Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қақтығыста ондаған адам қаза тапты

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында екі күннен бері жалғасып жатқан қарулы қақтығыс салдарынан ондаған адам қаза тапты.
Екі тарап та шығын барын растағанымен, нақты қанша сарбаз көз жұмғанын анықтау мүмкін емес.
«Талибан»: 58 пәкістандық сарбаз қаза тапты
Кабулдағы билікті ұстап отырған «Талибан» қозғалысының өкілі Забиулла Мужахид AFP агенттігіне берген мәлімдемесінде Пәкістан армиясының 58 жауынгері қаза тапқанын, сондай-ақ ауған күштері Пәкістанның 20 шекаралық бекетін уақытша басып алғанын айтты. Мужахид бұл әрекетті «жауап шарасы» деп атады және тоғыз ауған сарбазының да мерт болғанын растады.
Пәкістан тарапы бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ.
Пәкістан: «19 ауған посты біздің бақылауда»
Пәкістандық БАҚ елдің қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздерге сүйеніп, Ауғанстан жағында да көп адам құрбан болғанын, ал Пәкістан армиясы 19 ауған шекара бекетін өз бақылауына алғанын хабарлады.
Қақтығыс шекара маңындағы Торхам және Спин Болдак аудандарында өршігені айтылуда. Бұл — соңғы айларда екі ел арасындағы ең ірі қарулы текетірес.
Қақтығыстың себебі – әуе шабуылы мен өзара айыптаулар
Қақтығысқа дейін, 9 қазанда, Ауғанстанның оңтүстік-шығысында болған жарылыстардан кейін Ауған қорғаныс министрлігі Пәкістанды елдің егемендігін бұзды деп айыптаған. Кабулдың мәлімдеуінше, Пәкістан әскери ұшақтары ауған аумағына кіріп, әуе соққыларын жасаған.
Исламабад бұл айыпты жоққа шығарды.
Шиеленістің себебі – пәкістандық тәліптер мәселесі
Пәкістан билігі Tehrik-i-Taliban Pakistan (TTP) деп аталатын пәкістандық тәліптерді соңғы жылдары жүздеген сарбаздың өліміне себепкер деп айыптайды. Бұл топ Ауғанстан аумағында дайындықтан өтіп, Кабулдағы тәліптермен идеологиялық байланыс орнатқан.
Пәкістан барлау қызметіндегі дереккөздердің dpa агенттігіне хабарлауынша, соңғы әуе соққылары TTP жетекшісі Нур Вали Мехсудты жоюға бағытталған.