Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:30, 20 Тамыз 2024

Paris-2024. Көршің күшті болса...

1
1

Әуелгі сөз – қазіргі қазақ болмысы хақында

Париж олимпиадасы желідегі қазаққа бүкіл нашар болмысын, адамсыздығын көрсетуге мүмкіндік беріп жатыр. «Мырза аға кетсе, құрамада мен де қалмаймын» деген боксшы Сәкен Бибосынов айтты делінген пікір астындағы сөздерді оқысаңыз, жаныңыз түршігеді. Басқасын былай қойғанда, «артыңнан бір уыс топырақ» дегенге келетін сөздер де жүр. «Шымбергеновті ала кет», «Талай таланттың бағын байлаған ағайыңмен қоса қараңды батыр» дейтіндей Бибосынов халық жауы ма еді? Неге біздің халық осынша керауыз, обалсыз болып кетті? Күні кеше сол Сәкен әлем чемпионатында топ жарғанда төбесіне көтерген ақжарылқап қазақ қайда кетті? Біздің жадымыз сонша келте ме? Әлде «олимпиадаға аттанған 79 спортшымыздың барлығы тек алтын жүлде әкеледі» деген бағдарламамен кетіп пе еді? Әлде қарсыластардың барлығы «қазақтар ғана озсын» деп жолды босатып, жиекте қол соғып тұра ма? Ең бастысы, жоғарыдағы сөзді Сәкеннің өзі жазбағаны анықталды. Демек, біреу отырған да, боксшының атынан өтірікті бұрқырата салған. Сөйтіп, хайп қуған.

Ал сөз деген – ең киелі нәрсе. «Жүйесіз сөз иесін табатынын» қазақ баяғыда айтқан. Ертең осы сөздердің барлығы иесін табатынына күмән болмасын.

Біз, өкінішке қарай, ісі мен сөзіне есеп бере алмайтын тоғышар халыққа айналып бара жатырмыз. Осындай пікір жазатындардың дені – жастар. Яғни олар бөстекі, бұралқы, еш есебі жоқ бос сөзге әуес деген сөз. Өздері тышқан мұрнын қанатпай, ТикТок пен Инстаграмдағы видеоларды сапырып жүріп өмірін өткізуі мүмкін, бірақ бәрін сынауы керек. Өзі ештеңе түзетпейді, бірақ басқаның түзелуін талап етеді.

Біз осындай халық болып кеттік. Өкінішті...

Төрт тарапың да – мықты

Осындай «пікіршілердің» ерекше дәлелі бар: «әне, көрші Өзбекстан 8 алтын алды, біздің жалғыз алтын қай жыртығымызға жамау болады?» дейді бәрі. 2000 жылы, қазіргі сыншылардың басым бөлігінің әлі он екіде бір нұсқасы жоқ кезде қазақ спортшыларының үздік 20 ел қатарына енгенін олар біле ме?

Жарайды, дәлелмен сөйлейік.

Париж олимпиадасында бізге көрші елдердің барлығы өте тамаша өнер көрсетті. Демек, ұмтылатын биікті алыстан іздемей-ақ, қоңсы қонған елдердің табысын нысанаға алсақ та жеткілікті. Қытай құрамасы олимпиаданың соңғы сәттерінде АҚШ-тан күміс жүлдесінің аздығынан ғана екінші орынға сырғыды. Әйтпесе, Аспанасты елінің өкілдері 40 алтын жүлде жеңіп алып, әлемдегі бірден-бір спортшы ел екенін дәлелдеді. Өзбекстанда – 13 жүлде, оның 8-і – алтын. 16 спортшысы қатысқан Қырғызстан 6 жүлдемен (2 күміс, 4 қола) қайтты. Ресей 15 еркін спортшысын жіберді, 1 күміс иеленді. Олар толық құраммен қатысса бәсеке қандай болатынын жанкүйер қауым жақсы біледі.

Демек, біздің төрт тарап та – мықты. Енді «ТМД-да қалсақ, Ресейден ғана қаламыз» деген сөздің еш мәні жоқ. Кеше табысыңа қызыға қарайтын көршілер бүгін сені қызықтыруға жарады. Демек, олар өсті. Енді бізге де шегінер жол жоқ.

