Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Өжет ойлы сергек сері (Сафуан Шәймерденов)

Сафуан Шәймерденов
Фото: ашық дереккөз

Жүрегіне кір сақтамайтын, жансары мен аңсары қаламы арқылы шығармасына діл боп құйылатын шынайы таланттың шығармасы – мінезіне, мінезі – шығармасына тартады.

Сондай өзі де, сырты сылаң, еңсесі өр, бойы да, ойы да сұңғыла, адамы ашық, қадамы нық, еңсесі биік, Абай айтқандай: «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Күлсе де, ренжісе де білдірмеген», тасқаяқ ойнағанда да бас имей, кеудесін тік ұстайтын, өжет ойлы сергек сері, ер мінезді жазушы – Сафуан Шәймерденов болатын.

Ол – Өзін топтан саяқ ұстап, ұмсынған адамға жалтақтамай жүзін жылытып, батыл басып баратын, сөзді қысқа қайырып, қайтадан бойын тіктеп, алған бетінен бұра тартпайтын. Сырын білмеген адамға кісі жатырқайтын саяқ жан сияқты көрінетін. Бірақ, өзін Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтің ет бауырындай сезініп, соған «ұқсап бағатын» (Абай) Сафакеңнің сыртқы сырбаздығы тартқанмен, жан дүниесі мүлдем ашық, ойындағысын ешкімнен еш қаймықпай табан астында айтып салатын, содан кейін, тура Ғабит ағасы «Ғажап бір адам» деп жазғандай: «Айтарын айтады да, содан кейін ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын мінез көрсетіп, жұртқа ұп-ұзын мұрнын тосалы да, қатып қалады, ал мұрны құрғыр еш нәрсеге түсінер де, қысылар да емес, қоңыр бір собалақ, дүлей, мелшиеді де қалады» («Күнделіктен», 198-бет). Ғабең «Бір ғажап адам» деп «ұзын мұрнын» да қосып бағаласа – бағалағандай, «ұзын мұрнын» бас бармағы мен сұқ саусағының арасына сүйкей сипап қойып, ашық қаз дауысымен қадала сөйлеп кететін Сафакеңнің мәнері де соған сай еді. Ұмтылса бітті, алған бетінен ағасы да қайтара алмайтын және айтпай тынбайтын. Мен, оның тура сондай мінезді өрлігі мен ерлігінің үш рет куәсі болдым. Сөз басындағы, шығармашылығы мен жеке мінезіне жеке пікірім дербес талданғандықтан да, осы үш батыл сөзін ғана тәмсіл етіп, сырт көзге онша мәлім емес Сафакеңнің азаматтық үш мінезінен мағлұмдар етпекпін.

