Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:25, 14 Ақпан 2025

Парижде Ресей елшілігінің жанында орналасқан көшеге Навальныйдың есімі берілді

Париждегі  Навальный көшесі
Париждегі Навальный көшесі. Фото: RFI

Франция астанасының басшысы Париждегі көшеге марқұм ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың есімін беруді бірауыздан мақұлдады. Ресей елшілігінің ғимараты осы көшеден 400 метр қашықта орналасқан.

Париж муниципалды үкіметі қаланың 16-шы округіндегі көшеге ресейлік саясаткер Алексей Навальныйдың есімін беру туралы шешімді мақұлдады. Тиісті шешімге Париж кеңесінің барлық 163 депутаты дауыс берді.

«Париж әкімшілігі Алексей Навальныйды Владимир Путиннің диктатурасына қарсы күрестегі рөлі үшін мойындады», - делінген Франция астанасының әкімдігі таратқан хабарламада.

 «Новая газетаның» хабарлауынша, көше Ресей елшілігі ғимаратынан 400 метр қашықтықта орналасқан.

1
Фото: Google Maps


Қалалық әкімдік Алексей Навальный көшесінің ашылу салтанатының қашан болатынын әзірге білмейтіндерін айтты. Бұл бірнеше айдан кейін ұйымдастырылады деген болжам бар.

2024 жылдың мамыр айында Париждің 16-шы округінің кеңесі аудандағы көшелердің біріне Навальныйдың есімін беруді мақұлдаған. Париж әкімдігі бұл шешім екі себепке негізделгенін айтты: тарихи тұрғыдан бұл аудан орыс диаспорасының мекені, ал Ресей елшілігі осында орналасқан.

«1932 жылы қабылданған қалалық қаулы қоғамдық орынға атау бергенге дейін бес жылдық күту мерзімін белгілесе де, Париж кеңесі жеке адамның жетістіктері мен қосқан үлестерінің маңыздылығына байланысты ерекшелік жасау құқығын өзіне қалдырады», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың қарашасында Лиссабонда ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың құрметіне мемориал орнатылған болатын. Үш тілде «Берілме» деген жазуы бар ескерткіш Ресейдің Португалиядағы елшілігінен 100 метр қашықтықта орналасқан.