Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:29, 19 Сәуір 2023

Өзі суайт, өз халқын масыл дейді

None
None

Өткен аптада мәжіліс депутаты Гаухар Танашаева вице-премьер Алтай Көлгіновке АӘК-ті алып тастау жөнінде депутаттық сауал жолдады.

  Аталмыш көмекті алудың жолында елдің небір мехнатты бастан кешіріп,  мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңынан шаршағанын тілге тиек еткен депутаттың ойынша ең  дұрысы – бұл көмекті қолданыстан шығару керек. АӘК-тің орнына  балаларға төленетін жәрдемақыны арттырған дұрыс. 

  Депутаттың есебінше, болашақта үкімет ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы тағайындауы тиіс. Мұндай жағдайда төрт балаға берілетін жәрдемақы 280 мың, екі балаға 140 мың теңгені құрайды. Бүгінде елімізде  әр балаға айына төленетін жәрдемақы мөлшері 13 826 теңге ғана.

    Біздің елде АӘК-тің мөлшері айналасы жиырма мың теңгені құрайды. Тіпті кейбір аймақтарда күнкөріс деңгейінің төмендігіне байланысты бұдан да аз сома төленеді.  Бұл көмекті еліміз бойынша 450  мыңға жуық адам алып отыр. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 73,9 млрд теңге бөлінген.

  Сөйтіп, депутат Танашаева үкіметке сауал жолдауын жолдады-ау. «Сараң сорлы бере алмай өледі» демекші, бүгінде үкіметтің атымтай жомарт емес екенін ел мықтап сезініп үлгерді. Осыған орай қараша қауым әлеуметтік желіде болсын, былайғы өмірде болсын атқарушы билікті күнде «өлтіріп» тұрып сынайды-ақ. Әйтсе де мұндай сынауларға әбден еті үйреніп, беті қалыңдаған үкімет мүшелері елдегі сіңірі шыққан кедейлерді қолдауға қатысты жаңаша жобалар жасауға асығар емес. Үкіметте тіпті «жәрдемақымен елді қамту масылдыққа үндейді» деп жүргендер де баршылық.

Мәселен, қайбір жылы Владимир Божко: «Биліктің не істеп жатқанын көріп, түсіну керек. Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен. Осы үшін мемлекетке тізерлеп тұрып алғыс айту керек» деп салған.

  Өкініштісі, қазір халық билікке тізерлеп тұрып алғыс айтатын жағдайда емес, керісінше, елдің көбі тізе бүгіп, алақан жайып, қайыр сұрайтын жағдайға жетті. Елдегі инфляцияның көлемі 20,5 пайызға өсті. Биылғы жылдың басында қымбатшылықты 8,5 пайызға түсіреміз деген үкіметтің жоспары орындалмады. Халықтың тапқан табысын  инфляция жеп қоюда. Азық-түлік өнімдері, күнделікті тұтынатын тауарлар ай сайын, қала берді апта сайын қымбаттап жатыр. Қазір халықтың дені үкіметке телміріп отырса аш қалатынын түсінді. Қайсыбірі нәпақа табу жолында балаларын қамап кетіп, қараусыз қалдырып, далаға түнеп жұмыс істеуге де мәжбүр.  Тіпті 2019 жылғы бес бүлдіршіннің өлімі де сабақ болды деп айта алмаймыз. Үкіметтің әлеуметтік жағдайға қатысты қарым-қатынасын неліктен ата-аналарға түнде жұмыс істеуге тура келетінін сұрағанда сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған Светлана Жақыпованың «это их выбор» деген сөзімен түйіндей салуға болады. Одан бері ештеңе жоқ өзгерген.

  Артынша, жағдайы төмен отбасыларға биліктің іші жылығандай болып, сол жылы елдегі әр балаға 21 000 теңгеден жәрдемақы тағайындалды. Тұрмысы төмен отбасылардың несиесі кешірілді. Бірақ бір жыл өтер өтпестен, бюджет көтермеді ме, болмаса өздерінің қалтасына кетер қаражат азайды ма, үкімет халықты бұлай «жарылқауды» кілт доғарды. Сол тұста мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова несиелік амнистияға іліккендер мен мемлекеттік жәрдемақыға күнелткендерді «масылдар» деп бір мардымсыды. Сенат депутаты болған Әли Бектаев: «жәрдемақыға бөлінетін қаржы ауыл, су, балық, орман шаруашылығына бөлінетін қаржыдан әлдеқайда көп» деп бір налыды.  Қарап отырсақ, үкімет бейнебір елдегі жағдайы төмен, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға бар жағдайды жасап тастағандай мәлімдемелер жасайды.

  «Барометр» талдау және сараптау орталығының деректеріне жүгінсек, бүгінде республика халқының  70 пайызы  азық-түлігінен қаражатты үнемдей бастаған. Елдің тапқан табысы өзін-өзі дамытуға жетпейді. Экономист-сарапшы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, әсіресе үйде жұмыссыз, баламен отырған әйелдер болашағына қатты алаңдай бастаған. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатындардың 80 пайызы болашағына сенбейді. Себебі елдегі әлеуметтік қамсыздандыруға, төленетін жәрдемақыға олардың мүлде көңілі толмайды. Қазақстан  болашақта елде сіңірі шыққан кедей-кепшіктің қатары көбеймесін десе, ең алдымен АӘК есептеудің жаңаша тетіктерін қарастыру керек. Маман біздегі  ең төменгі күнкөріс деңгейі туралы ақпараттың шындықтан алыс екенін айтады.

«Осы жылдың төрт  айының ішінде азық-түлік инфляциясы 20 пайызға  жетіп қалды. Зейнетақы мен жәрдемақыларды есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі азаматтарды лайықты әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, АӘК және жәрдемақыларды есептеудің жаңаша тетіктерін қарастыруымыз керек»,  – дейді Молдабаева.

   Осындайда, халықаралық талапқа сүйенгіш, шетелге еліктегіш, реформаларын тықпалағыш біздің министрлер қайда қарайды деп те ойланасың? Рас, Тамара Дүйсенова басқарып отырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жуырда Еуропалық одақтың тәжірибесіне сүйене отырып, Әлеуметтік кодекс даярлады. Министр Дүйсенова кодекс аясында кедейлік қысқан отбасыларға Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі 2025 жылдан бастап өзгереді деп отыр. Бұл жерде кедейлік шегі қазіргідей ең төменгі күнкөріс деңгейі емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болады. 

Бүгінде АҚШ, Швеция, Франция сияқты 8-ден астам ел осы көрсеткішті пайдаланды екен.  Айта кетейік, Қазақстанда медиандық кіріс қазір шамамен 55 мың теңгені құрайды. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есеге жоғары.   Демек, болашақта жәрдемақы сомасы өседі деген сөз. Бірақ 2025  жылға дейін әлі екі жыл барын ескерсек, сол екі жыл аралығында үкімет елдегі инфляцияны  тезге сала ала ма?! Халықтың қолына 2025 жылы тиетін 55 мың теңгенің құны ол кезде тағы көк тиын болып қалмай ма?! Қазір қымбатшылыққа қарсы үкіметтің де, Ұлттық банктің де шаралары аса нәтиже бермей отыр. Соған қарамастан, үкімет халыққа түрлі уәде беріп, емексітуден шаршамайды...

Тегтер: