Paris-2024. Елдостың алтыны
2014 жылғы Сочи олимпиадасының соңғы күндерінің бірі еді. Шорт-тректен 5000 метрлік эстафетада олимпиада финалына шыққан Қазақстан құрамасына жанкүйер болуға бара жатырмыз. «Айсберг» сарайы дүрілдеп тұр.
А.Әжіғалиев, Д.Никиша, Н.Жұмағазиев, А.Бекжанов төрттігін ол кезде шетел тұрмақ, өз елімізде де ешкім түстеп танымайтын, сондықтан олардың финалға шығуын керемет сенсацияға балап барғанымыз да қоспасыз шындық болатын.
Жарыс басталып кеткенде біздің жігіттердің алдынан даңғыл жол ашылды: қытайлық спортшының бірі нидерландылық шорт-трекшіні қағып кетті де, екеуі ұмар-жұмар құлады. Қазақстан үшінші орында тұрды. Алға кеткен Ресей мен АҚШ құрамаларын қуып жетпей-ақ қойсын, бірақ осы орынды ұстап тұрса да жеткілікті еді. Қытайлар мен нидерландылықтар орындарынан тұрып, эстафетаны бір-біріне тапсырып жатқанда, біздікілер шамамен бір айналым алда болды. Бірақ... жас жігіттер ұстап тұра алмады. Мәреге бес команданың соңы болып жетті.
Сол кезде даңқты спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы мен қоғам қайраткері Ирак Елекеевтің қасында отырып, қатты қынжылып едім. «Қазақтың мінезі неге осындай? Басын күмпитіп бастап, неге соңына келгенде дымымыз қалмайды?» деп жігіттерге де ренжідім. Сол Абзал, Денис, Нұрберген, Айдарлардың әлі де жас екенін, олардың шорт-трек финалына шығуының өзі үлкен ерлік екенін, мұндай додада алғаш медальға қол созғанын, ақыр аяғы, қысымға шыдай алмағанын түсінгім келген жоқ.
Арада он жыл өтті.
Енді, міне, Париж олимпиадасының төрінде дзюдошы Елдос Сметовтің құрметіне Қазақстан Әнұраны шырқалып, туы асқақтады. Сметов – олимпиада чемпионы! Риодағы күміс, Токиодағы қола алтынмен қорытындыланды. Ұлы спортшының ұлы табысы болды бұл! Өзі айтпақшы, олимпиада алтынының қандай болатынын екі жағынан да тамашалаған Елдос осы жолы өзі ең биік тұғырда тұрып, олимпиаданың бас жүлдесін тістеп көрді.
Енді мен ешқашан «қазаққа мінез жетіспейді» деп айтпаймын. Оған, әрине, өмір жолы көз жеткізді. Иә, жаман ел болмайды, жаман адамдар болады. Иә, ешбір ұлттың мінезі тиянақсыз болмайды. Ол мықты ұлт болмаса, ХХІ ғасырға жете алмас еді. Технология ғасырына жетіп қана қоймай, әлемде тоғызыншы жер аумағын ұстап отырған Қазақстан қайдан жаман, қазақ қайдан тұрақсыз болсын!
Қазақ мақсатына жетпей қоймайды! Елдос соны айқын танытты.
2016 жылы Рио олимпиадасының финалында ол «алтын ұпайды» ресейлік Беслан Мудрановқа беріп қойып, күміске ие болды. Дзюдо спортынан Сметовке дейін Бейжің олимпиадасындағы Асқат Житкеевтің (2008 жыл, 100 келі) күмісін қанағат тұтып келген бізге бұл да аз олжа емес еді.
2020 жылы ол жартылай финалда татами иесі Наохиса Такатоға есе жіберді. Сөйтіп, олимпиада алтыны деген арманын тағы төрт жылға шегерді. Дегенмен қола жүлде үшін босаңсымай күресіп, нидерландылық Тонике Тсакадуаны қапы қалдырды.
Оны ешкім жазғырмас еді
Осыдан кейін де Елдос спортпен қош айтысса, ешкім сырт айналмас еді. Бір емес, екі олимпиадада олжа салған спортшыларымыз тым сирек. Ермахан Ыбырайымов (қола және алтын), Болат Жұмаділов (екі күміс), Александр Винокуров (күміс және алтын), Иван Дычко (екі қола), Әділбек Ниязымбетов (екі күміс), Гүзел Манюрова (қола және күміс) – бар болғаны алтау ғана. Ал үш олимпиадада үш түрлі жүлдеге қол жеткізген жалғыз Ольга Рыпакова ғана еді.
