Парамен ұсталады, айыппұлмен құтылады
![None](/static/img/image.jpg)
Елімізде биылғықаңтар-ақпан айларындағы екі айда ғана жемқорлыққа қатысты 438 қылмыстық іс тіркеліпті.
Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлердің үлесі басым. Жемқорлықпен құрықталғандардың арасында әкімдерден, департамент директорларынан бөлек, денсаулық сақтау министрлігінің, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, ішкі істер министрлігінің өкілдері де бар. Антикордың мәліметінше, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл елдегі жемқорлық көрсеткіші
0,7 пайызға өскен.
Жемқорлық «атадан» қалған мұра ма?!
Негізінде, біздің елде бір қарағанда жемқорлықпен күрес белсенді жүргізіліп жатқан тәрізді. Аталмыш дертпен егесіп жүрген антикор бүгінде атағы дардай бірқатар шенеуніктерді құрықтап та үлгерді. Әттеген-айы, қаншама шаралар атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар жұмыстар тындырылғанымен жемқорлардың жемсауы толар емес. Елді сүлікше сорғандардың әрекетінен бүгінде халық та шаршады, мәселені айта-айта сарапшылардың да жағы талды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң 1998 жылы қабылданған. Бұдан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыттары қайта жаңартылып, 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданды. Алайда Назарбаевтың тұсында бұл заң толыққанды жұмыс істеді деп айта аламыз ба?
Заңгер Жасұлан Серікбеков былай дейді:
— Жемқорлық шенеуніктерге Назарбаев тұсынан, атадан қалған мұра тәрізді әлі келе жатыр. 2015 жылы біздегі жемқорлықтың дендегені Ұлыбританияның парламентінде қозғалды. Сол жылы аталмыш елдің депутаты Маргарет Ходж Қазақстандағы жемқорлық туралы пікірталас бастап, «халқын тонап отыр» деп айыпталған қазақстандық олигархтардың атын атады. Депутат Қазақстандағы жемқорлықтың өршуіне Ұлыбританияның да үлес қосып отырғанын, «жемқор элитаның заңсыз ақшасы» осы елден бір-ақ шығатынын ашып айтты. Былтырдан бері біз «еліміздің байлығы 162 адамға ғана тиесілі екен» деп шулап жүрміз. Бұл мәселе Ұлыбритания парламентінде сол 2015 жылы көтерілген.
Заңгердің айтуынша, біз сол он бесінші жылы жемқорлықпен күрес туралы заңымызды өзгерткенмен, нақты күрестің түрін жетілдіре алмадық. Міне, содан бері әлі күнге дейін жемқорлықпен күрес көзбояушылық іспетті.
Жемқордың жазасы және ақша-айыппұл факторы
Жемқорлықпен күресудің нақ қазіргі тәсілімен індетті түбірімен жоя алмаймыз. Себебі бізде пара алып ұсталып немесе бюджет қаражатын жымқырып істі болған шенеуніктер бастапқыда 14-15 жылға сотталады да, артынша рахымшылыққа ілініп бостандыққа шығады. Мысалы, кезінде «Астана — Экспо 2017» компаниясының топ менеджері болған Қажымұрат Үсенов 2016 жылы екі-ақ жылға сотталды да, бір жылға жетер-жетпес уақытта бостандыққа шықты. Бұдан соң 10 жылға сотталған ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміряев та үш жылын өтер өтеместен бостандыққа шықты. 13 жылға сотталғанҚостанай қаласының экс әкімі Ахметбек Ахметжанов та үш жылдан соң бостандыққа шықты. Бұдан бөлек түрмеге қамау орнына айыппұл төлеп құтылып кеткен қаншама шенеуніктер бар. Спорт істері және дене шынықтыру агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Азамат Тұматаев, Білім және ғылым бұрынғы вице-министрі Эльмира Суханбердиева, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы Мұрат Оспановтар темір тордан осылай ірі көлемде айыппұл төлеу арқылы құтылды. Мәселен, сот түрмеге жолдау орнына Мұрат Оспановқа 1 млрд 101 млн 60 мың теңге айыппұл салды. Сұралған қаражатты Мұрат Оспанов алты ай ішінде төледі. Тізе берсек, мұндай деректер өте көп. Жемқорлардың арасында экс-президент Назарбаевқа кешірім хат жазып босап шыққандары да бар. Олардың қатарында 10 жылға сотталып, Назарабевқа жазған үшбу хатының арқасында бостандыққа шыққан министр Қуандық Бишимбаев бар.
— Былтыр қыс айында көмір ұрлығына қатысты Ұлан-Баторда халық үш күн қатарынан наразылыққа шықты. Шындап келгенде «біз экономикасы дамымай қалған» деп сол Моңғолияны менсінбейміз, өзіміз іштей шіріп жатырмыз. Қытайда пара алып, қазынаның ақшасын жегендердің бірден қолын кеседі. Бізде қаншама қаражатты жымқырғандар бостандықта жүр. 1 миллиард теңге айыппұл төлеп құтылатын, бұл олардың атасынан қалған байлық па?! Ол әрине қазынаның, халықтың ақшасы. Сондықтан келешекте қазынаның қаражатын жегендердің жазасы ауыр болуы керек, билік оларға рақымшылық жасауды доғаруы қажет,-дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.