Сафуан Шәймерденов
Сафуан Шәймерденов

Ол бір Желтоқсан оқиғасынан кейінгі ұлт басына булығу мен шарасыздық орнаған, тұла бойыңды ызалы бұлқыныс пен кек, наласы билеген қамкөңіл күндер еді. Ұмытпасам, желтоқсанның 30 күні. «Ұлттың рухани тамыр, санасы – жазушылар. Халық соларға қарайды, соларды тыңдайды. Сіздің кім екеніңізді Қазақстан жұрты білмейді. Сондықтан да, мына орын алған оқиғаны, ұстанатын бағытыңызды, жастарға қолданатын шараларыңызды түсіндіріп, әрі өзіңізді де таныстырсаңыз. Біз сізді білуіміз керек», – деген Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтің ұсынысынан бас тартудан қаймыққан Колбин келісімін беріпті. Қара жамылған, долы наразылығын ішіне жасырған, қабақ түюлі, мойны салбыраған қаламгерлер мәжіліс залына лық толды. Колбин екпіндеп кіріп, грузиндерден жұққан алкеуделікпен жиналғандарға мекірене қарап, еш мағынасыз лепірме деммен сөйледі. Күткен деңгейден табылмады. Кәдімгі можантопай мұжық екені бірден байқалды. Жұртшылық қабылдамады. Алғашқы сөзді қасиетіңнен айналайын Жұбақаң – Жұбан Молдағалиев алып, бірден: «Бейбіт күнде, автомат асынып, қолдарына гүрзі алып, жастарды тепкілеп, қан-жоса қылған солдаттарды көргенде, мен өзімнің майданнан тірі келгеніме өкіндім. Көрмеуім керек еді ғой. Ұлдарымды тепкілеп, қыздарымның шашынан сүйреткенді көру үшін қан төктім бе? Онымен қоймай, мыңдап түрмеге қамалып жатыр. Әскердің бейбіт жұртты жазалауына бұйрықты кім берді, Сіздің қандай қатысыңыз бар, бұған қалай баға бересіз? Ал, біз, қазақстандықтар, оның ішінде мен, майдангер ретінде қарсымын. Коммунист ретінде сізден ашық жауап күтемін!», – деді. Өзгені білмеймін, өзімнің тұла бойым тебіреніп, көзімнен ризалықтың ащы кермек жасы сорғалай берді. Сол кезде, алдыңғы қатарда отырған Сафуан Шәймерденовтің: «Олжас, мен сөйлеймін, маған сөз бер», – деп жауабын күтпестен мінбеге шықты да, бірден: «Мен сізді, аса құрметті Геннадий Васильевич! – дей алмаймын. Өйткені Сіздің сөзіңізге көңілім қатты қалып, ренішімді туғызды. Сондықтан да, Геннадий Васильевич, өзіңіз Қазақстанға бірінші рет кеп тұр екенсіз, бұрын қазақтармен араласпапсыз. Ендеше, олардың шетінен грузиндерден өткен ұлтшыл екенін қайдан білдіңіз. «Қазақ ұлтшылдығы» деген терминді неге сүйеніп айттыңыз, дәлеліңіз қайсы? Бір топ жастардың талабына, меніңше, әділ талабына қарап, бүкіл қазақты ұлтшыл етіп масқараламақсыз ба? Ертең Пленумда айтылып, қаулы қабылданатыны сөзсіз. Онда, бүкіл кеңес одағы «қазақтар ұлтшыл!» деп әшкерелеуге көшеді. Саяси айыптаудың және оның қалай жазаға ұласатынын біз, аға ұрпақтар, білеміз, Сонда сіз қазақ ұлтын масқаралау үшін келдіңіз бе? Сенбесеңіз, дәл осы кеште Сіз екеуміз көшеге шығып, небір сойқанды жерді аралайық. Сонда, егер бір қазақ сізге «Орыссың!» деп қол көтерсе, мен сол арада өзімді-өзім қасым етейін. Бірақ ондай оқиғаның болмайтынына мен ант беремін. Қызметіңізге сай сабырға кеп, салауатты шешім қабылдаңыз. Ал жастардың мына жаппай түрмеге қамалуын біз, жазушы азаматтар, қарсымыз. Осы есіңізде болсын!», – деп сөзін аяқтап, жауап күткендей, Колбинге қадала қарап тұрды да, иіні басылған «Васильевичінің» сұрқын көрді де орнына кеп, тура, бағанағы Ғабең суреттегендей: «Айтарын айтып алды да, содан кейін ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын мінез көрсетіп, жұртқа ұп-ұзын мұрнын тосты да, қатып қалды да», Колбинге қасқая қарап отырды.

