Өзгелер кедей-кепшігіне 2000$ төлесе, қазақтар 24 000 теңгені талғажау етуде
![None](/static/img/image.jpg)
Өткен жұмада Италия үкіметі 2021 жылдан бастап тұрмысы төмен отбасыларға кедейшілік шегі ретінде берілетін жәрдемақы 880 евроға көтерілгенін мәлім етті.
Пандемияға байланысты Оңтүстік Италиядағы жұмыс табудың қиындығы, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы елдегі кедей тұрғындарға үлкен салмақ салуда. Осыған орай, Италия тұрмысы төмен халқына жәрдемақыны үстемелеп, көмек беруді жөн көріпті.
«Қазақстанға Италия болу құр қиял»
Әрине, Қазақстанға Италия болу қайда?! Бірақ қазір іргеміздегі Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан үкіметі де жағдайы төмен жамағатына барынша қолдау көрсетуге тырысып бағуда. Рас, біз экономикалық даму тұрғысынан да, әлеуметтік қалыптасу жағынан да өзімізді дамып кеткен елдермен салыстыра алмаймыз. Біздің елде кедейшілік шегі ретінде берілетін әлеуметтік көмектің құны 24 011 теңге (!). Бұл елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тағайындауымен ең төменгі жалақы 42 500 теңге болатын болса, соның 70 пайызы, яғни 24 011 теңге елдегі кедей-кепшіктің өлмес қамы үшін жәрдемақы ретінде беріледі. Ал бұл кедей-кепшікті қолдайтын қаржы ма?
«Барометр» маркетингтік талдау орталығының әлеуметтанушы маманы Әзия Жарманованың айтуынша, дамыған және дамушы елдерде әлеуметтік төлем өте жоғары деңгейде төленеді.
– Қазақстанға Италия болу құр қиял ғой. Италиядан бөлек, қазір әлем бойынша экономикалық жағдайы тұрақсыз деп саналатын Греция мен Ирландияны мысал етсек, олар тұрмысы өте төмен адамдарға 1500-2000 доллар көлемінде қаржы төлейді. Тұс-тұстан санкцияға ілініп, халықаралық агенттіктердің өзі «экономикасы қоқысқа әбден малтықты» деп бағалаған Ресей де кедей-кепшіктеріне 100 доллар көлемінде жәрдемақы ұсынып отыр. Италия 880 евро төлесе, Испания, Беларусь елдерінің де оларға төлейтін жәрдемақысы осы шамалас, – дейді әлеуметтанушы Әзия Жарманова.
24 мыңды бір айға қалай жеткізеді?
Маман алға тартып отырғандай, Қазақстанда жағдайы өте төмен тіркеуде тұрған 504 мың адам бар. «Олардың әрқайсысына 24 мың теңгеден төлеу бюджетке салмақ түсіреді» деп ойламаймын. Бірақ мұндай қаражатпен бір ай емес, бір апта ғана өмір сүруге болады. Тіпті 24 мың теңге біреулердің түскі асы ғана ғой. Қазіргідей қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған заманда үкімет осы мәселені шешуі тиіс деп ойлаймын. Бұл кезек күттірмейтін күрделі мәселе», – деді әлеуметтанушы маман.
Жәрдемақыға күні қарап отырғандарды қалай құтқарамыз?
Жалпы, сала мамандары тіркеуде тұрған кедей-кепшіктің 66 пайызы ауыл тұрғындары екені де ескерілуі керек екенін айтып отыр. Ауылдық жерде жұмыссыздықтың өршіп тұрғанын алға тартқан мамандар «үкімет ауыл тұрғындарының қиыншылықтарын ескере отырып, оларға бөлек жәрдемақы базасын қалыптастыру керек» дейді. Бұған қатысты пікір білдіргенэкономист-ғалым Тоқтамыс Есенбеков:
– Ауылдық жерде жәрдемақының бетіне қарап отырмай, жұмыс істейін десе, жұмыс жоқ. Ауылдың өндірістік қабілеті дамымағандықтан, халық осы жәрдемақыға телміруге мәжбүр. «2021 жылы инфляция көлемі 9 пайызды құрайды» деген болжам бар. Бұл дегеніңіз болашақта қымбатшылықтың өрши түсетінін көрсетеді. Оның үстіне қалалық жерге қарағанда ауыл тұрғындарының тұрмыстық деңгейі төмен. Жәрдемақы төлеу кезінде ауылдың әлеуметтік жағдайы ескерілуі керек. Отын-суы, жемшөбі бар. Көмірдің бағасы да аспандап тұр. Осының барлығы ескеріліп, ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек түрін бөлек жасау керек. Негізінде, бірқатар елдерде тұрмысы төмен жандарға бірнеше мәрте көмектер беріледі. Мысалы, бізде тұрмысы төмен адамдар жұмыс істемей зейнетке шықса, олардың алатын зейнетақысы да өте төмен болады. Ал өзім оқып, білім алған шет мемлекеттерде олай емес. Дамыған және дамушы елдердің біразы қартайған шақта да тұрмысы төмен отбасыларды қамсыз қалдырмайды, – дейді.
