Пәкістан Ауғанстан астанасы Кабулға әуе соққыларын жасады
27 ақпанға қараған түні Пәкістан Ауғанстанның бірнеше қаласына, соның ішінде астанасы Кабулға әуе соққыларын жасады.
Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф Х әлеуметтік желісінде бірнеше айға созылған қарулы қақтығыстардан кейін екі ел арасындағы жағдай «ашық соғысқа» айналғанын хабарлады.
Ақпарат министрі Аттаулла Тарар да Х желісінде Пәкістан армиясы Кабулға, сондай-ақ Пактия және Қандағар провинцияларындағы нысандарға соққы бергенін растады.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф:
«Біздің күштеріміз кез келген басқыншылық әрекетті тойтаруға қабілетті», – деді.
Өткен аптада да Пәкістан Ауғанстанға бірнеше түнгі әуе шабуылын жасаған. «Талибан» мәліметінше, ол соққылар салдарынан кемінде 18 адам, оның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапқан.
Ал Исламабад бұл соққылар Пәкістан-Ауғанстан шекарасына жақын орналасқан күдікті содырлар лагерлеріне бағытталғанын, бұл – Пәкістан аумағындағы соңғы шабуылдарға жауап екенін мәлімдеді.
26 ақпанда ауған тәліптері шекара бекеттеріне «кең ауқымды шабуыл» жасап, Пәкістан сарбаздарының «көпшілігін» өлтіргенін айтты. Пәкістан билігі әзірге екі әскери қызметкердің қаза тапқанын растады.
Соңғы айларда Ауғанстандағы «Талибан» үкіметі мен Пәкістан арасындағы қатынас айтарлықтай шиеленісе түсті. Исламабад көрші ел билігін өз аумағында жасалып жатқан террорлық шабуылдарға жауапты қарулы топтарға қарсы шара қолданбай отыр деп айыптауда. Тәліптер бұл айыптауларды жоққа шығарады.
2025 жылдың күзінде Пәкістан Кабулдан «Техрик-и Талибан Пәкістан» тобына қарсы қатаң шаралар қабылдауды талап етті. Бұл — Пәкістан аумағында әрекет ететін, «пәкістандық тәліптер» деп те аталатын қарулы ұйым, оның ауған «Талибанымен» тығыз байланысы бар.
Қазан айында Кабулда екі жарылыс болды, ол үшін «Талибан» жауапкершілікті Исламабадқа жүктеді. Осыдан кейін ауған күштері шекарадағы Пәкістан әскери бекеттеріне оқ атты. Жауап ретінде Пәкістан армиясы ауыр артиллерия, танктер мен дрондарды қолданып, әуеге жойғыш ұшақтар көтерді.
Сол қақтығыстар нәтижесінде «Талибан» өкілдері тоғыз ауған және 58 пәкістандық сарбаз қаза тапқанын, сондай-ақ көрші елдің 20 шекара бекеті уақытша басып алынғанын мәлімдеді.
Пәкістандық БАҚ күштік құрылымдардағы дереккөздерге сүйене отырып, өз тарапынан 23 сарбаз қаза тапқанын, 200-ден астам «тәліп» пен олармен байланысты «террористер» жойылғанын және Ауғанстанның 19 шекара бекетіне бақылау орнатылғанын жазды.
Қақтығыстар 2025 жылдың қазан айының соңына дейін жалғасты. Кейін тараптар Қатар мен Түркияның арағайындығымен атысты тоқтату туралы келісімге келді. Алайда кейінгі келіссөздер тұрақты бейбіт келісімге әкелмеді.