Жұбақаң (Ж.Молдағалиев) мен Сафакеңнің (С.Шәймерденов) мына сөзінен кейін еңсені басқан бұлт ыдырап, бас көтеріліп, сенім қуаты бойды биледі. Колбиннің басы иіліп, жауырыны күдірейіп, содан кейінгі дауысы да бәсеу шығып, мысы басылып қалды. Тек, Щеголихин деген дәрігер-жазушысымақ қана, Колбинді жұбатқандай боп: «Қазақ ұлтшылдығы бас көтергені рас. Қазақ балабақшасының салынуынан соны байқауға болады», – деп міңгірлегенін залдағы қарсы шыққан ашулы дауыстар тұншықтырып тастады. Мәжілістен соң, Сафакең, ештеңе болмағандай, басын тік көтеріп, кеудесін көтере ұстап, ешкіммен шүйіркелеспей, өжет ойлы сергек сері жалғыз өзі үйіне қайтып бара жатты. Несіне алаңдасын, айтарын – айтты, елінің бір намысын алып берді. Жанайқайын жеткізді.

Міне, Сафакеңнің азаматтық ерлігі мен өрлігі. Шығармалары да осындай ашық шындыққа құрылған. Сонысымен де, тұмса, тума талант.

Екінші, азаматтық-адами мінезін, бір жарым айдан кейін, ақпан айының ортасынан аса көрдім. Таңғы сағат сегізде Олжас ағамыздың кеңесшісі Сүният Бәкенов телефон шалып: –Тез одаққа кел. Сағат 10-да Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары Қопабай Әбдірахманов келіп, Праволық комиссияның мүшелерімен Желтоқсан оқиғасы және Алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі жөнінде әңгіме өткізеді. Олжекең келісіп қойыпты, ағалар алқасы мен өзің сенген комиссия мүшелерін шақыр, – деді. Табан астында айтқан адамдарына хабарласып, жылдамдатып одаққа жеттім. Олжекең: – Егер, сұрай қалса, пікірлеріңді ашық айт. Алаш туралы да батыл сөйле. Ақсақалдар да жасқанып қалмасын, – деп ақылын айтты. Тура сағат 10-да Комитет төрағасының орынбасары Қ.Әбдірахмановпен бірге басқарма бастықтары жеті полковник келді. Олжекең өзіне тән өткірлікпен: – Біз, жазушылар, бәрін де ашық білуіміз қажет. Жазушының санасына ұялаған күмән, жасырын сынақтан қауіпті, өйткені олар қоғамның қас-қабағы, сөйлейтін мінбесі. Барлық адамдар өздерінің сұрақтарына жазушылар арқылы жауап алғысы келеді. Біз, сол үшін де адамдардың, оның ішінде, бүгінгі таңда алаңдатып отырған ең ділгір мәселе – Желтоқсан оқиғасы туралы толық мағлұматты білгіміз келеді. Қанша адам ұсталды, қанша адам тергеуде, қанша адам құрбан болды және олардың құқын кім қорғайды, әлде, жасырын соттала бере ме? Екінші үлкен мәселе, қазақ сөз өнері сталиндік бұғаудан толық құтылып болған жоқ. Ұлттың рухани ұстаздары, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты Алаш қайраткерлерінің азаматтығы да, шығармалары да ақталған жоқ. Саясатты қайта құру, жариялық дегеніміздің түпкі мақсаты да сол емес пе? Сондықтан бар мағлұматты, сол істермен тікелей айналысып отырған сіздердің мекемелеріңізден, сіздердің өз ауыздарыңыздан естігіміз келеді, – деді. Қ.