудың орнына, барған сайын елді қыспағына алып, қусырып барады. Бұл баяғы кеңестік заманда барша жұртқа жігер беріп, жақсы істерге ұмтылдыруды мұрат еткен мерзімдік басылымдарды да айналып өтпеді. Ол уақытта газет-журнал атаулының бәрін мемлекет қаржыландырып, жазылым міндетін де назардан тыс қалдырмайтын. Соның бір-ақ мысалын ауызға алсам, мәселен, көп жылдар өзім де қызмет істеген Қазақстан комсомолының балаларға арналған «Қазақстан пионері» газетін жер-жердегі мектеп оқушыларының жаздырып алуына Оқу министрлігі де – облыстық ағарту бөлімдеріне, олар әрмен қарай аудандық оқу бөлімдері арқылы мектептерге қозғау салып, ықпал ететін. Осындай жылдар бойы қалыптасқан жүйелі ұйымдастыру жұмысынан кейін таралым мәселесіне редакция қызметкерлері бас ауыртып, қинала қоймаушы еді. Қоғамдағы кемшілік, іркілістерді сын тезіне алудан да жасқанбайтын. Ондай мақалаларға басы министрлік болып, облыс, аудандағы жауапты адамдар айрықша мән беретін. Сынға алынған мектеп, мекемелердің басшылары газет бетіне шығып, айдай әлемге әшкере болудан қашатын. Аудандық партия комитеті, аудандық атқару комитеті, кәсіподақ, комсомол ұйымдары, сот, прокуратура, тергеу органдары араласады. Соның бәріне қозғау салатын мерзімдік басылымдардың құдірет-күші ғажап еді. Біз сондай заманда журналистік мамандықты таңдадық. Арнаулы оқу орнына кепілдікпен келіп, сын-сынақтарының бәрінен өтіп қана жоғары білім алуға жол аштық.
Әрине, ол жүйенің де озығы мен тозығы болды. Сондықтан су ішкен құдығына түкірмейтін бабалар үрдісіне салған да жөн шығар. Дегенмен, баса айтатын жылымық жағы – қалам ұстағандар мен өнер ұштағандарға, ғылымға бой ұрғандарға деген құрмет пен ықылас ерекше болғанын ұмытуға бола ма? Нәтижесінде сөздің қасиеті үстеді.
Сөйтіп жүргенде дүрбелең басталды. КСРО мен бірге сан жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ырғағымыз өзгерді. Ол елге де, елдің сөзін сөйлеп, рухани байлық жасайтын қаламгерлер қауымына да ауыр соққы болып тиді. Міне, сондай қысталаң шақта ғой Шерхан Мұртаза ағамыздың журналистердің еңбегін түйеге теңеп, «көтергені алтын, жегені жантақ» дейтіні. Әйтеуір бірер жылдан кейін экономикалық ахуалымыздың беті бері қарағандай болды. Жекеменшік басылымдар шыға бастады. Алайда, жантақ жеуге көндіккен түйе іспетті, журналистер қауымы қаламақы алуды мүлдем ұмытты. Алса да, мандытатын ақша емес: еңбегі адал, ал өзі… иә-иә, малдан қалған кәшекті күртілдетіп жегеніне дән риза мақұлық бар емес пе, ақиқатын айтқанда, дәл сондай кәсіп иесі болып шыға келдік...
Мен «Жыл – он екі айды» бастаған жылы «Тоғанай Т» баспасын ашып, кітап шығаруды қолға алғаныма үш жылдың жүзі болған. Журналдың Ақпарат министрлігіне тіркелуіне осы серіктестік құрылтайшылық етті. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаруға талпынып көрмеген едім. Оған ой салған Мәулен Сағатұлы Әшімбаев Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болатын. Қолына тиген журналымды көріп, «мынау керемет нәрсе ғой, тендерден бірдеңе ала ма екен?» депті. Сол сөзін малданып, 2007 жылы ма, дәл уақыты есімде қалмапты, журналымды қатыстырып көрейінші деп Астанаға бардым. Сонда қитұрқысы мың қатпар қиын іс екеніне көзім жетті де, көңілім нілдей бұзылды. Оған алдын алып қамдану қажет екен. Министрліктегі мырзалар бәрін күні бұрын кесіп-пішіп, тиесілі иелерін анықтап қояды деді хабардар кісілер. Миллиондардың көбін Тимур мен Дариғалар иелік ететін, атына Қазақстан атауын жамап алған ресейлік басылымдар алады, одан кейінгісі өзіміздің республикалық газет-журналдарға тиеді. Біз секілді жанкештілік көрсетіп, қазақ оқырмандарының жайын ойлайтын басылымдарға кезек содан соң, онда да ашық айтылмай, жасырын жүзеге асырылатын «шәпкі» деген шартын атқарғандар ғана алатын көрінеді. Қой, одан да президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай, «өз күнімді өзім көрейін» дедім де, әдеттегімше қолыма Құдай берген қару – қаламымды алып, қаламақысы келісілген кісілердің кітабын жазып, шығаруға отырдым. Жазылушылардан түскен қаржы жетпей тосылған тұстарда ол менің өз қалтамнан шығаратын қосымша қаржым болатын.