Өзбектер қалай өсті?

Токио олимпиадасынан бергі бір олимпиялық цикл осы жолы дәстүрлі төрт жылға емес, үш жылға ғана созылды. Яғни 2021 жылғы олимпиададан бері үш жыл өтті. Осы уақыт аралығында Өзбекстаннан спорт саласында қаншалық өсті? Олар қандай спорт түрлерінен ерекше көзге түсті?

Бокс. Өзара қатты бәсекелесетін осы спорт түрінде негізгі екі өлшем бар: Азия ойындары және әлем чемпионаты. Токио олимпиадасынан бері осы екі сын да бір-бір реттен өтті. Екеуінде де Өзбекстан құрамасы Қазақстаннан алда болды. Азия ойындарында олар 3 алтын алды. Қазақстаннан финалға жалғыз боксшы (Қ.Қоңқабаев) ғана жетіп, финалда өзбек Жалоловтан жеңілді. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында Қазақстан 4 алтын алып дүрілдеп еді, Өзбекстан 5 алтынмен бәрібір алда болды.

Енді мына заңдылыққа қараңыз. Азия ойындарында Өзбекстан құрамасынан шыққан 3 чемпион әлем чемпионатында да, Париж олимпиадасында да алтыннан алқа тақты. Яғни Хасанбай Досматов, Әбдімәлік Халоков және Баһадүр Жалолов осы олимпиялық цикл бойынша өздерінің теңдессіз екенін барлық мәртебелі сындарда дәлелдеді. Бізде осындай үйлесім, жалғастық болды ма? Парижде Өзбекстан құрамасы бұған дейін әлсіз саналған 71 келіні күшейтті (Саиджәмшит Жафаровтың орнына 67 келіден Асадқожа Мүйдінқожаевті жылжытты), 92 келіге Жалоловтың негізгі бәсекелесі Ләзизбек Моллажановты тұрақтандырды. Сөйтіп, Париждің бес алтынын иеленіп, басқа жұрттың бәрінің аузын айға қаратып кетті. Арасында біз де бармыз.

Өзбекстан құрамасы Азия ойындарынан-ақ олимпиада жолдамаларын көптеп иеленді де, Парижге дайындықты ерте бастады. Біз жолдама түгендегенше көктем бітті, сөйтіп, «толық құраммен барамыз» деп көңіл тоғайтқанша-ақ уақыт өте шықты.

Әйелдер боксында Өзбекстан әлі мықты емес. Олар олимпиадаға төрт қызын қосқанымен, арасында Навбахор Хамидова (66 келі) ғана ширек финалға дейін барды. Кейінгі екі әлем чемпионатында өзбек қыздары 3 қола ғана иеленді (Қазақстан еншісінде 3 күміс, 8 қола бар). Демек, Назым Қызайбайдың Париждегі қоласы біздің аз ғана үстемдігімізді растап тұр.

Дзюдо. Біз Елдос Сметовтің (60 келі) табанды еңбекпен қол жеткізген алтынына қатты қуанып жатқанда, өзбектер бұл спорт түрінде жаңа биікке көтерілді. Олар 2022 жылдан бергі үш әлем чемпионатында 2 алтын, 3 күміс, 3 қола жеңіп алса, Қазақстан 3 қоламен шектелді (Сметовте – 1, Әбіжақыновада – 2 қола). 2023 жылғы Азия ойындарында біздің еншімізде 1 күміс, 4 қола болса, Өзбекстан дзюдошылары 3 алтын, 2 күміс, 4 қоламен жалпы есепте тек жапондарға ғана есе жіберді.

Париж олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс алды, ал Өзбекстан 1 алтын, 2 қолаға қол жеткізді. 52 келіде күрескен Диора Келдиорова өзбек қыздары арасынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атанды.

