Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:41

Пәкістан мен Ауғанстан 48 сағаттық бітімге келді

ауғанстан
Фото: EPA/TASS/ AKHTAR GULFAM

Пәкістан мен Ауғанстан шекаралық қақтығыстарды тоқтату жөнінде 48 сағаттық уақытша бітімге келді.

Бұл туралы Reuters агенттігі Исламабад мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. Пәкістан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі тарап  келісімге келуге уағдаласқан.

Бітім сәрсенбі күні кешкі 18:00-де (Исламабад уақытымен), яғни Астана уақытымен 20:00-де күшіне енген. 

Шекарадағы қақтығыстардың себептері

Өткен демалыс күндері Кабул Пәкістан әскерін ауған аумағы мен әуе кеңістігін бірнеше рет бұзды деп айыптап, жауап ретінде Пәкістанның бірнеше әскери бекетіне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ауған тарапының ақпараты бойынша, осы операция барысында 58 пәкістандық сарбаз қаза тапқан.

Пәкістанның ресми есебі бұдан аз – Исламабад 23 сарбаздың өлімі туралы хабарлап, қарсы соққы кезінде «Талибан» қозғалысының және онымен байланысты 200-ден астам содырдың жойылғанын мәлімдеді.

Associated Press агенттігі қазан айының басынан бері шекарада шиеленіс күшейіп келе жатқанын жазды. «Талибан» Пәкістанды Кабулға авиациялық соққы жасады деп айыптаған, бірақ Исламабад бұл мәлімдемені жоққа шығарды.

12 қазандағы уақытша тыныштық және жаңа шабуыл

12 қазанда Сауд Арабиясы мен Катардың арағайындығымен атыс тоқтаған еді. Алайда 15 қазанда екі елдің арасында жаңа қақтығыс тіркелді. Ауған тарапы Кандагар провинциясындағы Спинбулдак ауданын Пәкістан артиллериясы атқылағанын, нәтижесінде 12 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланғанын хабарлады.

Ауғанстанның жоғарғы көшбасшысы Хибатулла Ахундзаданың баспасөз хатшысы Забиулла Муджахид әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде:

«Ауған күштері жауап ретінде бірнеше пәкістандық бекеттер мен базаларды басып алды, қару-жарақ пен танктерді қолға түсіріп, бірқатар әскери нысандарды жойды», — деді.

Ал пәкістандық The News International басылымы керісінше, алғаш болып оқ атқан — ауған күштері мен пәкістандық талибтер деп жазды. Басылым дерегінше, Пәкістан армиясы жауап ретінде бірнеше «Талибан» бекеттерін және бір танкті жойған. Сонымен бірге, елдің қауіпсіздік қызметі шекара маңында содырлар пайдаланған ірі оқу-жаттығу базасы жойылғанын хабарлаған.