Сонымен жыл өтеді. Одан кейінгі жыл және солай өтеді...
Оған да шүкір, ешкімге емексімей, мемлекеттің ұры-қарылары аямай тонап жатқан қаржысынан көк тиын көмек алмай, 21 жылда жиырма бір кітап жазып, «Жыл – он екі ай» деген журналды тоқтаусыз шығарып келемін.
Аралап, талайлардың жүзін көрдім
«Жыл – он екі ай» әдеби-танымдық күнпарақ кітабына кімдер араласып, қай қаламгердің шығармасы басылмады дейсіз. Басы әл-Фараби жөніндегі тарихи әңгімелер, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеевтің өлең, ертегі, әңгімелері берілді, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан үзінді жарияланды. Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Мұхамеджан Етекбаев, Жақан Смақов, Әнуәрбек Дүйсенбиев, Сырбай Мәуленов, Тоқаш Бердияров, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, тағы кімдерді айтасыз, әйтеуір балғын оқырмандарға деп қалам тербегендердің қалыс қалғаны жоқ!
Үрдісті, өнеге-өрісі мол басылымның екінші тынысы ашылғанын естіген Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетов қуана құптап, сәттілік тілеген хат жазды. Бұл Имекеңнің республика премьер-министрінің орынбасары болып жүрген кезі еді. Артынша журналым Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық академия ғалымдарының талқылауынан өтіп, әдістемелік оқу құралы деген жоғары баға алды. Әлбетте осыдан кейін жазылым жұмысын жандандыру үшін жер-жердегі мектептерді аралау туралы ой келді. Жеңіл машинаның жүк салғышына жаңадан жарық көрген санының 150-дей данасын тиеп алып Талғардағы аудандық оқу бөлімінің бастығына бардым. Қолымда премьер-министрдің орынбасарынан алған хат пен педагогикалық академияның берген бір жапырақ құжат қағазы. Әлдеқандай боп арқаланып жетіп едім, барған соң әп-сәтте-ақ мысым басылып қалды. Әспеттеп апарған қағаздарымдағы жазуларға көз қиығын салып оқыған дөкей бастық журналымды да парақтап көрді. Көп кідірместен, қақ маңдайымнан бір пергендей етіп, «мыналарыңызды сатқыза алмаймын, балаларды күштеп жаздыруға болмайды» деді.
«Жазған құлда шаршау жоқ». Одан соң қайдасың Тараз деп тарттым. Өлеңдері журналымда беріліп тұратын, облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Лесбек Сайлаубек «бұрын облыстық комсомол комитетінде хатшы болған, одан кейін партия-кеңес қызметін атқарған директор апайыммен таныстырайын, шаруамызды сол мектептен бастайық» деп, Ш.Смаханұлы атындағы орта мектепке алып барды. Журналымда қазақ мектептерін ашуға жанын салып күрескен Шона ағамыздың сексен жылдығына байланысты мақала мен сықақ өлеңдері болатын. Бір журналымды директорға сыйлап, таратуға жәрдемдессеңіз жөн болар еді деген сөзімді бастап та үлгермедім, өзінің екі айдан кейін тып-тыныш зейнет демалысына шыққысы келетінін, журналды жаздырту да, тарату да қолынан келмейтінін ашық айтты.
