Парақорлар айылын жимай тұр
Жемқорлық бойынша аймақтардағы ахуал күрделі. Тіпті ішкі істер саласы мен құқық қорғаушылардың өздері жемқорлыққа жол беріп отыр.
Ал басқа сала ше? Мәселен, Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тексеру кезінде бір емес, бірнеше рет пара алған облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысын және бас маманды ұстаған. Қазір күдіктілерге қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Аудиторлық тексеру барысында пара алған азаматтар өздерінің қызметтік мүмкіндіктерін асыра пайдаланған көрінеді. Нақтырақ айтқанда, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өздеріне қарасты мекеменің есепшілеріне ескі киімдерді жоғары бағамен өткізуді талап етіпті.
Киілген киімдердің қатарында пальто, күртеше, орамалдар бар. Заңсыз саудадан түскен 456 мың теңгені күдікті өзі алған. Ескі киімнен «ақша жасау» кімнің ақылына келсін? Ал парақорлыққа әбден дәнігіп алғандар тиын жасаудың тетіктерін осылай меңгерген екен.
Келесі оқиға Алматы облысынан. Олар да қалауын тапқандар. Облыстың антикоррупциялық қызметі Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы мен қаржы институтының басшысы арасындағы заңсыз сауданы анықтапты. Бұл да тараптар арасындағы келісіммен жасалған парақорлық.
Қазақстан Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы болған. Күдіктілер сол бағдарлама аясында шеккен шығынның бір бөлігін өтеу үшін субсидияға бөлінген ауыл шаруашылығы құрал жабдықтарын жоғары бағада жеткізу арқылы 50 миллион теңге жымқырған.
Аз ақша емес. 50 миллион теңге. Пара алудың жолын тапқан лауазымды тұлғалар мемлекеттік бағдарламаның өзінің берекесін қашырып отыр. Субсидия сұрауы жоқ ақша емес. Бұл да қазынаның қаражаты. Халықтың салығынан түскен қаражат. Қазір бұл парақорлық бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталып кеткен.
Ауыл шаруашылық саласына бөлінген ақшаларды талан-таражға салу бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін де осындай қылмыстар орын алған. Мәселен, ауыл шаруашылық техникаларын жоғары бағада сатып алу, бағасын көтеріп көрсету сияқты деректер көп кездеседі. Іздеусіз-сұраусыз ақша жоқ. Соны кез келген азамат, әсіресе мемлекет қаражатын ұстап отырған лауазымды тұлғалар анық түсінуі керек.