Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:40

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қақтығыс күшейіп барады

Пәкістан армиясы
Фото: oxu.az

14 қазан 2025 жылы Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыстар қайта жанданды. Бұл – соңғы бір апта ішіндегі екінші ірі оқиға. Екі ел де бір-бірін “себепсіз шабуыл жасады” деп айыптап отыр.

Пәкістанның мемлекеттік телеарналарының хабарлауынша, ауған сарбаздары алғашқы болып оқ атқан, ал пәкістандық әскерлер жауап ретінде ауған танктері мен әскери бекеттерін жойған. Ауғанстанның Хост провинциясындағы полиция өкілі Тахир Ахрар қақтығыстың болғанын растағанмен, егжей-тегжейлі ақпарат бермеген.

Ауғанстан тарабы Пәкістанның бірнеше рет ауған аумағы мен әуе кеңістігін бұзғанын айтып, бұл шабуылдарды “егемендікке қол сұғу” деп бағалады. Өз кезегінде Исламабад Tehrik-e-Taliban Pakistan (TTP) тобының содырлары Ауғанстан аумағында жасырынғанын және соңғы жылдары жүздеген пәкістандық сарбаздың қаза табуына осы топ себеп болғанын алға тартты.

Кабулдағы “Талибан” үкіметінің өкілі Забихулла Муджахид 58 пәкістандық сарбаздың көз жұмғанын мәлімдеді. Ал Пәкістанның қорғаныс күштері бұл мәліметті жоққа шығарып, өздерінің 23 сарбазынан айырылғанын, есесіне 200-ден астам тәліпті жойғандарын хабарлады. Тәуелсіз дереккөздер бұл ақпаратты нақтылай алмай отыр.

Шекара жабылды, Сауд Арабиясы мен Катар арағайындық жасады

Қақтығыстардан кейін екі ел арасындағы барлық шекара өткелдері жабылды. Сауд Арабиясы мен Катар билігі тараптарды сабыр сақтауға және дипломатиялық шешім іздеуге шақырды. Қазір Пәкістан әскерлері жоғары дайындық режиміне көшкен.

Аймақтық қауіпсіздік сарапшыларының пікірінше, Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы 2400 шақырымдық “Дюранд сызығы” – бүгінге дейін нақты бекітілмеген шекара. Осы себепті шекара бойындағы ауылдар мен әскери бекеттер жиі қақтығыстар алаңына айналады.

Ауған-пәкістан шиеленісі тек екі елдің ғана емес, бүкіл Орталық және Оңтүстік Азияның тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Себебі Пәкістан – ядролық қаруға ие мемлекет. Қақтығыстың одан әрі ушығуы халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр.

Катар, Сауд Арабиясы және Иран елдері екі елдің арасындағы диалогты қайта бастауға шақырды. Ал БҰҰ өкілдері гуманитарлық жағдайдың қиындай түскенін, шекараның жабылуы сауда мен босқындардың қозғалысына кері әсер еткенін мәлімдеді.