«Мен осыны сізге емес, осы мектепте оқитын ұл-қыздарға шығардым ғой. Ал сіз өзіңіз газет-журнал оқымайтын, ұл-қыздарды да оқытпайтын директор екенсіз. Ендеше, қолыңыздағы журналымды қайтарыңыз», – деп бұрқ еткен ашуымды ірікпей сыртқа шығып, кеттім де қалдым.
Қазақтың қасиетті тілі теперішке тап болып, мектептеріміз жабылып, ұлтымыз жаппай орыстануға бет бұрған кезде Шона Смаханұлы жанына ұлт үшін қандай күреске де тайынбай баратын жазу өнері маңайы мен басқа саладағы ширығып, шамырқанып жүрген інілерін ілестіріп, Алматының әр үйінің есігін қағып аштырған мектептердің біріне журналымды жарнамалап бардым. Жалғыз бармай, қасыма белгілі тележурналист досым Абдолла Алтый Сүлейменді ерте бардым. Директоры өзіміз құралыптас жігіт көрінді. Салған бетте «жо-жоқ, бізге рұқсат етпейді» деп безектеп қоя берді. «Кім ол рұқсат етпейтін?» дейміз білгіміз келіп. «Прокурор» дейді ол. «Біз мектепке шегетін нәрсе әкелдік пе, әлде ішімдікті саудалап жүрміз бе?» дедім күйініп. «Айналайын бауырым, сен өзі тәрбиеңдегі балалардың оқығанына, білімдар болғанына қарсысың ба?» деді Әбекең төбесінен төне, шүйіле қарап. Ол бедірейіп, креслосында сұрланған қалпында үн-түнсіз отыра берді. Оған не істейміз? «Аман бол, айналайын бауырым», – деп кабинетіне кірген ізімізбен кері шықтық.
Ұрпақ тәрбиесі, мектеп ұжымының басшылық қызметі сеніп тапсырылған дәл сондай директорлардың көптігі одан кейін де мені қайран қалдырып келеді. Бүгінде олар бүкіл елімізді жаудай жайлап, әбден көбейіп кеткендей әсер етеді. Олай болатыны, арада зулап өткен отыз жыл соларға қызмет етті.
Осыдан бір жыл бұрын ауыл жақтағы сәлемі түзу ініміз аудандық білім басқармасының бастығы болып бекітілді. Тәжірибелі ұстаз, көп жыл мектеп басқарған азамат, өз саласын бір кісідей жетік біледі. Әлбетте өскеніне шын қуандым. Бұрыннан жақсы білетін жақын кісілерден қалмай телефонмен құттықтадым. Арасында өзімсініп: «Жиырма жылдан бері «Жыл – он екі ай» журналын шығарып келемін. Енді сен маған жанашыр боласың ғой», – дедім алғаусыз оймен.
– Ойбай, аға, бізге жоғарының тапсырмасы солай, ешбір басылымға басымдық бере алмаймыз, – деп зуылдаған сөзімен аузыма қақпақ қойды.
«Бұл өте дұрыс екен! Жұмыстарыңды жеңілдеткені қандай жақсы болған», – дедім күліп.
Бірақ менікі жетіскен күлкі емес еді...
«Ел бүгіншіл...
Менікі ертеңгі үшін» деген Ахаңдар, Ахмет Байтұрсынұлы атамыз бен төңірегіне топтасқан шоқтықты шоғырды айтамын, өмірлерін ұлтымыздың жарқын болашағына арнады. Солардың бәрі түбі қайырлы болатынына кәміл сеніп кетті-ау.
Сол үміт оты менде де бар. Бастаған ісімді тастамай, қайта жігерленіп жалғастыра беруімнің себеп-сыры үкілі үмітімнің үзілмеуінде. Әйтпесе кедергі келтірген, құптап, қолдап ала жөнелудің орнына, ұрпақ алдындағы кәсіби міндеттеріне жүре қарап, қиянат жасағандар қаншама. Міне, сол шіркіндердің бірі майлы беті бүлк етпестен, «бұл сіздің жеке бас шаруаңыз, коммерцияңыз» дегенді де айтты-ау! Сонда: «Әй, сен не деп тантып тұрсың?! – деп күйінгеннен жарыла жаздап едім. – Айналайын-ау, ұрпақ тәрбиесі бәрімізге ортақ, әрбірден соң бұл мемлекеттік мәселе емес пе? Мен қолымнан келетін қаламгерлік, баспагерлік қызметімді адал атқарып жүрмін. Бұл сен айтқандай баюды ойлап жасаған сауда-саттық емес. Сен әуелі осыны әдемілеп ұғып ал! Ол үшін мен шығарып жүрген мына журналды мұқият оқып шыққаның жөн. Сонда нендей мақсатпен шыр-пыр болып жүргенімді өзің айтпай-ақ түсінесің».