Үкімет нені ескеруі керек?
ТМД елдері бойынша айтар болсақ, Ресейде, Өзбекстанда, Әзірбайжанда тұрмысы өте төмен жандарға төленетін әлеуметтік көмектің көлемі 100-150 долларды құрайды. Грузия, Беларусь, Түрікменстанда бұл көмек үшін мемлекет 272 доллар төлейді. Сондай-ақ аталмыш елдерде кедей-кепшікті жұмысқа орналастыру, балаларын балабақшаға орнықтыру жағы да мемлекет бақылауында. Экономика ғылымының кандидаты Марал Төртенованың айтуынша, 2023 жылға қарай Қазақстандағы кедейлер саны 504 мыңнан да асады. Себебі қазір экономикалық тұрақсыздық тереңдеп барады.
– Әлемдік экономикада қалыптасып отырған тенденциялар бізге де әсер етпей қоймайды. Қазірдің өзінде доллар+теңге қарым-қатынасында валюта бағамына қатысты тұрақсыздық орын алып отыр. Теңгенің әлсіреуі салдарынан халықтың жинақтаған қаржысы құнсызданып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Қымбатшылық қысып жатқанымен, жалақының өсіп жатқаны шамалы. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленді. Мұны мойындағысы келмейтіндер де бар. 2025 жылға дейін кедейлік шегі әрі қарай өсетіні даусыз. Сондықтан бұл арада үкіметке 24 мың теңгені бір адам бір айға жеткізе алмайтынын мойындауға тура келеді. Біздің халық қалаулылары осы мәселені парламентте жиі көтерсе деймін. Болашақта сауатты шешімдер қабылдануы тиіс деп есептеймін. Ол үшін халықты жұмыспен қамтитын «Өңірлік даму», «Жұмыспен қамту» деген бағдарламалар қайта қолға алынып (қазір бұл бағдарламалар аяқсыз қалды), жұмыссыздық көрсеткішін азайтуға жұмыла кіріскен жөн, – дейді Марал Төртенова.
«Сыбырлап айтсақ та, сынап айтсақ та естімейді»
Осылай деген мамандар өз тарапынан бірнеше ұсынысты алға тартып отыр. Сала мамандарының айтуынша, бірінші, жәрдемақыны жыл сайын мардымсыз әрі жетпейтіндей етіп өсіргеннен гөрі «Жұмыспен қамту», «Өңірлік даму» бағдарламаларының жұмысын жандандыру керек. Екіншіден, бұқара мемлекеттік қолдауды нақты сезінуі үшін халықтың шағын және орта кәсіппен айналысуына жағдай жасалуы тиіс. Бұл да халықтың өз жағдайын өзі жасауына мүмкіндік беретін жоба.Үшіншіден, ауылға тартылатын инвестиция көлемі артуы керек. Себебі қазір ауыл-аймақтарда тек қана жәрдемақыға күнелтіп отырғандардың саны артып келеді. Ауылға жекелеген инвесторлар инвестиция салып, жұмыс орындарын ашуға күш салса, ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі де жеңілдеп, олардың отбасына табыс көзі кірер еді де, екі қолға бір күрек ұстаған шаруа мемлекетке масыл болмас еді. Төртіншіден, ауылдық жерде мал өсіруге қолайлы жағдай жасалуы керек. Қолында малы бар шаруаны жеңілдіктермен қамтып, мал басының көбеюіне ықпал еткен жөн.
Міне, алдымен осы айтылған жайттар ескерілсе, «біртіндеп болса да, мәселе азаяр еді» деседі мамандар. Бірақ осы іспетті ұсыныстар бұған дейін де бірнеше мәрте айтылған болатын. Сондықтан үкіметтің құлағына сыбырлап айтсақ та, сынап айтсақ та, мұндай кеңестің құны болмай тұр. Әзірге үкімет «бәрі жақсы, жағдай бақылауда» дегеннен танбайды. Өз жағдайының қандай екені бұқара қауымның өзіне ғана мәлім.