Пәкістан Үндістанға қарсы соғыс шарттарын айтты

Пәкістанның Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф РИА Новостиге берген сұхбатында Исламабадтың Үндістанға қарсы соғыс бастау ниеті жоқ екенін хабарлады.
Біз қақтығысты бастамаймыз. Бірақ егер Үндістан тарапынан қандай да бір әрекет жасалса, біз соған сай жауап береміз. Біз жағдайды ушықтырғымыз келмейді, бірақ Пәкістанға басып кіру немесе шабуыл жасау әрекеті пропорционалды жауапқа әкеледі, -деді министр.
Бұл мәлімдеме Джамму мен Кашмир аймағындағы Пахалгам қаласы маңында болған шабуылдан кейін жасалды. Атыс салдарынан 26 адам қаза тапты. Шабуыл үшін жауапкершілікті “Лашкар-и-Тайба” лаңкестік ұйымымен байланысы бар “Қарсылық майданы” тобы өз мойнына алды.
Оқиға Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайды күрт ушықтырды. Осыған байланысты Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің төрағалығымен өткен Министрлер Кабинетінің қауіпсіздік комитеті бірқатар шешімдер қабылдады:
- Үнді өзенінің сулары туралы келісімді уақытша тоқтату;
- Екі елдің елшіліктеріндегі қызметкерлер санын 55-тен 30-ға дейін қысқарту;
- Вагах-Аттари шекара бекетін жабу.