Әбдірахманов дайындап әкелген мәліметтеріне көз қырын сала отырып: – Желтоқсан оқиғасының тергелуі толықтай Мәскеудің қолында. Олардың мағлұматы бізден құпия сақталады. Ал, біздің есебімізде, тергеуге алынғандар бір жарым мың, түрмеде отырғандар үш жүзге жуық, ісі сотқа берілгендер жиырма шақты адам (Ол нақты санын көрсетті, ол есеп жазылған менің жеке дәптерім кейін қолды боп кетті, көшірмесін қапелімде таба алмай отырмын, мөлшермен осындай). Саяси мәселе болғандықтан да, біздің баға беруге құқымыз жоқ, тек мәліметтерді ғана береміз, – дей келіп, сөзінің соңында, – Ал Алаш қайраткерлері туралы қозғаған мәселелеріңіз орынды. Ашығын айтайын, оларды, соның ішінде Мағжан Жұмабаевты ақтау туралы Қауіпсіздік комитеті келісімін берген кезде, «Оларды мәңгілік ақтауға болмайды, олар ақталса, ұлтты бұзатын ұлтшылдық идеологиясы қайтадан қозады. Оған Жазушылар одағы көне алмайды», – деп қарсы болған және жаптырып тастаған Сіздердің өздеріңіз, яғни, Жазушылар одағының қарсылық білдірген хаты», – деді. Аға буынның: – Не дейді? Кім? Мүмкін емес. Атын айтыңыз, – дескен жан дауыстары шығып кетті. Төрағаның орынбасары күмілжіп, жауаптан жалтара берді. Сол кезде Сафакең – Сафуан Шәймерденов орнынан тұрып, көзі ұшқын атып: – Жолдас, Әбдірахманов! Сіз біздің арамызға үлкен күдік тудырып, араздық пен алауыздықтың шоғын тастап отырсыз. Егделер – бір-бірімізге, жастар барлық аға буынға жеккөрінішпен қарайтын болады енді. Сондықтан да, мекемеңіздің үйренші әдісімен әдейі арандату үшін келмесеңіз, онда, сол адамның нақты атын айтыңыз. Егер бұл жолы айта алмасаңыз, онда біз жазушылар атынан Орталық комитетке ашық хат жазып, Сізді арнайы есеп беруге шақырамыз, – деді ширығып. Мұндай батыл да батымды сөзді қаймықпай тура қарап айтып, қадала отырып жауабын күту, тек Сафуан Шәймерденовтің ғана қолынан келетін. Қ.Әбдірахманов біраз қозғалақтап отырды да, папкасынан бір бет қағазды алып, Хаттың мәтінін оқып берді. Қол қойған адамның атын айтпады. Енді отырғандардың наразы дауысы естілді. Сол кезде, Қ.Әбдірахманов: – «Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбділдә Тәжібаев», – деп ресми хатты көрсетті. – Не дейді!, – деген Әлжекеңнің дауысы қатты шықты. Ал орнынан атып тұрған Сафакең: – О, қарабет! Сен де сондай ма едің. Масқара! «Әбділдә, жылап жүріп жазаңды береді», – деген Мұхаңның (Мұхтар Әуезовтің) сөзі рас боп шықты ғой!, – деп ұзын бойы бүгіле еңіреп жіберді. Көз жасын сүртпеді де, одан қымсынған да жоқ. Жазушылар абдырап қалды. Олжекең томсырайған тыныштықты бұзып: – Міне, арлы, адал жазушылардың көзқарасы осындай. Әбдірахманов жолдас, енді бұл мәселені жабық қалдыруға болмайды. Біздің Праволық комиссиямыздың атынан Алаш қозғалысынан дипломдық жұмыс қорғаған («Қазақ» газетіндегі публицистика», бірақ қорғау алдында ұстазым Хайыржан Бекхожинбасқа тақырыпқа өзгертіп жіберген) мына Тұрсын Жұртбаев Қауіпсіздік комитетінің архивіндегі алаштықтардың тергеу ісімен танысып, бізге бар жағдайды түсіндірсін және Жоғарғы соттағы талқылауда әдеби кеңесші болсын. Сіз қалай қарайсыз, – деп, мәселенің шешімін ұсынды. Қ.Әбдірахмановтың келіспеуге амалы қалмады. Сөйтіп, Сафакеңнің өжет те өткір мінезінің арқасында Алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі табан астында шешіліп, жаңа бағыт алды. Он бес күннен кейін Олжекең мені Жоғарғы сотта қаралып жатқан «Алаш ісіне» әдеби кеңесші етіп жіберді. Наурыз айында Қауіпсіздік комитетінің архивіне рұқсат берді.

