Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 30 Шілде 2024

Өзін-өзі қамтамасыз етудің тетігі – қаржылық сауаттылық

Ануар Нұртазин
Ануар Нұртазин

Әр елдің дамуы мен әлеуметтік өмірі оның экономикасына тәуелді. Сол себептен де мемлекеттер алдымен экономикалық әл-ауқатты реттеуге талпынады. Қазақстан да осы бағытта біршама жұмыстар атқарып келеді.

Сәттісі бар, сәтсізі бар, көптеген бағдарлама мен бастама жүріп жатыр, жүре береді де. Мәселен, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестицияларға қолайлы климат қалыптастыру, баға бақылауы мен бәсекелестікті қорғау. Жақында ғана осы мақсатта салық кодексіне де біршама өзгеріс енгені есімізде. Одан бөлек, ірі кәсіпорындарға жағдай жасау, табысын арттыру, субсидия беру мен пайыздық жеңілдіктер де жетіп жатыр. Сонымен қатар халықтың қаржылай-экономикалық сауатын арттыруға да мән берілуде. Себебі халық бай болса, мемлекет те бай. Жалпы азаматтардың өз-өзін қамтамасыз етуімен қаржылық сауаттылықтың қандай байланысы бар? Осы мәселе төңірегінде сарапшы, экономист Ануар Нұртазиннің пікірін білдік.

«Қаржылық сауаттылық ең біріншіден ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай алу қабілеті. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Бір айта кетерлігі, мәселе тек қаржылық сауаттылықта ғана емес. Өйткені біздің елдегі сауаттылық деңгейінен бұрын, халықтың кіріс деңгейі төмен. Сондықтан жинақ жинайтындар да, қаржылық қиыншылыққа тап болмайтындар да аз. Мұндай жағдайда халық тұтынушылық несие мен кепілді несиеге жоламай, бойын аулақ ұстайтын болса, микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтарға жүгінбесе, соның өзі қаржылық сауаттылықтың үлкен бір белгісі.

Ал жалпы алғанда, қаржылай сауатты адам деп кімді айта аламыз? «Қаржылық сауаттылығы жоғары адам» болу үшін қарапайым логика керек. Мәселен, кіріс шығыстан көп болуын қамтамасыз ету қажет. Яғни адам өзі жарататын ақшадан көбірек табыс тапса, қаржылық мәселелер оңтайлы шешілетін болады. Одан соң, қауіпсіздік мақсатындағы жинақ болғаны жөн. Егер, одан да артылатын болса ақшаны инвестициялау керек. Ал инвестиция жасаудың ең қарапайым түрі – қалыпты пайызбен депозит ашу. Пайыздық көрсеткіш инфляция деңгейінен төмен болса да. Әрі валюта курсындағы тәуекелдерден сақтану мақсатында жартысын теңгемен, жартысын доллармен сақтауға болады. Бұл капитал тұрақты түрде өсетін болса оны белгілі бір мақсаттарда топтастырған дұрыс. Ары қарай саяхаттауды, басқа да нәрселерді жоспарлай беруге болады. Үлкен мақсаттарға капитал жинаған кезде қандай шығыстарды азайтуға болады деп ойланып, осы бағытта үнемдеуді де кеңес ретінде айта аламын. Алайда қазақстандықтардың жалақысының жартысынан көбі тамаққа, тұрмыстық тауарларға жұмсалатындықтан, оны минимум деңгейге жеткізу жағы қиындау.

Әрине, мұның бәрі түптеп келгенде жай ғана логика. Сенде ақша бар немесе жоқ. Ақша жоқ болса оны жарата да, қолдана да алмайсың. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинайсың. Негізгі базалық түсініктерді білу, сәттілікті не бір ғажайыпты күтпей, қолда бар қаржыны тиімді басқара алу қабілеті әрбір адамға керек. Ал ол үшін ең алдымен қаржылық дисциплина мен жүйелілік қажет. Мысалы, апталық, айлық немесе жылдық есеп жүргізіп, кіріс пен шығысты тіркеп, есептеп жазу жүйелі реттеудің алғышарты. Сол кезде адам белгілі бір уақыт шеңберінде қанша ақша жинай алатынын, қанша үнемдеп, қанша жаратуға болатынын біледі. Әсіресе шынайы қажеттіліктерге кеткен ақша мен импульсивті сатып алуларға жұмсалған ақшаны сараптап, реттеу де маңызды».

Әрине, азаматтардың өзін-өзі қамтамасыз етуі, тұтынушылардың құқығын қорғау қазір бәрінен де маңызды. Сондай-ақ қаржылық сауаттылық, қаражатты орынды жұмсау өзін-өзі қамтамасыз етудің бір тетігі.

Балауса ДІЛДӘБЕК