Күрес түрлері. 2021 жылдан бері күрес түрлері бойынша екі елдің де көрсеткіші аса мәз болған жоқ. Әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасынан күміс жүлдеге Жәмила Бақбергенова (72 келі) қол жеткізген болса, Өзбекстанды да олимпиялық санатқа кірмейтін 82 келіде Жалғасбай Бердімұратов (грек-рим күресі) алға сүйреп бақты. Былтырғы әлемдік додада «қазақ жастары арасынан тұңғыш әлем чемпионы шықты» деп бөркімізді аспанға ата қуанғанмен, Ризабек Айтмұқанның салмақ дәрежесі де (92 келі) олимпиада бағдарламасында жоқ еді. Сондықтан біз еркін күрес шебері Азамат Дәулетбековтің (86 келі) екі әлем чемпионатында қол жеткізген қос қоласынан қатты үміттендік.

Париж олимпиадасы күтпеген жүріс жасады. Өзбекстан құрамасы сапына биылғы қаңтарда ғана қосылған бұрынғы ресейлік балуан Разамбек Жамалов 74 келіде (еркін күрес) олимпиада чемпионы атанды, ал 57 келіде Ғұламжан Абдуллаев қола тұғырдан қол бұлғады. Біз жалғыз Демеу Жадыраевтың (77 келі) жеңіп алған күмісін қанағат тұттық. Тағы да көршілерден қалдық.

Қырғыздар күрес түрлерінен бес жүлде жеңіп алды (1 күміс, 4 қола). Олардың кейінгі жылдардағы табыстарының кездейсоқ еместігі Париж кілемінде тағы дәлелденді.

Таеквондо. Токио олимпиадасынан бергі екі әлем чемпионатынан Өзбекстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлде иеленіпті. Қазақстан құрамасы еншісінде – 0 медаль. Біз олимпиадада Қазақстан атынан қатысатын 18 жастағы Батырхан Төлеуғалиды «ең жас спортшымыз» деп дәтке қуат тұтып жүргенде, өзбектер арасынан Ұлықбек Рәшитов (68 келі) екі дүркін олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді. Ол аз болса, кейінгі әлем чемпионаттарынан жүлдесіз қайтпайтын Светлана Осипова (+67 келі) Парижден күміс жүлде тағып қайтты. Тағы екі спортшысы үздік бестікке кірді. Біздің екі таеквондошы 1/8 финалмен шектелді.

Ауыр атлетика. Қазақстан зілтеміршілері «қорап-қорабымен» допингтен тұтылып жатқанда, Өзбекстан бұл спорт түрінен де екі дүркін олимпиада чемпионын шығаруға шақ қалды. Токио олимпиадасында топ жарған Әкбар Жураев (102 келі) бұл жолы қытайлық Лю Хуанхуадан екі ұпай ғана кем жинап, күміске қол жеткізді. Өзбекстанның тағы екі спортшысы үздік ондық қатарынан көрінді.

Жеңіл атлетика. 2022 жылғы әлем чемпионатында Нора Жеруто (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру) топ жарып, Қазақстанға алтын жүлде сыйлады. Бірақ кейін басы дауға шатылып – бір, өмірге сәби әкелетін болып екі іркіліп, Жеруто өз басымен әуре болып кетті. Париж олимпиадасында оның бабы мықтылардан әлдеқайда кем екенін көзбен көрдік. «Жұрттың легионері – легионер, біздің легионер – жүрген бір ер» деген ащы сөз де осындайда шығады.

Әрине, Париж олимпиадасында екі елдің жеңіл атлеттері қатты қуанта алмаса да, бәрібір өзбекстандықтардың көрсеткіші тәуір болды. Біздің Жеруто стиплчезден маусымдағы ең үздік нәтижесін көрсетсе (9 орын), өзбекстандық биіктікке секіруші Сафина Садуллаева 1,95 м нәтижемен финалда өнер көрсетті. Біздің Н.Дубовицкая (1,83 м) мен Е.Матвеева (1,88 м) күнделікті жақсы нәтижелерін де қайталай алған жоқ.