Міне, Елдос Жазғы олимпиадалар тарихында үш жүлдеге де қол жеткізген екінші қазақстандық спортшы, алғашқы қазақ оғланы болып отыр! Бұдан артық не керек!
«Мен алтын үшін барымды саламын. Демалуға да уақыт жоқ» деп еді ол жыл басында. Сөзінде тұрды.
15 турнирден – 2 жүлде
Бірақ Сметовтің жоғарыдағы сөзіне көпшілігіміз күмәнмен қарадық. Өйткені оның олимпиадаға бармай қалуы да ықтимал еді.
Спортта бәрі статистикаға байланысты. 2021 жылғы Токио олимпиадасынан бері Елдос 15 турнирге ғана қатысты. Соның ішінде екеуінде ғана жүлдеге ілінді: 2023 жылғы әлем чемпионатында (Ташкент) және биылғы «Қазақстан барысы» Үлкен дулығасында (Астана).
Токио олимпиадасынан кейін Сметов 66 келіге ауысып, Загреб Гран-приіне қатысып көрген еді. Алайда бесінші орын алса да, бұл салмақ дәрежесінің ауырлау соғатынын байқап, өз ортасына қайта оралған. Кейінгі 15 турнирде ол Альберто Гаитеро (Испания), Башкуу Йондонперенлей (Моңғолия), Уалиде Хияр (Франция), Яшар Наджафов (Әзербайжан), Иво Верхорстерт (Нидерланды), Ли Ха Рим (Оңтүстік Корея, 2 рет), Ділшатбек Баратов (Өзбекстан), Салих Йылдыз (Түркия), Ромен Пикар (Франция, 2 рет), Андреа Карлино (Италия), Георгий Сардалашвили (Грузия), Йорре Верстратен (Бельгия), Таики Накамура (Жапония, 2 рет), Цогт-Очир Бянбаяв (Моңғолия), Рамазан Абуллаев (Ресей), Аюб Блиев (Ресей) сияқты балуандарға есе жіберді.
Париж төрінде осы спортшылардың ешқайсысы Сметовтің жолында кездескен жоқ. Өйткені олар рейтингте Елдостан сәл жоғары (мысалы, Сардалашвили, Халматов) немесе кейін тұрған болатын. Ал Парижде Елдосқа кіл мықтылар тап келді.
Өзіміздің іріктеу ауыр соқты
Одан бұрын мына мәселеге тоқталып өтуіміз керек. Дзюдо күресінің талабы бойынша, спортшылар әлемдік рейтингте де, олимпиялық рейтингте де ұпай жинайды. Олимпиадада үздік рейтингке ие 25 спортшы ғана сынға түседі. Әр елден бір-бір дзюдошы ғана. Қазақстан құрамасынан Париж татамиінде Нұрқанат Серікбаев (15 орын, 3401 ұпай), Елдос Сметов (22 орын, 2914 ұпай) және Мағжан Шамшадин (24 орын, 2844 ұпай) үміткер болды. Қазақстан дзюдо федерациясы әуелде «рейтингте кім жоғары тұрса, сол барады» деді де, кейіннен бәрін таразылай келіп, басқа шешімге тоқтады.
Бапкерлер құрамы Сметовке бірден таңдау жасаса, жұртшылықтың наразылығына тап болатыны айдан анық еді. Өйткені Серікбаевтың кейінгі жетістіктері қомақтылау. Нұрқанат жас, 21-де ғана. Ал Шамшадин соңғы алты айда жарақатын емдеп, біраз бөгеліп қалды. Оның соңғы әлем чемпионатынан тыс қалғаны да біраз әңгімеге азық болды. Сметовке қарсы сөздердің өрши бастағаны да осы тұс.
Ақыры үшеуінің арасында шағын турнир ұйымдастырылды. Тіпті бұл белдесулер тікелей эфирден де көрсетілді. Сметов екі інісін жеңіп шықты, тіпті Мағжанмен белдесуі он минутқа созылып кетті.
