Пара алғаннан бергеннің жазасы ауыр
Жуырда Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты.
Қысқаша айтар болсақ, Тараз қаласы әкімі аппаратының бас маманы Ж.Ізбасаров пен А.СүйінбековKIDS Park ойын-сауық орталығының карантин кезінде кедергісіз жұмыс істегені және карантин режимін бұзу дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдамағаны үшін аталған кешеннің әкімшісі Шілдебаевтан жалпы сомасы 200 мың теңге пара алды деп айыпталды.
Бұл іс бойынша Ж.Ізбасаровты мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 миллион теңге сомасында айыппұл салу, А.Сүйінбековті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1,5 миллион теңге айыппұл салу және Б.Шілдебаевты мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 миллион теңге айыппұл салу жазасы кесілді. Яғни сот пара алған екеуден гөрі оларға берді деген кәсіпкердің жазасын ауырлау етіп, үкім шығарды.
Енді осы жағдайға кереғар оқиға. Бұл да Тараз қалалық әкімдігіне қатысты. Мұнда да әкімдіктің екі қызметкері. Әріптесіміз Жасұлан Әбдіхалықтың фейсбуктағы жазбасынан мысал келтірсек. «1 тамыз күні «Ай-Жұлдыз» тойханасында той болып жатыр деген хабарды естіп, мобильді топтың екі мүшесі, яғни қалалық әкімдіктің қарапайым екі қызметкері сол жерге барып тойды тарқатпақ болады. Алайда кафе қожайындары қарсылық танытып, мониторинг топтың мүшелері өздерінің ортақ чаттары арқылы әріптестерін көмекке шақырады. Дем арасында қала әкімінің кеңесшісі, аппарат басшысы және тағы бір бөлімнің басшысы жетіп келеді. Келгені құрысын, өз қызметкерлеріне көмектесудің орнына кафе қожайындары мен оларды қорғап тұрған күзетші жігіттермен құшақтасып амандасып, екі қызметкерді құрбандыққа шалып жібереді.
Бұл жайтты Тараз қаласының әкімі Е.Жылқыбаев беске біледі. Ертесіне-ақ прокуратура мен полицияға хабар берілген. Алайда екі жас қызметкер қорқып арыз жазбаған. Сонда қалай, қалалық әкімдік мониторинг топтың мүшелерін тойды тоқтатыңдар деп өздері жібереді, өздері кафені қорғап қалады. Ана екі баланың не жазығы бар?
«Құрметті Ержан Жылқыбаев, кафе қожайындарына шамаңның жетпейтінін білемін. Бірақ сол кафені қорғап, өз қызметкерлерін қорлауға жол берген қарамағыңдағыларға шара қолдануың керек. Екіншіден, қалалық әкімдіктегі мұндай бассыздықты тоқтатуың керек. Үшіншіден, мұндай сұмдыққа жол бергенің үшін орныңды босатуың керек», – дейді Ж.Әбдіхалық.
Өз кезегінде, Е.Жылқыбаев аталған олқылықтар және карантин кезіндегі кемшіліктер бойынша орынбасары А.Садубаевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» беріп, өзі даудан құтылып кеткендей болды.