Салыстырмалы түрде. Әрине, барлық спорт түрі бойынша өзбек спортшыларынан қалыңқы болдық десек, артық айтқан болар едік. Біздің садақшылар, академиялық есушілер қарайлас өнер көрсетті, семсерлесушілер озыңқы болды, спорттық гимнасттарымыз әлдеқайда жақсы нәтижелерімен көзге түсті. Дегенмен Өзбекстаннан үйренетін дәстүр біреу: алтын шыққан жерді белден қазу керек.

Біз бокстағы жеңіс дәстүрінен айдын-күннің аманында көз жазып жүргенде, олар екі дүркін олимпиада чемпионын бір емес, екіден шығарды (Досматов пен Жалолов). Өзбекстандық таеквондошы Ұ.Рәшитов Токио додасынан бергі әлем чемпионаттарында жалғыз қола алып еді, Парижде қайтадан чемпиондық тұғырға көтеріліп отыр.

Ал бізде ше? Токиодан бері нәтижесін күрт жақсартқан кім бар? Елдос Сметов пен Демеу Жадыраев. Яғни бұрын олимпиадаға қатысқандар ішінен осы екеуі ғана жүлдеге жетті. Ал Нұрбек Оралбай, Нариман Құрбанов, Назым Қызайбай, Александра Ле мен Ислам Сәтбаев, Ғұсман Қырғызбаев сияқты спортшыларымыз олимпиадаға тұңғыш рет қатысты. Күні ертең ардагерлер санатындағы Сметов, Қызайбай, Қырғызбаев, Жадыраевтардың тағы бір олимпиялық циклді өткеретініне көзіміз толық жетпейді.

Демек, біздің спорт жаңаруды қажет етеді. Жүлдеге сәл жетпей тоқтаған Әбиба Әбужақынова, Милад Кәрими, Әмір Маймұратовтардың шеберлігін шыңдай түскені өз алдына, олардың қатарына талантты жастарды көптеп қосуымыз керек.

Ескіні дамыт, жаңаны ұмытпа!

Біз баяғыша бокс пен күрестен ерекше табыстар күтеміз. Осы жолғы 7 жүлденің бесеуі (дзюдоны қосқанда) осы бағдарламалардан екені де рас, бірақ О.Шишигина, Д.Карпов, О.Рыпаковадан кейін жеңіл атлетика дәстүрін үзіп алғанымызды ойлауымыз керек. Д.Баландиннен кейін енді қашан жүзуден олимпиада чемпионы шықпақ?

Олимпиада қарсаңындағы «минус 1» қадамын да тереңірек, тіпті қатал қарастыру қажет. Әйтпесе теннисші Е.Рыбакинаны фавориттер қатарына күнібұрын қосып алып, дәл қажет сәтінде жер тепкілеп қалғанымыз да жақсылық болған жоқ. Олимпиада жақындағанда жүлде алуы ықтимал спортшылардың денсаулығына аса мұқият қарамай болмайтынына осы жолы тағы көз жеткіздік.

Ал Қытай соңғы жылдары жеңіл атлетика, жүзу спорты сияқты мәртебелі бағдарламаларда күрт өсті. Үстел теннисі, бадминтон, суға сүңгу секілді екінің бірі тәуекел ете бермейтін спорт түрлерінде Аспанасты елінің өкілдерімен шендесер ешкім жоқ. Қытай спортшылары өздері қатысқан 33 спорт түрінің 21-інен жүлде иеленді, оның 13-інде алтын алды. Ауыр атлетика, мылтық ату, гимнастикадағы жеңіс дәстүрін одан әрі тереңдете түсті.

2028 жылғы Лос-Анжелес олимпиадасының бағдарламасында брейкинг, бокс сияқты спорт түрлері болмауы ықтимал. Қазіргі бессайыс пен ауыр атлетика заман талабына сай өзгерістер жасай алды, сондықтан олардың орны сақталды. Енді келесі ойындарда сквош, флаг-футбол, бейсбол, лакросс, крикет жарыстар санатына қосылады. Ескі спорт түрлерін дамытуды құнттай алмай жүргенде, жаңа спортқа мойнымызды бұрып үлгереміз бе? Бұл да үлкен мәселе.

Есей Жеңісұлы

Тегтер: