Париж-2024: Жолдама аз, жоспар көп
Индонезия астанасы Жакарта қаласында нысана көздеуден өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына екі жолдама жеңіп алды.
50 метрден 3 позицияда нысана көздеу бағдарламасында Александра Ле, тапаншамен 50 метрден ату сынында Никита Черюкин енді жазда ел намысын олимпиадада қорғайды.
Жалпы күні бүгінге дейін Қазақстан спортшылары Париж олимпиадасының 18 жолдамасын иеленді. Олар – садақ атудан командалық сынға және жеке сынға қатысушылар (атаулы жолдама емес), бокстан Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова (атаулы), веложарыстан тас жол сыны (екі жолдама, атаулы емес), жеке сын (атаулы емес), спорттық гимнастикадан Милад Карими (атаулы), қазіргі бессайыстан Георгий Борода-Дудочкин мен Елена Потапенко (атаулы), нысана көздеуден жоғарыдағы екі жолдамаға қоса, ерлер арасында 10 метрден тапаншаман ату және әйелдер командасының 50 метрден 3 позициядан ату сыны (атаулы емес), еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі, атаулы емес), грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов (97 келі, атаулы емес).
Бір қарағанда, жолдама саны тым аз сияқты. Бірақ іріктеу сындары енді күш алатынын ескерсек, қоржынымыз толыға түсетіні күмән тудырмайды. Жауапты органдар қазақ спортшыларының жолдамалар саны 100-ге жуықтайтынын айтады.
2020 жылғы Токио олимпиадасына 94 спортшымыз 20 спорт түрінен сынға түсті. 8 қола жүлде жеңіп алды. Өзі қатысқан олимпиадалар тарихында тұңғыш рет Қазақстанның бірде-бір спортшысы финалға шыға алған жоқ, алтын да, күміс те уысымызға түспеді. Өткен жылғы Азия ойындарынан кейін спортқа ел басшылығы да баса назар аударып, сынға алып, салалық министрлікке көп жүк артты. Сондықтан әзірге жауапты органдардың мамандары жалпылама «100-ге жуық жолдама жоспарлап отырмыз» дегенде, Токиоға қатысушылардан кем болмайтынын назарда ұстап отырғанын түсінуге болады.
Біз әдеттегідей бокстан ерлер құрамасының толық құраммен қатысуын күтеміз. Одан бөлек теннисші Елена Рыбакина жолдама алып қана қоймай, фавориттердің бірі ретінде қарастырылуға тиіс екенін шамалаймыз. Дзюдошылар, басқа үш күрес түрінің өкілдері де жолдамалар санын арттыруға тиіс. Жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, ескек есу, семсерлесу, жүзу, таэквондо сияқты спорт түрлерінен де үмітіміз жоқ емес. Командалық спорт түрлерінен де жолдамалар әлі толық ойнатылған жоқ. Каратэнің олимпиада бағдарламасынан сызылып тасталғаны өкіндіреді. Әйтпесе, осы спорт түрінен тіпті олимпиада алтынын да күтуге болар еді.
Әрине, жолдама алу бар да, олимпиада жолдамасына нақты қол созатындар да бар. Бірақ әзірше олар туралы айту ертерек. Рио олимпиадасынан кейін қазақ спортының әлі де толық еңсе түземегенін Токио додасы да, кешегі Азия ойындары да анық байқатты.
Есей Жеңісұлы