Міне, ары мен адалдығына өткір мінезі мен өжет ойы қосылған Сафакеңнің «көз жасымен» жуылған, Алаш қайраткерлерін ақтау науқаны осылай күтпеген жерден қарқынды түрде басталып еді. Әйтпесе, жан алқымнан алған сол сөздер болмағанда, мекемелер арасындағы хаттар мен жауаптардың «жорығы» жылға созылар ма еді, кім білсін?

Адамның бойына біткен алымды ажар мен өтімді өжеттік, адалдық пен аңғалдық, серілік пен сенгіштік – үнемі жарасым тауып, үйлесе бермейді. Бұл мінездің иесінің қапысын табу да оңай, әсіресе жаны аярлықтан ләззат алатындар үшін таптырмайтын олжа. Сол мінез, Сафакеңді де сан рет сан соқтырған болуы керек. Ұстараның жүзі сияқты қылпылдаған оның өтімді де өткір жүзі өзінің де жанын жаралаған болар. Оның анық-қанығын білмеймін, бірақ өзім аңғарып қалып, сақтандырған бір шағымды да шымбайлы шындықты жасырып қалғым келмейді. Сол «желтоқсанның қара суығы» азынап тұрған кез. Бір адамның ту желкесінен екінші бір жақын тұтқан жаныңның сұқсыр көзі қалғымай қадалып тұрғанын анық сезініп жүрген шағым. Өйткені 1988 жылы 24 сәуірде Алаш қайраткерлерінің азаматтығы ақталған Жоғарғы соттың қаулысы шығып, енді саяси тұрғыдан ақтау үшін партиялық комиссия құрылды. Қаза тапқан және сотталған желтоқсаншылардың тізімі жасалып, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты О.Сүлейменовтің атынан: желтоқсаншылар саяси айыпкерлер болып табылады, сондықтан да оларды кәнігі қылмыскерлермен бір камерада отырғызбау, қысым көрсетпеу керектігі туралы түрме бастықтарына хат жолданып, кейбіреуінен жауап келіп жатқан. Сондай-ақ қазаға ұшырады деген жеті адамның, үшеуінің (және үшеуі де қыз бала) ауылдарына арнайы адамдар жіберілсе де, әке-шешелері шындықты жасырып қалған көкшетаулық және меркелік қыз балалардың деректері расталмай жатқан. Себебі оларды Қауіпсіздік комитеті әбден үрейлендіріп қойса керек. Алдында, Тұрсынбек Кәкішев пен Адам Мекебаев растап берген жайды Коммунар Табеев ресми анықтауға барғанда бәрін жоққа шығарып, мойындаудан бас тартыпты және соның алдында ғана екі ересек адам барып, шындықты айт деп қатқыл сөйлесіпті. Кім? Астыртын істің талабы бойынша, мен тапсырма берген адам өзінің кіммен сөйлескенін маған да айтпауы тиіс. Сақтық керек. Сонда да, «жас ұлтшыл» деген Партиялық қаулының тізіміне ілініп үлгеріппін. Ал жаңағы үш адам Алматының демалыс паркінің жанындағы жәбірленгендерге де барып, өздерінше ақпарат алмақ болған. Әрине, олар шындығын айтпаған. Суреттеп берулеріне қарап, іштей шырамыттым. Қауіптісі – егдесі Олжастың қыр соңына түсіп, соттатпай тынбаймын деп жүрген әйгілі жәміл. Ал сенгендері «ұзын бойлы, ұзын мұрынды» Сафуан ағам болып шықты. Бір-екі рет бетпе-бет келгенде сәлемімді салқын алған. Содан, екі жағымызда бұрылып кете алмайтындай қыспақта кездесіп қалдық. Сәл бәсеңдете: – Ана істерің не болып жатыр, бірдеңе шығара аласыңдар ма? Біз де қарап жатқамыз жоқ, – деді. Енді шегінудің реті жоқ, демімді ішіме алып: «– Білемін. Онсыз да шошынып қалған балаларды үркітіп біттіңіздер. Сіздер барған үш жердегі жастардың тізімдері алынып, ісі сотта ақталуға жіберілді. Өзіңіз бастаған іске өзіңіз неге селкеу түсіресіз. Сізге сенемін. Ал ана «егденің» көздегені – жастарды ақтау емес, Олжастың үстінен арыз жазу үшін іздеп жүрген «дерегі». Оның алды Орталық комитетке жолданыпты. Мен танысып шықтым. Сондағы мақсатыңыз не? Олжас үшін балаларды және олардың ата-аналарын қиянатқа қиясыз ба?», – деп едім: – Ойбай, не дейсің?!. Түскен екем ғой «егденің» тұзағына. Ендеше, Сенен басқа ешкім істей алмайды, жастарды өзіміз қорғайық. Бізге қосыл! – деп жүргені сол екен ғой. Кешір, айналайын! Кеш. Алла, аңғал басым-ай, алдап соққан екен ғой! – деп, сол арада ауыр да болса шындықты мойындады. Қарсы уәж айтпады, орынсыз ақталмады. Құшағын айқара ашып құшақтап, батасын берді. Біз де, О.Сүлейменовтің атынан Жоғарғы соттың мүшесі Қ.Кенжебаев, басқарма бастығының орынбасары М.Нәрібаев (кейіннен Бас Прокурор болды), адвокат Сыздықова Анықтама дайындап, Қазақстан Орталық комитетіне және СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына жолдадық. Оның бір данасын депутаттыққа кейіндеп сайланған М.Шаханов сұратып алды, ақыры ол СССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында кеңес одағына жария етті. Бір кездесіп қалғанда: «Мұхтар мәліметті сендерден алды ма? Мен күткен нәтиже сол еді. Бөгетіміз тие жаздапты-ау. Құдай сақтады», – деп арқамнан қақты.

