Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:10, 09 Тамыз 2025

Өзіміз толық адам емеспіз, толық адам туралы қалай айтпақпыз?

Ғарифолла Есім
Фото: ашық дереккөз

Қазір Абай айтқан «Толық адам» жөнінде айтып, бәрі шулап жүр, жарыса жазып жүр. Абайдың 38-қара сөзін қарасаңыз, оның пайымдауында, толық адам – толық мұсылман.

 Әрі қарай «Алла Тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» деп қосады хакім. Демек, мұсылмандықты ту еткен адамды ғана толық адам деп атай аламыз. Негізі ғылым-ілімді бала өзі іздеп таппайды. Абай айтпақшы, оны я зорлықпен, я алдаумен үйір қылу керек. Қашан бір бала ғылымды, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана аты адам болады. Абай толық адамды «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп сипаттайды, нақтылай түседі. Мұның бәрі – мұсылманның қасиеттері. Толық адамның астарында иман жатыр. Үнемі ізденісте болып, әрекетке бейілділік керек. Ақылды ізгі істерге бағыттап, айналамызға жылу сыйлауымыз қажет. Сонда ғана толық адам боламыз. Бәрі адамның өзіне байланысты.

Абай заманындағы «толық адам» мен бүгінгі «толық адам» ұғымында айырмашылықбар деп айта алмаймын. Абай айтқан сөз қазір де маңызын жоғалтқан жоқ. Сол қасиеттерді қазір де қадірлейміз, құрметтейміз, ұлықтаймыз. «Толық адам» туралы айтып жүргендер көп. Бірақ бәрі мұсылман ба? Сіз мұсылман болмасаңыз, Абай «айтқан ыстық қайрат та, нұрлы ақыл да, жылы жүрек» те болмайды. Тағы да айтамын, 38-қара сөзді оқыңыздар.

Сосын қазір Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы мен қазіргі заманғы гуманистік философияны салыстырып та айтып жүр. Өз басым гуманистік философия деген сөз бар дегенге сенбеймін, бұл батыстан келген ұғым. Қазақша ізгілік десек болады. Бәрі түбінде тек жақсылықты көздейді. Иманның биігіне жетсең ғана толық адам боласың.

Абай айтқан «толық адамға» айнала төңірегімнен ешкімді жатқыза алмас едім. Бір адамды айттым делік, бірақ ол адам сол айтылғанға лайық болуы керек. Мұны тек бір Жаратқан біледі. «Толық адам» екеніңізді ешкім сараптап, өлшеп айта алмайды. Бұл ешкімнің қолынан келмейді. Сөздің дұрысы – осы. Біз өзіміз толық адам емеспіз, толық адам туралы қалай айтпақпыз? Абай айтқан қасиеттерді бойымызға сіңіре беруіміз керек, сіңіре беруіміз керек.

Енді Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай айтар менің тілегім... Бұл – керемет мейрам, өте жақсы іс-шара. 180 жыл – абайтану үшін өте аз уақыт. Абайды ғасырлар бойы оқимыз. ХІХ ғасырда да, ХХ ғасырда да, ХХІ ғасырда да, кейін де Абай оқылады. Мағжан Жұмабаев ұлы ақын туралы:

«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес», – дейді. 1000 жылда 10 ғасыр бар. Осы 10 ғасырдан кейін жастар Абай туралы тағы сұрайды. Демек, ол – ғасырдан ғасырға өтетін алып тұлға. Біз Абайды әлі білмейміз, көп оқу керек. Оқи берейік, тілерім – осы.

Ғарифолла Есім,

профессор