Өзімді іздеп жүрмін

Жиырма жылдан кейін туған ауданымдағы орта мектептің қақпасынан аттадым. Ең алдымен көзіме түскен бірінші жаңалық – кезіндегі өз қолымызбен қызыл кірпіштен қаланған қоршау құлатылып, оның орнына басқаша, бетоннан биік қорған орнатыпты.
Біз 7-сынып оқып жүрген кезіміз. Мектептегі төменгі сыныптың балалары қол арбамен, әкпіш ағашпен, есек арбамен үш шақырым жерден кірпіш тасыдық. Бейне илеуіне азық тасыған құмырсқа секілді жолдың бір жағымен кірпіш арқалағандар ақ тер-көк тер болып мектепке кетіп бара жатса, енді бір жағымен затын жеткізіп, жеңіл басып, Құмданға бара жатқан шұбырған оқушылар. Қабырғаң қайысады, омыртқаң майысады деген ешкім болған жоқ. Жоғары сыныптың оқушылары қоршауды қалаумен айналысты. Біздер тасып жатырмыз. Тек әр баланың ойында жоспарды орындауға деген жанқиярлық. Сөйтіп, айлап жүріп салып шыққан дуал мүлде бөтен. Ішке кіргенде байқадым, мектеп ауласы да өзгеріпті. Кезіндегі бір қабатты мектептің орнына үш қабатты жаңа оқу үйі салыныпты, алды-арты әсем безендірілген, мүлде танымастай. Жолдар бетондалып, жағасына қарағаш отырғызылып, әдемі етіп қырқып тегістеліпті.
Айналаны қызықтап ақырын аяңдап, оқу бинасына да ендік. Түр-түсі, мөлдір көздеріне қарап, қазақтың қара-домалақтары екенін жазбай танисың. Мен олардың өздерін көріп қана емес, сөздерін де ести бастадым. Таңырқау мен жатырқаудың көкесі енді келді. Әлгі шүпірлеген балалардың біреуі қазақша сөйлесе не қыл дейсің!.. Барлығы да қытай тілінде. Әңгімесі, бақырып-шақыруы, дарылдай күлгені, тиіп-қашып жүгіргені, бәрі-бәрі қытайша. Бажайлап қарап едім, шаш қоюы, киім киюі де өзгере бастапты. Бірін-бірі қуалаған бірнеше бала аңтарылып тұрған мені қағып-соғып, коридордың екінші басына шүлдірлеген күйлері жүгіріп өтті… Дәл осы у-шудың арасында тұрып, араның ұясына кіріп кеткендей мазам кетті. Енді аз тұрсам, жан-жақтан ұшып келіп, көзі-басымнан шаға жөнелетіндей, айнала гу-гу!.. Кенет қоңыраудың ащы дауысы естілді. Дәліздегі дауыс қандай қатты болса, мынау электр қоңыраудың үні «шарылдап» онан да асып, бәрін басып түсті. Сабақтық мұғалімдер өз кеңселерінен шығып, дәріс беруге сыныптарға беттеді. Қалың бала жан-жаққа ыдырап, әр есікке кіріп кетіп жатыр. Сәлден соң құлаққа ұрған танадай жым-жырттыққа шомды. Сырттан кешігіп кіріп, арпақ-тұрпақ жүгіріп бара жатқан бірді-екілі балалардан өзге дауысы қатты, үні шаңқылдап шығатын ұстаздардың айтқандары еміс-еміс естіліп қалады.
Мен бір кезде осында оқып едім. Тіпті десеңіз, алғашқы қызметімді де осында бастап, аттай он жылымды өткіздім десем өзге тұрмақ, өзім де сенбестеймін. Күні кеше ғана мың баласы бар орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып қазақ балаларына, қазақ тілінде ғылым-білім үйретіп, тәрбие жұмысын жүргізіп едім десем, бағжия қарап, мазақтап күлетін шығарсыз. Мен секілді бір қазақтың мынандай «қытай» мектебінде болғанына ешкім де сенбес… Ешкім танымайды. Бейтаныс біреу келе жатыр-ау деген сана болсашы! «Елу жылда ел жаңа» деуші еді, міне, мен жиырма жылда танымай тұрмын!..
Ойпыр-ай, неткен тез өзгеріске ұшыраған деші! Малшы мен диханның балалары, өзіміздің ұл-қыздарымыз дегенге иланармысың?! Жаңа ғана байқадым, кезінде бірде-бір көрінбейтін қытай мұғалімдердің қатары қалыңдапты. Көзілдірікті қытай апайлар мен ағайлар қасымнан өткенін анық көрдім.
Директордың кабинетіне кірдім. Қасында бірі қазақ, бірі қытай екі кісі отыр. Шамасы өзінен кейінгі көмекшілері болуға тиіс. Сәлем беріп, қастарына жақындадым. Өзімізден кейінгі жастар. Дәл тани алмадым. Қысқа-қысқа амандық сұрасудан кейінгі тыныштықты төрде отырған бастықтың үні бұзды.
– Кім боласыз, мұнда кімді іздеп келдіңіз?
– Атым Дәулетбек. Балалығым қалған, жастық шағым өткен мектебім еді, «өзімді іздеп жүрмін»! – дедім, әзіл-шынын араластырып. Мен кіргелі бір-екі рет маған назарын бөлген бейтаныс жігіт қайтадан орнынан тез көтеріліп:
– Е, Дәулетбек мұғалім, сіз екенсіз ғой. Жаңа шырамытып едім. Мен 20 жылдың алдында сізден физика сабағынан білім алған Толқын деген оқушыңыз боламын, – деп мені бастығы мен әріптес ханзуға таныстыра бастады.
– Бұл жалғыз қазақ мектебі еді, ал қазір мүлде басқаша болып кетіпті. Осынау перзенттеріміз ертең кім болады?! – дедім ақырын.
– Заман солай. «Қос тілді» саясат басталып кеткен. Өскелең, озық ұрпақ қалыптастыру жолында қызмет етіп жатырмыз. Дәл қазір осы орында сіз болсаңыз да осылай істеген болар едіңіз, – деген директор көзінің астымен ханзу басшыға ақырын қарады. Бір жақсысы, біздің не айтып жатқанымыз оған керек те болған жоқ. Қолындағы кітабын аударыстырып отыра берді. Директор маған биіктен дауыстағандай нығыздап тұрып:
– Сіз енді өзіңізді таба алмайсыз! – деді.