Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:38, 30 Тамыз 2022

Пәкістанда қаңғып жүр 300 қазақ баласы

None
None

«Сақалына сары шіркей ұялап, Миығына қара шыбын балалап, Қазақтың басы қайда қалмаған.

..» (Ақтамберді)  демекші, тар жол тайғақ кешулерде сонау Тибет қырқаларында, Гималай жоталарында, үнді ормандарында да қалған жоқ па, шашылып? Тарихи отанында отырған Шығыс Түркістан республикасы мен Ресей, Өзбекстан, Моңғолия жеріндегі қандастарымызды айтпағанда, тарыдай шашылған қазақтың басы сонау Түркияға ауып, одан Еуропаның бірнеше еліне таралды. Қытайдан қашып, түрік бауырларды пана тұтқан керей-найман көшінен бірлі-жарым алтайлықтардың Индияда қалып қойғаны болмаса, Анадолыға толық ауған-ды. Ашаршылықтың арғы-бергі жағында Қазақстанның батыс аймағынан түркімен, ауған, өзбек жерін паналаған қазақтардың да кейбірі таяу шығыс пен Еуропа елдеріне судай сіңіп кетті. Белгісі-белгісізі бар, жұмыр жерден пана таппай, торғайдай тозған қазақтың бұрынғы-соңғысы бұлар ғана емес...

Пәкістанда қырық үйлі бір ауыл қазақ тұратынын жуырда естідік. Әлеуметтік желіде Атажұртына жете алмай, қазақ екенін дәлелдеуге қауқарсыз отырған, фейсбукке «Hameed Kazak» деген атпен тіркелген жігіттің жанайқайын көзіміз шалып қалсын. Ғаламтордың құдіреті ғой, айшылық алыс жердегі Хамитпен бірер секундта тілдесудің сәті түсті.

– Менің аты-жөнім – Хамит Жорабай. Пәкістанның Карачи деген қаласында тұрамын деп, бастады әңгімесін. – Сүйегіміз орта жүздің керейі. Керейдің ішінде сарбас деген рудан тараламыз. Қырық жылдан бері Пәкістанда тұрып келе жатырмыз. Атажұртымыз Талдықорған өңірінен кеткенімізге 200 жылдан асыпты. Атамның әкесі, яғни, бабаларым Қазақстаннан шығып, Қырғызстанға өткен екен. Ол жақтан тұрақ таппай, Ауғанстанға барады. Ауғанстандағы саяси жағдайды білесіздер. Қашып-пұшып жүрген қазаққа оқ пен оттың ортасы отан бола ма? «Елден шыққанда, санымыз көп болған», дейді. Ауған жерінде аталарымыз бір-бірінен адасып қалған ғой. Бізден басқалары Түркияға кеткен көрінеді. Ал біздің бабаларымыз осы Карачиге келеді. Әуелде он бес үйлі аз ғана қазақ едік. Қазір құдайға шүкір, Карачиде қырықүйлі 300 қазақ тұрып жатырмыз. Белужистан деген жерде де біраз қазақ бар. Орта жүздің қоңырат, кіші жүздің адай, әлім аталарынан. Екіара шалғай. Сондықтан араласа алмаймыз. Ал біз болсақ, балаларымыз тілін, салт-дәстүрін ұмытып қалмай тұрғанда, Атажұртқа жетіп алсақ, деген үмітпен ғана өмір сүріп отырмыз. Алайда соның жолы жабылып тұр – деді, әлеуметтік желіде бізден жылулық күткен қандасымыз.

Қазақтықты дәлелдеу деген не? Тілін ұмытпаса, руын, шыққан тегін, атажұртын біліп тұрса, одан артық басқа қандай дәлел керек? Осы сұрақты Хамиттің өзіне қойдық.

Ол: «Бізде құжат жоқ. Әкелерімізде де, аталарымызда да құжат болмаған. Үлкендеріміз Ауғанстаннан құжатсыз келіпті. Ал Пәкістан біз сияқты босқындарға ешқандай заңды куәлік бермейді екен. Жоқты жонып табамыз ба? Басымызды куәландыратын бір жапырақ қағаз үшін ашпаған есігіміз, бармаған бастығымыз қалмады. Еш нәтиже жоқ. Түп-төркініміз Қазақстанға ораламыз деп шапқылағалы – 15 жыл. Одан да шыққан нәтиже жоқ. Құжатсыз адамның түріне қарап, тіліне, тегіне сенбейді екен. Онысы дұрыс қой. Біздің қазақ екенімізге сенбесе, тарихи тағдырымызды түсініп, Ауғанстанға сұрау салса, Пәкістан үкіметімен сөйлессе, сол арқылы бір шешім қабылдауға болмас пе еді дейміз? Ұлтымыз қазақ, ұранымыз Алаш екенін дәлелдеу үшін Пәкістандағы Қазақстан елшілігі араласып, он шақты адамнан ДНК сараптама алған. Нәтижесі де шықты. Қазақ екенімізді ғылым дәлелдеді. Бірақ ғылым мойындаған ақиқатты адам мойындамай тұр. Қазақстан жақтан әлі нақты шешім жоқ. Бұрынғы елшіні біздің тағдырымыз еш қызықтырмады. Қазіргі елші Ержан Қыстафин Құдайға қараған адам екен. Бізді шақырып, кездесіп тұрады. Бірақ құр кездесумен ешнәрсе шешілмейді ғой. Қазақстан президенті Жаңа Қазақстан құрып жатыпты. Мүмкін, Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан қазақтарының тағдырымен санасатын шығар деген үмітіміз бар. Үміті үзілген қаншама жақындарымыз атақоныстан бір уыс топырақ бұйырмай арманда кетті», – деп сөзін түйді.

«Қазақстан 130 ұлтқа – Отан, тағдыр тауқыметімен жер аударылып келген қаншама халыққа пана болған көпұлтты мемлекет», деп көпіреміз ғой әдетте. Ал өзгенің босағасында жалданып жанын баққан, құжаты болмаса да, қазақ екенін қанымен де, жанымен де дәлелдеген қаракөз бауырларымызды осылай шырылдатып қоямыз ба? Тоқсаныншы жылдардың басындағы жылымықта Пәкістанның Белужистан деген жерінен қандастарымыз отанына оралды. Ол кезде Карачи қазақтары Пәкістанға жаңа келіп, бас сауғалап жүрген. Қазақстан деген мемлекеттің бар-жоғынын хабарсыз уақыт. Хамит Жорабайдың ауылы солай көштен қалып қойыпты. Соңғы 15 жылдан бері бұлар Қазақстанға көшудің қамын қыла бастаған. Хамиттің әкесі Жорабай марқұм да қырықүйлі Карачи қазақтарын атажұртқа жеткізсем деп, қанша шапқылағанымен, еңбегі еш болған көрінеді. Арманына жете алмаған қария 2018 жылы өмірден өтіпті. Ұрпақ алдындағы ендігі аманат – Хамиттің мойнында. 32 жастағы жас жігіт ағылшын тілінде сауатын ашқанын айтты. Бірақ құжат болмаған соң, жоғарылап оқи алмаған. Хамит Жорабай бізге қырықүйлі Карачи қазақтарының бірнеше фото-суретін жіберді. Мектеп жасындағы бала-шаға көп. Бәрі сауатсыз, құжатсыз. Мектеп көрмеген. Әліпті таяқ деп танымайды.

Әке аманатын арқалаған азаматтың сөзінен бір түсінгеніміз, екі ғасыр қашып-пұшып жүрген босқын жұртта қандай кәсіп, қандай тұрақты тіршілік болсын?

– Құдайдың қара суын қымбатқа сатып алып ішеміз. Өз атымызда баспана да болмайды. Тұрақты жұмыс туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Жергілікті халыққа жалданып, күнделікті шай-тұзымызды тапқанымызға шүкірлік қыламыз. Аптасына екі күн жұмыс табылса, бес күн боспыз. Мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Өйткені Пәкістан үшін біз ешкім емеспіз: не санатта, не есепте жоқ халықпыз. Біздің жоғымызды тыңдайтын, мұңымызға күйінетін Пәкістан ешқашан болған емес. Бұл жақта бізді байлап отырған ешнәрсе жоқ: бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Сондықтан есіміз барда – елімізді тапсақ, атажұртқа барсақ деген тілек қана біздікі, – дейді, отызында бір ауыл қазаққа бас болып отырған азамат.

Тұтас түркінің атажұртымыз дегенде, екі езуіміз көпіріп, құшағымызға Алатау мен Қаратау қатар сыйып кетеді. Ал шілдің боғындай шашылған аз қазақты бауырға басуға келгенде, кежегеміз кейін тартып, рушылдық, жершілдік дертіміз қоза қалатыны ақиқат. Әйтпесе, ғылым дәлелдеген қазаққа «қазақтығыңды дәлелдеп кел» деудің өзі ұят тірлік! Біз мұнда Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз деп жанығып жүрміз, ал Карачи қазақтары Қазақстаннан пана сұрап, хабар күткелі – 15 жыл.

Тегтер: