Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:20

Палестиналықтар Газа секторындағы билікті технократтарға беруге келісті

Газа
Фото: Reuters

Палестинаның негізгі саяси күштері, соның ішінде ХАМАС қозғалысы, Каирде өткен кездесуде Газа секторындағы билікті тәуелсіз технократтардан құралған «уақытша комитетке» тапсыруға келісім берді. 

Бұл жөнінде AFP агенттігі хабарлады.

Каирдегі келісім

Палестиналық тараптар қабылдаған бірлескен мәлімдемеде:

«Тәуелсіз технократтардан тұратын уақытша палестиналық комитет бар мәселелермен айналысып, араб бауырларымыз және халықаралық ұйымдармен бірлесіп негізгі қызметтерді атқарады», – делінген.

Сондай-ақ тараптар ортақ ұстаным қалыптастыру және «қиындықтарға қарсы бірігіп әрекет ету» туралы уағдаласты. Кездесуге Египет барлау қызметінің басшысы Хасан Рашад та қатысты.

ХАМАС пен ФАТХ арасындағы жаңа кезең

Каирде ХАМАС өкілдері Палестинаны азат ету қозғалысы – ФАТХ басшылығымен де кездесті. Бұл екі ұйым ұзақ жылдар бойы қақтығысып келген еді. Кездесуде Газа секторындағы соғысты тоқтатудың екінші кезеңі — яғни биліктің ауысу жоспары талқыланды.

Тараптар ішкі палестиналық бірлікті нығайту және Израиль үкіметінің әрекеттеріне қарсы «біртұтас ұлттық майдан» құру бағытында жұмысты жалғастыруға келісті.

ХАМАС билікті беруге дайын екенін бұған дейін де айтқан

Қазан айының басында ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған жоспар аясында Газа секторындағы басқаруды тәуелсіз технократтардан құралған органға тапсыруға дайын екенін мәлімдеген еді.

Сол кезде қозғалыс барлық тірі израильдік тұтқындарды босатып, қаза тапқандардың мәйітін қайтаруға уәде берді. Оқ атуды тоқтату режимінен кейін тірі қалған 20 тұтқын Израильге бірден қайтарылған. Алайда 22 қазанға қарай ХАМАС 28 мәйіттің тек 15-ін ғана өткізген.

Шарм-эш-Шейхтегі “бейбітшілік саммиті”

13 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында 20-дан астам әлем көшбасшылары қатысқан халықаралық саммит өтті. Онда Газа секторында атысты тоқтату туралы декларацияға қол қойылды.

Келісімнің кепілгерлері – Египет, Катар, Түркия және АҚШ – соғысты тоқтатуға бағытталған уағдаластықтардың орындалуын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.

Бірақ бірнеше күннен кейін бұл келісім бұзыла жаздады. 19 қазан күні Израиль армиясы ХАМАС-ты екі сарбаздың өліміне әкелген шабуыл ұйымдастырды деп айыптады. Осыдан кейін Израиль Газа секторындағы ондаған нысанға соққы беріп, гуманитарлық көмекті жеткізуді уақытша тоқтатты.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху әскерге «Газа секторындағы террористік нысандарға қарсы барынша қатал шаралар қолдануды» бұйырды. Қорғаныс министрі Исраэль Кац болса, ХАМАС-қа  «әр оқ пен әр бұзылған келісім үшін қымбатқа түсетінін» ескертті.