Бірақ осы қосымша іріктеуден кейін Елдостың олимпиадаға баратыны ешқандай күмәнге ілінген жоқ. Жеңді – барады. Болды. Біздің ойымызша, осындай іріктеуден өтіп барып, жұрт көңілінде күдік қалдырмай жеңіске жеткені Елдос батырға қосымша абырой болды.
Кіл мықтыда – Сметов мықты!
Париж олимпиадасындағы жеребені жауға да тілеуге болмайды.
Алғашқы кездесуде ежелгі қарсылас Торнике Тсакадуа (Нидерланды) тап келді. Бұл Торнике Токио олимпиадасында Сметовпен қола жүлдеге таласқан. Елдос оны вазари ұпайымен жеңіп, жүлдені иегінің астынан алып кеткен-ді. Сондықтан Тсакадуа барын салды. Екеуі де екі-екі шидо алды. Ақыры нидерландылық балуан үшінші ескертумен жеңілді.
Одан кейін украиналық Ділшат Халматовты да отандасымыз вазари ұпайымен жеңді.
Ширек финалда Сметов Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Яң Юң Уеймен (Тайпей) күш сынасты. Екеуі бұған дейін екі рет кездесіп, бір-бір жеңіс алмасқан. Париж төрінде қазақ балуаны қажет ұпай жинай алды. Қарсыласы шабуыл бастаған сәтте қарсы шабуылға көшіп, аяғымен Уейдің жерге тіреген аяғын көтере салып, астына басып үлгерді. Төрешілер бұл ұпайды видеодан қайталап қарап қана мойындады.
Жартылай финалда Сметов әлемдік рейтингтік көшбасшысы Франциско Гарригосты (Испания) қылқындыру әдісімен таза жеңді. Екеуі де екі-екіден ескерту алып, белдесу тағдыры қыл үстінде тұрғанда, қазақ оғланы зор тәуекелге барды. Әдістен құтылып, сәл босаңси қалған қарсыласына аш қасқырдай тап беріп, оң қолымен мойынға жармасты. Содан қарсыласы қол үстінен ұрып белгі бергенше босатқан жоқ.
Финалды Франция президенті Эммануэль Макрон арнайы келіп тамашалады. Тбилисиде туған грузин жігіті Лука Мхеидзе Францияға 2010 жылы барып, 2018 жылдан бері құрама сапында жүлде салып келеді. Токио олимпиадасында ол Сметовпен бір тұғырда тұрды, яғни қола жүлде иеленді. Финалға дейін Мхеидзе Енхтайвани Ариумболд (Моңғолия), Ким Вон Жин (Оңтүстік Корея), Салих Йылдыз (Түркия) сияқты балуандарды қапы қалдырды.
Ең бастысы, финалдағы Сметовтің күресін қазақ балуандарына үлгі ретінде оқулықтарға қосуға болады. Біріншіден, Елдос өте салқынқанды күресті. Күйіп-жанып кеткен жоқ. Екі ескерту алып тұрса да білгенінен жаңылмады. «Енді бір ескерту алсам, шаруам бітеді» деп асып-саспады.
Екіншіден, отандасымыз ең дұрыс шешім қабылдай алды. Бір вазари ұпайын иеленген соң Сметов шабуылды үдетті. Яғни ұпайын қорғап, шегіншектеген жоқ. Шегінсе, тағы ескерту алар еді. Бірақ көзсіз тәуекелге де бармады. Бәрін орнымен, рет-ретімен атқарып, ең бастысы, француз балуанының қарсы шабуыл ұйымдастыруына еш мүмкіндік бермей, тамаша жеңіске жетті.
Осылайша, Елдос Сметов өзінің ұлы спорттық ғұмырын олимпиада алтынымен түйіндеді. Енді ол спортта қалса да, осы қазір нүкте қойса да – бәрі жарасымды.
Даңқты балуан спорттағы барлық ірі жеңістерге қол жеткізді. Ол:
· олимпиада чемпионы (2024);
· әлем чемпионы (2015);
· Азия ойындарының чемпионы (2014);
· Азия чемпионы (2016);
· жастар арасындағы әлем чемпионы (2010);
· жастар арасындағы Азия чемпионы (2010);
· Гран При жеңімпазы (2018);
· «Үлкен Дулыға» жеңімпазы (6 рет).
Есей Жеңісұлы