Осынау өжет мінезді, өткір сөзді, тәуекелшіл мінезді Сафакеңмен арадағы соңғы көрініс туралы жақ ашпауыма да болатын еді. Бірақ өзінің оқыс кеткен аңғал тұстарын ашық мойындай білетін адамның, нағыз адал, батыл мінезді, арына кір жұқтырмайтын сергек сері мінезді Сафакеңнің адами болмысын жасырып қалуды жасықтық санадым. Ал, бұл – әр адамның бойынан табыла бермейтін «Һас әл-Һас» («Толық адамның» деңгейіне сай ең асыл) адамның ғана болмысына тән қасиетті сипат.

Ал, Сафакеңнің – Сафуан Шәймерденовтің сондай «Һас әл-Һас» деңгейіндегі толық адам екеніне жоғарыдағы үш мінезі толық дәлел.

Сафуан Шәймерденов
Сафуан Шәймерденов отбасымен бірге

Тіршіліктің мүддесі тірі адамды тоғыстырмай тұрмайды. Әрине, жоғарыдағыдай сын сағаттардағы сынақтардың сыны мен сыры бір басқа. Сафакең сырбаз, сері тұлғасын көріп, көзайым болған ширек ғасырдың ішінде өзара пендешілік базына да орын алып тұрды. Дүниеден озар ант мезгілі шағында ажалға қарата: «Осыншама өмір сүруге мүмкіндік бергеніңе рақмет», – деп сыпайы ризашылықпен аттанған аса кішіпейіл, мәдениет иесі Мұқан Иманжанов марқұм сүрлеуін салған қазақ прозасындағы алғашқы ірі интеллектуальды роман «Инештен» бастап «Ағалар алақанына» дейінгі аралықта Сафакең ешқандай да атақ-дәрежеден дәметпей, даңғазадан бойын аулақ ұстады. Соңғы шығармасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда ақырын ғана: «Бұл өзі бір түрлі дүние. Жұрт түсіне берер ме екен. Сен қалай ойлайсың?», – деді сыпайы, кездейсоқ кезігіп қалғандай боп ғана. Емеурінді түсініп, «Аз сөздің астары» атты мақала жазып, жарияладым.

