Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 26 Мамыр 2025

Өзін «антикор» төрағасы етіп таныстырған азамат соттала ма?

Антикор
Фото: zhasalash.kz

Атырау облысында өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «төрағасы» ретінде таныстырған азамат «С»-ға қатысты әкімшілік іс бойынша сот отырысы өтті.

Бұл туралы «Антикордың» баспасөз қызметі хабарлады.

«8 мамырда Атырау облысының полиция департаменті азамат «С»-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі (жала жабу) бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, іс Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сот барысында азамат «С» кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. 14 мамырда соттың шешімімен ол кінәлі деп танылып, әкімшілік айыппұл салынды», – делінген хабарламада.

Оқиға Жамбыл облысы Жуалы ауданы №4 мектеп директоры Пернешева Ж.Е. мен өзін «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасымын» деп таныстырған бейтаныс азамат арасындағы телефон арқылы сөйлесуден басталған.

«Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексеру барысында құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол – Атырау облысында тұратын азамат «С». Ол өзін аталған қызметтің төрағасы ретінде таныстырып, бұрын еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты қайта жұмысқа орналастыруға көмектесуді сұраған. Оның әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық белгілері болғандықтан, жиналған материалдар тиісті заңдық баға беру үшін Атырау облысының полиция департаментіне жолданды», – деп түсіндірді «Антикор».

Ведомство халықты мұндай алаяқтық қоңырауларға сенбеуге шақырды.

«Егер осындай мазмұндағы қоңырау немесе хабарлама алсаңыз, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарлауыңызды сұраймыз», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Тегтер: