Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:11

Пәкістан 1,4 миллион ауған босқынын елден күштеп шығара бастады

Пәкістан
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Пәкістан билігі елде заңсыз тұрып жатқан ауған босқындарын мәжбүрлі түрде елден шығаруды қайта бастады. 

Бұл шешім елде “тіркеу куәлігімен” (Proof of Registration, PoR) жүрген шамамен 1,4 миллион ауған азаматына тікелей қатысты. PoR картасы бар босқындардың заңды мәртебесі биылғы маусым айының соңында аяқталған. Көптеген босқындар жеке мүлкін сатып, кәсібін жабу сияқты жеке істерін реттеп үлгеру үшін мәртебені ұзарту мүмкіндігін күтсе де, үкімет мұндай жеңілдік беруден бас тартты.

Оған қоса, тағы 800 мың ауған азаматы “Ауған азаматтық картасына” (ACC) ие, дегенмен Пәкістан полициясы олардың да заңсыз жүргенін айтып, елден шығару шараларын бастады. Қазір Пенджаб, Белуджистан және Синд аймақтарында босқындарды ұстау мен шекара бекеттеріне жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.

Пәкістан үкіметі 2025 жылғы 31 шілдеде жариялаған ресми мәлімдемесінде, жарамдылық мерзімі өткен PoR карталары бар барлық ауған азаматтары елден шығарылуға тиіс екенін атап өтті. Associated Press агенттігіне белгілі болғандай, жарамды паспорты мен визасы жоқ босқындар заңсыз мигранттар ретінде танылады және олар Ауғанстанға қайтарылуы тиіс.

Ішкі істер органдарындағы және қауіпсіздік құрылымындағы дереккөздер мәліметіне сүйенсек, полицияға жаппай тұтқындау емес, үйлерді аралап, кездейсоқ тексерулер арқылы заңсыз тұрып жатқан босқындарды анықтау тапсырылған. Әзірге репрессиялық сипаттағы рейдтер жүргізілген жоқ.

Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы ауған босқындары жөніндегі уәкіл Шакил Ханның айтуынша, босқындар өз елдеріне “құрметпен қайтарылып жатыр”. Алайда БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары бұл шараларды қатаң сынға алып, Пәкістан үкіметін босқындардың негізгі құқықтарын сақтауға шақырды.

UNHCR-дің маусым айындағы есебінде көрсетілгендей, 2025 жылдың алғашқы жартысында Иран мен Пәкістаннан кемінде 1,2 миллион ауған азаматы елдеріне қайтарылған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай көлемдегі мәжбүрлі репатриация Талибан билігіндегі Ауғанстандағы тұрақсыздық пен гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Кейбір босқындар әлі де өз елдеріндегі қауіп пен қысымнан қорқып, Пәкістаннан кетуге құлықсыз. Бірақ ел үкіметі иммиграциялық заңнаманы қатаң ұстанып, босқындарға “шығудың басқа жолы жоқ” дегенді анық байқатып отыр.