Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:17

Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қақтығыстан этникалық қазақтар зардап шегіп жатыр

1
Фото: Пәкістандық City21 телеарнасынан скриншот

Пәкістандағы қазақтардың жағдайы күннен-күнге ауырлап барады. Пәкісан мен Ауғанстан шекарасындағы жаңа қарулы қақтығыстардан кейін Пәкістан полициясы босқындарға қарсы жаппай тексеріс пен тінтулер бастаған.

 Нәтижесінде ондаған жылдар бойы осы елде өмір сүріп келе жатқан этникалық қазақтар да тұтқындалған. 

 Карачи тұрғыны Хамид Уллах Жорабай әр апта сайын бір немесе бірнеше қазақ отбасы ұсталып, күштеп Ауғанстанға жіберіліп жатқанын айтады.

Солардың бірі Исламуддин Латифи қамауға алынар алдында Пәкістан журналистеріне сұхбат беріп үлгерген.

«Біз Ауғанстаннан 45 жыл бұрын көшіп келгенбіз. Қазақпыз. Пәкістан Ішкі істер министрлігі бізді ұстамауға арналған арнайы құжат берген. Бірақ полиция бәрібір келіп, алып кетті», — дейді ол.

Исламуддин көкөніс сатып, отбасын асыраған.Оның әкесі Абдул Латиф пен ағасы Сайфулла – үшеуі де бір мезетте ұсталған.

Хамид Уллах Орда басылымына Пәкістан билігі берген құжаттың көшірмесін де көрсеткен. Онда бұл адамдардың қазақ ұлтына жататыны, олардың мәртебесін Қазақстан тарапы тексеріп жатқаны, және тексеру аяқталғанға дейін Пәкістанда еркін тұра алатыны жазылған.

Алайда бұл құжаттың сыртқы және ішкі істер министрліктері өкілдерінің қолы қойылғанына қарамастан, көмектеспеген.

«Полиция үйлерімізге баса-көктеп кіріп, бірден алып кетті. Кейін тағы бір ер адам жоғалып кетті. Ол қай бөлімшеде отырғанын ешкім білмейді. Ал Ауғанстанға депортацияланған отбасылармен байланыс үзілді», — дейді Хамид Уллах.

Айта кетейік, Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында соңғы күндері атыс болған. «Талибан» қозғалысы 58 пәкістандық сарбаздың көзін жойғанын және 25 шекара бекетін басып алғанын мәлімдеді. Осы оқиғалардан кейін полиция босқындардың үйлерін тінтіп, ұстап әкетуді күшейткен.

Хамид Уллахтың айтуынша, ол қазір достарының үйінде жасырынып жүр.

Көмексіз қалған қандастар

Пәкістандағы этникалық қазақтардың тағдыры бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Елшілік те, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де «мәселе қарастырылып жатыр» дегеннен арыға барған жоқ.

Ал бұл уақытта ондаған қазақ қамауда, кейбірі Ауғанстанға күштеп қайтарылған, олардың қайда екені белгісіз.

«Біз Қазақстанды өз Отанымыз деп білеміз. Бірақ Отан бізді естімей отыр», — дейді жергілікті қазақтар.