«Ұқпасқа айтқан сөз жетім». Әйтпесе журнал жарық көргеннен бері, көздері жұмылғанша Мұзаға мен Құрағамыз және бағасын білетін басқалар айтпаған сөз қалды ма?.. Мерзімдік басылымдар таратумен айналысатын «Қазпошта» акционерлік қоғамы, «Қазбаспасөз» ашық акционерлік қоғамы, «Евразияпресс», «Эврикапресс», «Ернұрпресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестерімен келісімшарт бойынша бірлесіп жұмыс істедім. Осылардың арасынан «Қазбаспасөз» ашық акционерлік қоғамының президенті Ә.Т.Төреханов деген мырза, заңдық күші бар құжатымызға қарамай, оқырмандардың журналға жазылған ақшасын аудармай, соңынан әбден сарсаңға салып, әбден шаршатып, жеп кеткені осы күнге дейін есімнен кетпейді. Бұл мен жұмысты енді ғана бастаған жылдардың әңгімесі. Сөйтсем Төреханов секілді адамдар жалғыз болмай шықты. Қалай құрғанын, қандай келісіммен іс бастағанын білмеймін, осыдан үш-төрт жыл бұрын аяқ астынан «Евразияпресс-Қызылорда» деген пайда болып, Сыр өңірінде «Жыл – он екі айды» да таратуды қолға алыпты. Бұнысына разылық білдіріп, әуелгі екі санының сұраған даналарын сеніп бердім. Содан соң ақша мәселесін сөз етіп едік, сырғақтай бастады.
Бұл бір-екі жыл ғана емес, сан жылдар бойы көз майымды тауысып, жүрегім мен жүйкеме жүк артып, отбасы, бала-шағамның тамағынан тартқылаумен шығарып келе жатқан жекеменшік журналым ғой. Сол себепті кісі үстінен күн көруге ынтық әлгілердің әрекетінен кейін, әдепсіздеу болса да, аузы дуалы аталарымыздан қалған «аш иттің к… н сұқ ит жалайды» деген сөз еріксіз көмейге кептеледі екен...
Бүгінгі әлдекімдер іші кепкенше жамандай беретін социализмде рухани игілікке деген елдің құлшыныс, құштарлығы қисапсыз мол болды. Жабайы капитализм есігімізден енген тұста қайтсеңдер де байыңдар деген НӘН-нің айта салған ойсыз сөзінің әсері ме, әйтеуір елдің үлкені де, кішісі де бас-көзсіз баюдың жолына жұлқына ұмтылды. Рухани әлеміміз жұтаған үстіне жұтады. Жандүниесі құлази, азған адамдардың қандай қасіретті күйге түскеніне куәміз. Терең біліммен сусындамай, ғылымды игермей кері кете беретінімізге көзіміз анық жетті. Балалар кішкене кезінен кітапқұмар болып өссінші деген ниетпен былайғы ел алдындағыларға қарағанда әрекеті зор, ойы озық, ұлтқа деген пиғылы түзу азамат деп мақтайтын министр Асхат Аймағанбетовке хат жазып, конвертке журналымның биылғы екінші санын қоса салып жібердім. Ол қолына тигенше хатым бара берсін деген оймен электрондық поштамен және жібердім. Баруы тез-ақ екен, әлденеше минут өтпей қалта телефоныма хатыңызды алдық деген жауабы жетті.
Сонда не деп жазды екен дейтін боларсыз? Не дейін: «Бұл нақты және айрықша қаржы қарастырмай-ақ шешілетін шаруа. Министр атыңыз бар ғой, еліміздегі әрбір қазақша білім беретін мектеп кітапханасына міндетті түрде бір-бір данасын жаздырып алуға пәрмен беріңіз. Солай етсеңіз, қолдан-қолға өтетін, ішіндегі материалы ешқашан ескірмейтін «Жыл – он екі ай» журналының таралымы бірден еселеп өсіп сала береді. Дәл осы үшін сізді ешкім жазғырмайды, жазаламайды. Қайта бұл өскелең ұрпақтарымыздың өрелі болып өсуі үшін жасалған игілікті іс болады деп дәріптейді», – дедім.
