Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 17 Ақпан 2022

Пайдасыз парламенттен қашан құтыламыз?

None
None

Қазақстанға бір палаталы парламент керек. Зайырлы мемлекетте екі палаталы парламенттің болуы тек автократиялық жүйелерге тән, сондықтан парламенттің осы жүйесін бізден Беларусь, Өзбекстан немесе Түрікменстан сияқты елдер бірден көшіріп алды, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев forbes.

kz басылымында жариялаған мақаласында.

Елде екі палаталы парламенттің құрылуына 90-шы жылдардың басында Назарбаев пен Жоғарғы Кеңестің арасында болған текетірестер себеп болғанын, сол кезде Қазақстанда парламенттік республиканы жақтаушылардың қатары болғанын еске салады саясаттанушы. Сосын, 1995 жылдың тамызында жаңа Конституция туралы референдум өтіп, соның ақырында, қазіргі парламентіміз пайда болды. Тиімсіз, сенімі де, сүйкімі де жоқ, халық сайламайтын, президент пен үкіметтің кеңсесінен еш айырмашылығы жоқ қазіргі парламент солай дүниеге келген-ді.

Бұл схема бойынша суперпрезиденттік жүйе қалыптастыру мақсатында сенат пайда болып, парламентке тек атқарушы билікке бағынышты рөл берілді. Жоғары палатаны құрудағы мақсат – сенаттың мақұлдауынсыз төменгі палата түк істей алмасын, деген қосымша сақтандыру еді. Күндердің күні төменгі палата бағынбай кетіп, президентке қарсы импичмент бастап кетпесін, деген қорқыныш. Мұндай жағдайда сенаторлар мен сенат спикері өте мұқият іріктеледі. Сол себепті 15 сенаторды Қазақстан президенті тағайындайды. Бұлар импичментті өлсе де қолдамайтын, президентке шын берілген, тексерілген тұлғалар.

Қалған сенаторларды құпия дауыс беру құқығымен тағы да халыққа емес, билікке жақындау жүретін мәслихат депутаттары тағайындайды. Соның салдарынан, халық парламент депутаттарына да, мәслихаттарға да сенбейді. Болашақ сенаторлардың кандидатураларын да орталық мақұлдауы қажеттігін ескерсек, бұл сайлаусымақтар тек биліктің өзіне және әр аймақтардағы элиталарға ғана тиімді болатын арзан қойылым еді.

– Бертін келе, сенат деген лайықты қызмет табылмаған немесе зейнет жасына аз қалған қәрі-құртаң шенеуніктерді уақытша отырғызып қоятын транзиттік жеге айналды. Міне, бұдан жоғарғы палатаның халыққа емес, билікке ғана керек екенін көресіз. Ал халыққа бір палаталы парламент те жетеді. Бірақ жаңа парламентті сайлау бұл жолы басқа схемамен өткізілуі тиіс.

2022 жылдан бастап, Қазақстанда жаңа, оппозициялық бағыттағы саяси партиялар пайда болып, олар кезектен тыс өтетін парламент сайлауына қатысуы тиіс. Ал президент өзіне мұра боп қалған жалған партия «Нұр Отаннан» теріс айналып, одан барынша, алыстауы керек. Сонда жаңа ойыншылар шығып, 2024 жылы өтетін келесі президенттік сайлауға дейін партиялар алаңында өзгерістер болуы тиіс деп ойлаймын. Жаңа партия құру үшін оның құрамында кемінде, 20 мың мүше болуы керек, әр облыста кемінде, 600 мүшесі болсын деген талап қолдан жасалған кедергі болып тұр. Билік саяси партияларды тіркеу мәселесінде бейтарап болмай келді. Әділет министрлігі партияны тіркеу жағын заң бойынша емес, президент әкімшілігінің қабағына қарап, шешеді. 38 миллионнан астам халқы бар Канадада партия тіркеу үшін 100 мүше жетеді. Былтыр біздің Әділет министрлігіміз түсініксіз себептермен бір экологиялық партияны тіркеуден қатарынан сегіз рет бас тартты. Қазақстандағы бүкіл сайлау үрдісіне тереңірек үңілсек, Орталық сайлау комиссиясын бастан-аяқ реформалау керек. Басшысын ауыстыру жеткіліксіз. Бұл органның керек нәтижелерді жасап беретін биліктің қолындағы құрал ретіндегі рөлін өзгерту қажеттігі анық, – деген ойымен бөліседі мақала авторы.

Тегтер: