Өзім деген жанға өзегін жұлып беретін...

Жан жарымның, Құдай қосқан қосағым Әлімжанның ауырмай-сырқамай мәңгілік мекеніне аяқ астынан аттанғаны… жүрегімді тілімдеп, жанымның күл-паршасын шығарды.
Дәл менікіндей күйді басынан өткізген құрбы-құрдастарға, таныстарға жұбату айтып, көп-көрім ақыл берген едім. Маған да сол жұбату, сол ақыл айтылды. Жеме-жемге келгенде, оның бәрі бос сөз екен. Түйсік бәрін түсінеді, сезеді, ал сынық көңілім ештеңе қабылдағысы келмейді. Сондай сәтте Құдайберді Бағашардың «Тағылым тамшылары» атты кітабы қолыма тиді. Пайғамбарлардың, әулиелердің басынан өткен оқиғаларын қайта-қайта оқи отырып, Құдайым өзі бергенін өзі алатынына жүректің де, көңілдің де көзі жетті. Мен де «Уа, АЛЛА, бергеніңді алдың, енді ештеңемді алмашы!» дейтін болдым.
Әлімжан Жораханұлы екеуміз шаңырақ көтерген кезде орыстың үйін жағалап, пәтерден-пәтерге көшіп жүрмедік. Әлекеңнің туысы Ғибатулла Кәрбозов атаның бір бөлмелі пәтерінде тұрдық. ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан, оқу-ағарту саласында көп жыл қызмет атқарған ата (нұры пейіште шалқысын! Үрім-бұтағы жамандық көрмесін!) Әлімжанды жақсы көрді. Сондықтан болар, жаңадан отбасын құрған бізді қаланың қақ ортасында орналасқан пәтеріне тұрғызды. «Үй – бос. Кілт – Ғалияда (үлкен қызы). Мен оған телефон соғамын. Бар да, кілтті ал» депті. Әлекең екеуміз гүл-гүл жайнап, кешқұрым Әуесхан аға мен Ғалия тәтенікіне жетіп бардық. Айтпай кетуге болмайды, Әуесхан аға да, Ғалия тәте де пайымды, парасатты жандар. Ал бұл кісілердің анасы – Ғибатулла атаның үйіндегі Айқан апамыз да (жаны пейіште болсын!) ұлағатты ұстаз еді. Атаның үйі Әлекең екеуміз үшін құтты мекен болды. Төрт ай тұрған соң, желтоқсан айының басында Әлімжанға жұмысынан Абай даңғылының бойында тіз қатар тұрған 3 жатақхананың бірінен бір бөлме берді.Уһ, Алла-ай десеңші! Қуанышты, берекелі, бұлтты-бұлтсыз, жақсылығы көп, 37 жылғы ерлі-зайыпты өміріміз көзді ашып-жұмғанша өтіпті де кетіпті...Әлі есімнен кетер емес, тұрмысқа шыққаннан кейін Әлекеңнің киімдерін алғаш рет жудым. Әдетте, жейденің жағасы мен жеңнің түймеленетін тұсы кіршең келеді ғой. Жағасын да, жеңін де армансыз ысқылап жудым-ау. Менің әрекетімді сырттай бақылап қарап тұрған ол: «Әлі күнге дейін кір жууды білмейсің бе?!» – деді қатқыл дауыспен. Шошып кеттім. Үстіне қылау түсірмей, шалбарының қыры сынбай ұқыпты жүретін Әлекең мені аяп кетсе керек: «Жаға мен жеңге арнайы қаттырақ мата салынып тігіледі. Оны қатты мыжғылап жусаң, формасы кетеді», – деді даусын жұмсартып. Содан кейін мен умаждап тастаған жейденің жағасын, жеңін бір-біріне үйкеп жуып көрсетті. Уақыт өте жейде мен шалбар жуудың кәсіби маманы болып алдым.