Жолыққанда басын изей ризашылығын білдірді. Соған да қанағат еді. Бір жолы, Баянғали Әлімжанов екеуміз Одақта Сафакеңе қарама-қарсы кеп қалдық. Баянғали өзімси сөйледі. «Жә, Баяш, сен сәл екпініңді бас. Мына Тұрсынға бір кішіпейілдік жасағым кеп тұрғаны. Борыштармын. Жүріңдер», – деп «Қаламгерге» ертіп барды. Отырар-отырмастан, «менімен емін-еркін тәжікелесе беретін Баянғали Әлімжанов: «Сафаке, мұны несіне еркелете бересіз. Керей, керей деп жездемсініп, апайыма арқа сүйеп, барлық керейге ертоқымын теріс ерттеп мініп, күн көрсетпейтін болды. Кегімді бір алып беріңізші», – демесі бар ма? Сонда Сафакең: «Қой, барлық керейді басына бермес. Солай ма, Тұрсыкен?» – деген кезде: «Маған бәрібір, тек таза керей болса бітті, кез келген керейдің шаруасын үш-ақ минутта бітіріп жіберемін», – деп жауап беріп ем. «А, солай ма, солай де. Жарайды, оны да көрейік», – деген. Соны, Сафакең Ғабеңе айтып: «Тұрсын бізді сөйтіп бір шоңқитып кетті. Сізден басқаның тісі батпайды. Өзін ұстап ап, бір тұқыртып, кегімізді қайтарып беріңізші? Сіз де керейсіз ғой», – депті. Сөйтіп, Ғабеңнің мені «Мен де кереймін ғой», – деп «дені» қосып қойып, екі жарым сағат тұқыртқаны бар» (Естеліктен»). Ол мұғжиза өмірі естен кетпестей боп есте қалды. Адал, таза жанды Сафакең қандай да бір көңіліне келген кілтипанды ұмытпай, ойлағанын міндетті түрде орындап тынатын. Кәдімгі, астарлы әзілден кеткен есесін, сөйтіп, Ғабеңнің «мысты миығымен» басып қайырғаны бар.

Соңғы рет рет Сафакеңді Астанада, Ғылым министрінің қабылдау бөлмесінде тосын жолықтырдым. Бесінші қабаттың терезесінен аспанға қарап, көзі мұңға толып, сондай бір шарасыз күйде тұр екен. Көңілсіздеу қалыпта сәлемімді алды да: «Солай, Тұрсын, мен келетін мекеме емес қой бұл. Саянымның (үлкен ұлы, атақты хоккейші, әлем чемпионы) жайымен жүрмін. Жағдайы болмай барады. Астанаға келген екенсің. «Ел ауған жаққа құт ауады» деген», – деп ықыласын білдірді. Сол салқын, көңілсіздеу көңіл райында қоштастық. Бұл менің «өжет ойлы, сергек сері» Сафакеңді – Сафуан Шәймерденовті соңғы рет көруім екен. Араға жыл салып барып дүниеден озды. Жалған-ай, қандай азапқа салсаң да балаңның жаназасына қатысудан асқан қасірет бар ма, деші. Өмірден көрген ең ауыр жазасы ғой ол. Сафакең өмір тозағының сол қинауын да көріп кетті. Иілмейтін бас иілді, мүжілмейтін жігер кемірілді, жанына жуытпайтын шерлі уайым өрнегін салды. Не шара? Хақ иесі ондай жазаны ешкімнің пешенесіне жазбаса екен.

Тұрсын Жұртбай