Міне, содан бері екі ай зуылдап өте шықты. Бірақ барған із бар да, қайтқан жауап жоқ...
Енді өзгелерге деп айтсам...
Басылым 96 беттен тұрады. Оның журнал деген аты болмаса, кәдуілгі кітаптың нақ өзі. Әрбір санында жетпіске жуық ақын-жазушының өлең-жырлары, әңгіме, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтары мен санамақтары қамтылады. Қай материалдың да тілдік жағына ерекше мән береміз. Халқымыздың тұрмыс-салт, ата дәстүріне қатысты танымдық мақалалар жүйелі түрде үзбей басылады. Қай әңгіме, ертегі де көлемдік жағынан машинкалық бір-бір жарым беттен аспайды. Бұл тұрғыдан алғанда басылымымыз ұл-қыздарымыздың тіл ұстартуына септесіп, олардың көркем әдебиетті оқуға деген құмарлығын оятуға ықпал етері сөзсіз.
Енді реті ғой, сол себепті айта кетейін: бір тойда маған «жазушы, «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы» деп сөз берді. Үзіліс кезінде жайдары жүзді жігіт жаныма жақындап, Қытайдан келіп, әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің докторантурасында оқып жүргенін айтты. Журналымды тәуір-ақ мақтады. Сөзінен тұрақты оқырманым екені анық аңғарылып тұрды.
«Сіз ұлттық идеологиямызды жасап жатырсыз, аға. Журналыңызды Қытайдағы қандастарыңыз жақсы біледі. Ол жаққа барған сайын көптеп ала кетемін. Әбден үйренген үлкен-кішінің бәрі барған бетте «Жыл – он екі айды» әкелдің бе?» деп сұрайды», – деді. Жүрегіме шуақ құйған сол сөзін естіген кезде көңілім тіпті өсті, ішімнен тектен-текке тер төгіп, азаптанып жүрмеген екенмін-ау дедім.
Аталарымыз «баланың бірін қуандырсаң, періштенің мыңы қуанады» демей ме? Ел ішінде халыққа пайдасы тиетін іс-шараларға құлшына араласып, «Атымтай жомарт» атанып жүрген талай-талай айтулы азаматтар туралы көп естіп жүрміз. Солардың біразы ауылында мешіт тұрғызды, қажылық парызын өтегісі келетін кісілерді қаржыландырды. Арасында ата жасы алпысқа жетпегендері де ұшырасады. Дегенмен бұлары да дұрыс шығар. Енді патша көңілі ғой, өз ақшасын қалай жұмсаса да, кімге жұмсаса да ерікті. Солай бола тұра, кей-кейде, «шіркін-ай, сол бауырларым бір мезет бірдің емес, мыңның сауабын алатын «Жыл – он екі ай» секілді басылым бар екенін қаперге алса қайтер еді» деп, тұңғиық ойдың қойнауына күмп беремін...
Міне, аяулы оқырман, өзіңіз оқыған осы мақаламда ішімнің қыртыс-қыртысындағы ащы ақиқаттың бәрін болмаса да, біразын ақтардым-ау деймін. «Жақсынікі жария» демекші, барша жұрт біле жүрсін деген пиғыл ғой менікі. Өмірімнің жиырма бір жылын өскелең ұл-қыздарымыз үшін деген тірмізік тірлікке де арнадым. Пайда іздемедім. Байлық қумадым. Есіл еңбегім еш болды деуден де аулақпын. Өз оқырмандары бар, бір ізге түскен, қазаққа пайдалы басылым жасағанымды медет етемін. Енді ізімізден ілескен балғын жеткіншектерге арнап мен де бір сауапты іс жасайыншы, журналдың бір саны болса да жарық көруіне демеу көрсетейінші дейтін арлы азаматтар атойлап шықса деймін.
Мына өмірде нардың жүгін көтеретін сондай жайсаң жігіттер бар ма екен? Бар болса, хабарласса ғажап-ақ болар еді...