Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Пәкістанның Кабулға жасаған соққысынан бейбіт тұрғындар қаза тапты

ауғанстан
Фото: EPA/TASS/ AKHTAR GULFAM

Ауғанстан билігі Пәкістан әскерінің Кабулға жасаған соққылары салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапқанын мәлімдеді.

 Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады.

Мәліметке сәйкес, Пәкістан әскері Кабулдағы бейбіт тұрғындардың үйлеріне соққы жасаған, нәтижесінде төрт адам қаза тауып, тағы 15 адам жараланған. Қаза болғандардың арасында әйелдер мен балалар бар екені айтылды.

Сонымен қатар ауған үкіметінің өкілі Забихулла Муджахид Пәкістанның әуе соққылары Кандагар қаласына, сондай-ақ Пәкістанмен шекаралас Пактия және Пактика провинцияларына және басқа да бірқатар аудандарға жасалғанын мәлімдеді.

AFP агенттігінің дерегінше, Пәкістан қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз 13 наурызға қараған түні Ауғанстан аумағына соққы жасалғанын растаған. Оның айтуынша, шабуылдың басты нысанасы «Техрик-е-Талибан Пәкістан» (ТТП) ұйымының мүшелері болған. Бұл – Пәкістандағы қарулы исламистік топ, ол ауғандық «Талибан» қозғалысымен тығыз байланысты деп саналады.

Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қақтығыс

Бұрын одақтас болған екі ел арасындағы жағдай Пәкістан Ауғанстаннан ТТП-ға қарсы шара қолдануды талап еткеннен кейін күрт шиеленісе түсті.

2025 жылғы 9 қазанда Кабулда екі жарылыс болып, «Талибан» бұл шабуылға Пәкістанды кінәлаған. Осыдан кейін ауған әскерилері шекара бекеттерінде пәкістандық әскерилерге оқ атқан.

Жауап ретінде Пәкістан армиясы ауыр артиллерия, танкілер, дрондар мен жойғыш ұшақтарды қолдана отырып соққы жасаған.

Қақтығыстар 2025 жылдың қазан айының соңына дейін жалғасып, кейін Катар мен Түркияның арағайындығымен тараптар оқ атуды тоқтату туралы келісімге келген.

Алайда одан кейінгі келіссөздер бейбіт келісімге алып келмеді.

2026 жылдың ақпан айының соңында Пәкістан Ауғанстанның бірнеше қаласына, соның ішінде Кабулға әуе соққыларын жасады. Сол кезде Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф бірнеше айға созылған қақтығыстар «ашық соғысқа» ұласқанын мәлімдеген еді.

Содан бері «Талибан» мәліметінше, ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ал Исламабад бұл қақтығыстар барысында бейбіт тұрғындарға соққы жасалмағанын алға тартып отыр.