Айтпақшы, сол күні Әлекеңнің кепкен жейдесі мен шалбарын жақсылап тұрып үтіктедім. Мәз болып, үтіктелген киімді киім ілгішке іліп жатып: «Ертең жұмысыңа мына жейдені киіп бар», – дедім. Сөйтсем, әлгі жейденің жағасының ұшын үтіктеп жатып, байқамай қыртыстап жіберіппін. Бұл менің Әлекеңнің алдындағы алғашқы сынағым әрі сабағым болды.1987 жылдың қазан айында өзім ұзақ жылдар қызмет атқарған «Жас Алашым» (ол кездері «Лениншіл жас» болатын) үш бөлмелі пәтер берді. Үйімізге келіп, ең бірінші Құран оқыған газетіміздің ардагері, қаламгер, марқұм Бағдат Жандосай ата болды. Әлекеңнің қолынан келмейтіні жоқ еді. Бастаған ісін тап-тұйнақтай етіп аяқтайтын. Осы пәтеріміздің лоджиясын өзі жауып, бір бөлме етіп жасады. Балконды да жып-жылы ұядай қылып өзі жапты. Терезелер үлкен, әйнектер ауыр, оларды орнына қоюға көмекке мені шақыратын. «Көмектес» десең, шауып келетін адамдар көп. Бірақ жұртты жұмсағанды қаламайтын Әлімжан: «Олар ананы сүйту керек, мынаны бүйту керек деп ақыл айтып, уақыт алады», – дейтін. Екі баласы да қасында. Балға сұраса – балғасын, шеге сұраса – шегесін беріп жүргені. Қазір олар есейді. әкесі секілді сантехниканы да, үйдегі майда-шүйде жөндеу-сырлау жұмыстарын да өздері істей береді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген – осы.Әлімжан ортасына сыйлы, әзілдесе алатын, жөн-жосықты жақсы білетін адам еді. «Үй – қасиетті орын. Бала-шаға бар, сондықтан үйдің аурасы да таза болғаны дұрыс» деп шаңырағын қатты қастерлейтін.Ол бауырым деген жанды ешқашан жолда қалдырмайтын. Өзім деген адамға өзегін жұлып беруге әзір еді. Сол қасиетін бағалаған болар, марқұм Қапуза, Қалипа, Күлайхан апаларымыз да, өзге бауырлары да оны ерекше жақсы көрді.Әлекеңнің тағы бір қасиеті – ел танып, жер аралағанды ұнататын. Бұл қызығушылыққа, әсіресе, ұлы байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне баруға – үлкен ағамыз Ғалымжан Сейдахмет әсер етті деп ойлаймын. Себебі, ол кісі тарихи және мәдени ескерткіштері бар жерлерді барып көріп, оны қызыға әңгімелейтін. Әлекең де Жезқазған, Ұлытау, Ағыбай батыр, Наурызбай батыр кесенесіне барды. Қызылорда, Жамбыл, Көкшенің тарихи жерлерінің біразын аралады. Шетелде де (Париж, Рим, Флоренция, Венеция, Измир, Стамбул т.б.) көп болды. Ташкентке Төле би бабамыздың басына арнайы барып, Құран бағыштап қайтты. Ол жүрген жерінен ой түйе жүретін.Кітапты талғаммен оқитын. Қолына алған соңғы кітаптарының бірі — журналист Оралхан Дәуіттің «Ақ самаурыны» болатын. Автордың әр жазбасын оқыған сайын күлетін де отыратын. Бірде күлкісі қатты шықты. Жанына барып, кітапқа үңілдім. Оралханның «Бата» деген туындысына күлген екен. «Көңіл күйің болмаған жағдайда, осы кітапты оқы», – деді.Аяғынан тік жүрген асыл азаматымның айналдырған бірнеше минут ішінде бізді тастап кете барғанына көңілім әлі сенер емес. «Мықты бол!» дейді бәрі. «Екі бала саған жалтақтап жүр» дейді… Қолымнан келгенше, тырысып жүрмін, Әлеке, тырысып жүрмін. Өзіңнің ақылыңды тыңдап, көңілімді серпілтейін деп, Оралханның «Ақ самаурынын» күніне қолыма бір аламын. Екінші қолымдағы орамал неге екенін суланып қала береді...