Сотты шегеру
Бұған қоса мамандардың байыптауынша, жемқорлықпен ұсталған ірі фигуранттардың сотын шегеру де рақымшылықтың бір түрі. Мысалы, жоғарыда Моңғолиядағы көмір ұрлығын тілге тиек етіп отырмыз. Ал Қазақстанда «2022 жылы сұйылтылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллард теңгені жымқырды» деген айыппен кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа, Роман Нахановқа, Таир Жанұзаққа тергеу басталды. Бұл іс бойынша күні кеше ғана прокурор Қайрат Боранбаевқа сегіз жыл сұрады. Атышулы аталмыш іс осы кезеңге дейін созылып келді. Бұдан бөлек, былтырдан бері ірі көлемде параны енесінің есепшотына аудартып отырған Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманына қатысты сот та қанша мәрте созылып, бұл шенеунікке биылғы ақпан айында ғана үкім шығып сегіз жылға сотталды. «Бюджет қаражатын жымқырды» деп қамалған Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімнің де қандай болары әлі белгісіз.
Жасұлан Серікбековтің пікірінше «Жемқорларды санкциямен ұстағаннан кейін тергеуді созып, сотты қайта-қайта шегеру мүлдем дұрыс емес. Бұл оларға рақымшылық бергенмен бірдей. Егер біздің жемқорлықпен күрес көзбояушылық болсын демесек, олардың жазасын қатайту қажет, жемқорларды әлпештеуді тыйған жөн».
Біз өзі дамимыз ба?!
Тақырыпқа тұздық:
Жалпы, біз осы өркениетке жете аламыз ба, жемқорлықтан ада болған дамыған елге айналу үшін не істеу керек?! Бұған қатысы Қазақстан Парламентінің 4 мәрте депутаты болған, академик Оразалы Сәбден үкіметке «Жас Алаш» арқылы «Жаңа құрылым жасаудың» мынадай 7 қадамын ұсынып отыр:
- Халықтың күн көріс деңгейін, өмірінің сапасын көтеру. Егер индикаторлар салыстырмалы түрде негізсіз түсіп кетсе, онда Үкімет автоматты түрде отставкаға кету керек. Жаңа кадр саясатын жасау. Сыбайлас жемқорлық жайлаған бұрынғы биліктегі кадр жүйесін түбірімен жаңарту керек.
- Қазақстан халқының бақуаттылығына арналған жаңа «Жалпыхалықтық идеология» қажет. Қазақстанның Мемлекеттік идеологиясы социалистік, әр адамның әлеуметтік жағдайына арналған, экономикасы — нарықтық, саясаты демократиялық — халықтық басқару болуы қажет. Ол үшін біздегі әлі жалғасып келе жатқан бұрынғы жүйенің автократиялық, олигархиялық, бюрократиялық басқару стилінен үзілді-кесілді кету керек. Бізде 30 жыл бойы биліктің өздеріне керек идеологиясы болды, ал жалпыхалықтық идеология болмады.
3. Қаншалықты қиын жағдайда тұрсақ та, болашақты бүгін болжау үшін біз ұзақ мерзімге арналған Стратегиялық әлеуметтік — экономикалық, технологиялық даму Концепциясын және Мемлекеттік бағдарламаны жасап, оны халықпен ақылдасып (керек болса референдум арқылы) қабылдауымыз қажет.
4. Қоғамның рухани-тарихи жаңғыруы қажет. Негізгі назар мәдени, тарихи, денсаулық, моральдық — адамгершілік, әділеттілік т.б. ұлттық құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге, ғылымға аударылуы керек. Тек білімді қоғам кез келген қиындықтан шыға алады. Демократияны да тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады.
5. Қазақстанның болашағы «Ауылды жаңғыртудан» басталады. Алдағы уақытта мұнай мен газдың орнына «бренд» болатын астық пен ет өндірісі. Қазақстан азық-түлік державасына айналу керек. Азық-түлік мүмкіндігіміз әлемнің бірнеше елдерін тамақтандыра алады. Ең бастысы жер мен тіліміз, ұлттық рух өлмеуі керек. Өзіміз өндірмесек, өзіміз де өспейміз.
6. Алдымызда VІ-шы технологиялық укладтың ғасыры (нано-, биотехнология, гендік инженерия, цифрлы, космостық технология) екенін ескерсек. Бізді келешекте жасанды интеллект басқарып кетпеу үшін «Қазақстанның технологиялық кешенді даму бағдарламасы» қажет. Бұл біздің шикізат экономикасынан кетіп, экономикамызды әртараптандырып, дамуына үлкен серпіліс береді.
7. Басты мақсат, біз алдағы уақыттарда дамыған инновациялық экономикасы бар, демкоратиялық, гуманизациялық қоғамы бар өркениетті ел болуымыз керек. Өзгермелі заманда келешек тек Президенттің де қолында емес, ол халықтың сапасына байланысты.