Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:55, 02 Маусым 2025

Палестиналықтар арасында ХАМАС-қа қарсы шығушылар қарасы көбейді

Палестина
Фото: ашық дереккөз

Соңғы уақытта Газа секторында ХАМАС-қа қарсы көңіл-күй күшейіп келеді. Көптеген қала мен елді мекендерде халық Израильмен соғысты тоқтатуды, бейбітшілік орнатуды және ХАМАС режимін өзгертуді талап еткен жаппай наразылық акцияларына шықты. 

Бұл наразылықтар тұрғындардың шаршағанын, ұзаққа созылған қақтығыстар мен ауыр гуманитарлық жағдайға төзе алмай отырғанын көрсетеді. Алайда бұл шерулерге ХАМАС күшпен жауап қайтарды: наразылыққа шыққандарды қамауға алып, азаптаған, кейбіреулерін өлім жазасына кескені туралы хабарлар тарап отыр. Мұндай қатаң шаралар қозғалысқа қарсы шыққандардың үнін өшіру мақсатында жасалғаны анық.

Гуманитарлық жағдай да күн санап ушығып барады. Азық-түлік, су мен медициналық көмектің жетіспеушілігіне қарамастан, көптеген тұрғындар АҚШ бастаған халықаралық гуманитарлық көмекке қарсы бойкоттан бас тартып отыр. Бұл ашығып отырған халықтың аман қалу үшін кез келген көмекті қабылдауға мәжбүр екенін көрсетеді.

Дегенмен, ХАМАС-қа деген нақты қоғамдық қолдаудың деңгейі мен Газа секторындағы ішкі саяси жағдайдың өзгеру мүмкіндігін бағалау әзірге қиын. Өйткені аймақтағы ақпаратқа бақылау қатаң, ал ашық пікір білдіруге мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар тұрғындардың көпшілігі қауіпсіздік пен кек алу сезімдері арасында қалып, нақты саяси ұстанымын білдіруге қиналады.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, еврей мемлекеті анклав аумағына тұрақты жаяу әскер мен ауыр техника — танк бригадаларын енгізіп, ауқымды құрлықтық шабуылдарды бастаған. Қазіргі таңда қақтығыстың негізгі ошақтарының бірі ретінде Газанің оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласы аталып отыр. Бұл аймақта бір мезетте бірнеше бағыттан әуе шабуылдары жалғасып жатыр. Әсіресе, соңғы күндері ЦАХАЛ-дың десанттық бригадалары мен арнайы жасақтары операцияға белсенді тартылуда.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, тек соңғы тәулікте жүргізілген соққылар салдарынан кемінде 39 бейбіт тұрғын көз жұмған. Құрбандар арасында әйелдер мен балалардың саны артып келеді.

Гуманитарлық жағдай күрт нашарлаған. Газадағы 2 миллионнан астам халық азық-түлік пен таза ауызсуға зәру. Израиль тарапы гуманитарлық дәліз ашылғанын мәлімдегенімен, жеткізілген азық-түлік көлемі қалыптасқан ауыр ахуалды жеңілдетуге жеткіліксіз. Куәгерлердің айтуынша, гуманитарлық көмек жүк көліктері кей аудандарға жете алмай, қайтадан кері қайтуға мәжбүр болған.

БҰҰ және халықаралық гуманитарлық ұйымдар аймақтағы ахуалды «қасіретті» деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, егер жақын арада тараптар атысты тоқтатпаса, бұл – Таяу Шығыстағы ең ірі гуманитарлық дағдарыстардың біріне айналуы мүмкін.