Пәкістан Ауғанстан аумағына соққы жасады
Пәкістан армиясы Ауғанстан аумағына әуе соққыларын жасады. Салдарынан ондаған адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Зымыран соққыларына ұшырағандардың арасында әйелдер мен балалар да бар.
Ауғанстан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Нангархар және Пактика провинцияларындағы бейбіт тұрғындар тұратын аймақтар нысанаға алынған. Талибандар бұл шабуылды «Ауғанстанның аумақтық тұтастығы мен халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы» деп атады.
Нангархар провинциясының бір лауазымды өкілі BBC тілшісіне берген мәліметінде соққылардың бірі Шахобиддин есімді адамның үйіне жасалғанын, соның салдарынан оның отбасының шамамен 20 мүшесі, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапқанын айтқан.
Ресми Исламабад болса, соққылар Пәкістан-Ауғанстан шекарасы бойында орналасқан қарулы топтардың лагерьлері мен паналау орындарына бағытталғанын мәлімдеді.
Пәкістанның Ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрлігінің хабарлауынша, елде тыйым салынған «Техрик-и-Талибан Пәкістан» және «Ислам мемлекеті – Хорасан» (ИШИД-Хорасан) топтары мен олардың бөлімшелері нысанаға алынған.
Министрлік бұл соққыларды ақпан айында Пәкістан аумағында, соның ішінде астана Исламабадта жасалған терактілерге жауап ретінде және Ауғанстан аумағында жасырынған топтарға қарсы «жаза» деп сипаттады.
Жергілікті дереккөздердің мәліметінше, 22 ақпан таңында «Талибан» Пәкістанмен шекараға қосымша күштер жібере бастаған. Атап айтқанда, Торкхам шекаралық өткізу бекетіне 40 көлік пен 250 әскери қызметкерден тұратын алғашқы топ жеткен.