Парадокстар елі: қылмыскерге берілген рақымшылық көлік жүргізушілеріне неге бұйырмайды?
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының шарапаты жазасын өтеушілерге дейін тиетін түрі бар.
Бірақ түрмеге дейін жеткен қамқорлықты кейде ізгі қоғам атап жүрген айналамыздан таба алмай қалатынымыз рас. Жақында сенат аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандарды жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқартуға рақымшылық жасау туралы заң қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, «рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады».
Жалпы, қазір республикада 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар екен. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4000 адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатқандықтан, олар қамауда отыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеге жабылған. 45 пайызы оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр. Заң жобасы бойынша 2292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылатын көрінеді. Сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5000 қылмыстық іс қысқартылып, оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады және 1471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады деп күтілуде.
Дұрыс қой, рақымшылық жасалсын. Алайда «ала қойды бөле қырқып», рақымшылықтың игілігін түрмедегі қылмыскерлерге дейін көргенде, қоғамымызда тәртіп бұзбай-ақ түртпек көріп жүргендер неге көрмеске?! Мәселен, қалтасындағы бар қаржысына тәуір көлік мінгісі келіп, ресейлік есептегі көлік сатып алғандар дәл қазір қоғамымызда қағажу көріп, қылмыскерден бетер қашып-пысып жүр. Ақ-адал ақшасына алған көлігін үйіне қаңтарып қойып, жол сақшылары мазаламауы үшін жаяулатып жүргендер де жетерлік. Салмақтап қарасақ, қымбат, салоннан жаңа көлік алуға шамасы жетпеген, алайда қалтасындағы бар қаржысына жағдайы тәуір көлік мінгісі келгені үшін қуғындап, ал қылмыс жасап, темір торға түскендерді басынан сипап, рақымшылыққа іліктіру әділетті ме? Әлеуметтік жағдайына бола адамды кінәлі қылу қаншалықты дұрыс? Дәл қазір еліміздегі ресейлік есептегі көлік жүргізушілері биліктен рақымшылық сұрауда. Әйтсе де тиісті қадағалаушы орындардың жүрегі жібір емес.
Шыны керек, кейде билік пен халықтың ортақ келісімге келе алмауы шарасыздықтан заңбұзушылықтарға баруға ықпал ете бастайтыны да жасырын емес. Мәселен, дәл қазір ел ішінде «жеңұшынан жалғасып», көліктің жалған құжатын жасауға тырысушылардың қатары артып барады. Ертеңгі күні жалған құжат дерегі артып кетсе, жариялы түрде мәселенің оң шешімін таба алмаған билікті кінәлаймыз ба, әлде жалған құжат үшін көлік жүргізушісін істі қыламыз ба?! Сосын, «түрмеде адам көбейіп кетті» деп тағы аһ ұрамыз. Айналып келгенде, мәселеге көз жұма қарап, қоғамда алаяқтықтың, жемқорлықтың өршуіне өзіміз жағдай жасап беріп отырмыз. Ендеше көлік жүргізушілерінің жанайқайын да үкіметіміз естісе, мың мәселенің алдын алған болар едік.
P.S. Осы орайда атап өтер жайт, елімізде түрмедегі бір адамға айына 88 мың теңге жұмсалса, бала күтімімен үйде отырған анаға бір тиын да төленбейді. Ал балаға төленетін жәрдемақыны санамаласақ, бір балаға 560-865 теңге шықса, сотталған бір адамның тамағына күніне 1018 теңге жұмсалатын көрінеді. Рас, осыдан соң қоғамымызда қара халықтан гөрі сотталғандардың құқығы жақсы қорғалған ба деп қаласың. Рақымшылық та соларға тиесілі, күндік ішіп-жеміне бөлінетін қаржы да үйдегі баламыздыкінен жоғары. Ендеше түрмеде жатқандардың 45 пайызы неге сол жерге бірнеше қайтара баратынын, жазасын өтеушілердің қатары неге үнемі артып отыратынын түсіну қиын емес секілді. Түрмеден гөрі бостандықта өмір сүру қиындап бара ма, қалай, өзі...